Мақаттықтар «Атырауға» мұңын айтты

Жаңалықтар

atr.kz/11 қыркүйек, 2020 жыл. Аудан жұртының жұмысқа жетіп, күнделікті күйбің тірліктің қамымен көшеге шыққан кезінде біз де аудан орталығына келіп тоқтадық. Таңертеңгі тоғыздың шамасы. Қызу тірлік – базар маңында ғана. Басқа көшелерде бірен-саран ғана ауыл тұрғындары байқалады.

– Жасымыз да біразға келді. Карантин басталғалы далаға шығуға тіптен қорқып қалдық. Сондықтан бір шыққанда бірнеше жұмысымызды бітіріп келуге тырысамыз…

 Бізге алғаш жолыққан кент тұрғыны, зейнеткер Разия Тайбекова таңертеңгілік асығыс жүрісін осылай түсіндіре келе, өзін мазалайтын ауылдағы мəселелер туралы айтты. 1989 жылы пайдалануға берілген көп қабатты үйдің ауласында балалар ойнайтын алаңның жоқтығына алаңдайтын ол «ең болмаса ауламызға топырақ төгілсе» деген ойын айтты. Немерелерінің онлайн оқу жүйесіне сай, бірқатар қиындықтарға кезіккенін де атап өткен байырғы кітапханашы апай «бұл – уақытша қиындықтар ғой, талапты сақтап, жиын-тойға да барған жоқпыз, індет тезірек кетсе» деген тілегін жеткізіп, аяқ киім шеберханасына қарай асыға адымдады.

Келесі кезіккен теміржол саласынан зейнетке шыққан Бақтығали ағай да əңгімесін той тақырыбынан бастады.

– Халықты ысыраптан сəл де болса тыйған бұл шектеулердің жақсы жағынан сабақ алсақ екен. Ақшамыз қалтамызда қалды. Аста-төк дастархан басында, танымайтын адамдар арасында отыруды ұнатпайтынмын. Біртебірте адам санын шектеп шақыру туралы арнайы заңмен бекітілсе, қарсылықсыз құптар едік, – дейді ол.

 Базардағы бағаның шарықтауы қалталарға оңай соқпайтынын жеткізген тұрғын: «Бағаны бұғаулауға бола ма? Əкімдікке барсаң, осыны сұрашы, шырағым» деген өтінішін жеткізді.

 – Айтпақшы, ауданымыздың барлық тыныс-тіршілігі, мəселелері осы күні Telegram дей ме, сол арқылы шешілетін болыпты. Оны маған кемпірім айтты. «Проблема болып жатса, жазамыз» дейтінді шығарыпты. Соған қарағанда, айтылған мəселе аяқсыз қалмайтын болса керек, – деді ол.

Біз де өз кезегімізде азық-түлік бағасына қатысты мəселені қойын дəптерге түртіп алып, қош айтыстық. Малым бар. Жерім жоқ! Шаң басқан көлігінен-ақ, алыс жолда жүрген жан екенін байқап, келесі кездескен жанды сөзге тарттық.

Берік Нұғымашев – ата-анасынан қалған мал шаруашылығы саласын өрістетуге ниетті, еңбек адамы.

 – Бұрын үлкендер жайлауда отырып баққан азын-аулақ малдың басын бүгінде көбейтіп келеміз. Тіпті, арнайы техника алып келіп, құдық та қазып қойдым. Алайда, шаруа қожалығы ретінде құжаттарымды заңдастырып, кəсібімді кеңейтуге жер жоқ болуы себепті мүмкіндік тумай тұр. «Бір күні мына жерде заңсыз отырсың» деп тиісті орындардан біреу келсе, менің халім не болмақ? – дейді əңгімелесушіміз.

Айтуынша, күні кеше өткен жерді ұзақ мерзімге жалға беру конкурсынан құр алақан қайтқан шаруагерге əкімдік əлі де үмітін үзбеуді айтыпты.

 – Мал азығын көршілес Қызылқоғадан аламыз. Ауданымыз да өздеріңізге белгілі, мал өсіруге аса қолайлы болмағандықтан, ет-сүт өнімдерін өзімізден өндіруге мүмкіндік аз. Осы олқылықтың орнын жергілікті шаруа қожалықтарын дамыту арқылы толтыруға болады. Сол

кезде біз де табиғи ет-сүтпен ауылдастарымызды қамтуға қол жеткізер едік, – деген шаруагердің айтқанына қатысты тиісті құрылымға арнайы сауал қоюға уəде еттік.

Ұзақ мерзімді ипотека

 – Былтыр қараша айында қоныстой тойлап, жылдар бойы пəтер жалдап жүрген біз секілді бір топ баспана иелерінің қуанышы көпке бармады. Кезекте тұрып, қол жеткізген баспанамыз үшін ай сайын төлем төлеуге тиістіміз. Оның үстіне келісім-шартта мерзімін тым ұзақ көрсеткен. Біз көп балалы, аз қамтылған санатқа жататын, қарапайым тұрғындармыз. Осы мəселеге қатысты біраз сауалымыз болғанымен, жергілікті əкімдікке барып көрмеппіз. Бір ғана зейнетақыға күн көріп немесе əлеуметтік төлем алып отырсақ та, пəтер төлемін кешіктірмеуге тырысамыз. Өйткені мерзімінен кешіксек, үстіне қосымша ақы қосылады.

Бұл ипотекалық үй ме, төлейтін есеп-шот нөмірі неге ауысты? Білуімізше, Құлсарыда осы секілді берілген үйге тұрғындар ешқандай ақша төлемейді. Біз неге төлеуге тиіспіз? – деп, бір топ тұрғын өтініш айтты. Баспанаға қатысты мəселеге басын ауыртқан тұрғындардың мұңын тыңдаған соң, нақты жауабын басылым бетінен оқуға мүмкіндік болатынын айттық.

Ал, аты-жөнін атамауды өтінген 4 баланың анасы: «Менің телефоным – қазір байланыс құралы ғана емес, балаларымның оқу құралына да айналып отыр. Өзіміз үшін үйге интернет тартқыздық. «Қолдау бола ма?» деген сауалымызға «Мүмкіндік болса, «Атамекенім» порталы арқылы қарастырылады» деген жауап алдық. Екі балам мектеп жасында, үлкендері колледжде оқығанымен, жұмыс таба алмай отыр» деп, өз жайын жеткізді.

Базарға бардым

Аудан тұрғындарының негізгі бас қосар жері – орталық базар. Біз де осы нысанға қарай бағыт алдық. Тоқсаныншы жылдардың кезіне тап болғандай əсермен, «Барыс» базарына кірдік. Əуелгі сəтте сауда жасауға ниеттенген адамдай, бағаларын біліп, саудагерлерді сөзге тарттық. – Əй, шырағым-ай, жас болса жетпістің бесеуіне аяқ артты. Сауда – табыс көзі емес қой, мен үшін алданыш. «Жап» деген кезде жаптық, «аш» деген кезде келіп, тиісті санитарлық заттарды алып қойдық. Қаладағыдай емес, келушілер легі өте аз екенін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Ауылдың адамдары ғой, танитын болғандықтан, қарызға да береміз. Жалпы, осы уақыт ішінде табысынан айырылған өзге саудагерлерге барып көрші, қызым. Мен шүкірмін ғой. Ауыл адамы ретінде бір ғана айтарым, қылмысқа қатысты алаңдаушылық білдіреміз. Бала өсіріп отырғандықтан, у а й ы м д а й т ы н ы м ы з а н ы қ .

 Қылмыс көбейіп, ашылуы азайып барады. Немерелерім қыз бала болғандықтан, көп ретте кешкісін үйден шығармауға тырысамыз, əкелеріне сыбырлап, ескертіп отырамын, – дейді Ақырыс есімді əжей. Өзі тұратын мекен-жай бойынша қоқысты жəшікке жеткізбей лақтырып кететіндерді де əжей ерекше атап өтті. Аядай ғана базар ішінде «бөтен» адамдардың жүргені туралы дерек тез жетсе керек, бірінші сауда дүңгіршегінен шыққан бойдаақ, «өзін базар басшысымын» деп таныстырған кəсіпкер бізбен сөйлесуге ниет танытты.

 – 31 наурыздан бері, базар екі рет ашылып жабылды. Үш жылға салықтан босатылғанымыз бізге көп көмек болды. Базардағы саудагерлерден жалдау ақысын талап еткен жоқпын. 50 шақты нүкте бар. Негізінен киім-кешек сатылады, – деді Жолдасқали Аманиязов.

– Алда əлі жоспар көп, соларды жүзеге асырып, базарды дамыту үшін вирустың тезірек жойылуын тілейміз. Əйтпесе, жоқ» деген жауап алған. «Біз үшін қазір ол маңызды емес. Бастысы, мəселемізге «индивидуально» қарап, демалыс күндері сауда жүргізуге рұқсат берсе» дейді олар.

Онлайн оқып жүр оқушылар

 Сапар барысында Мақаттағы іргелі білім ордасы Х.Санбаев атындағы орта мектепке арнайы бас сұқтық. Есік алдындағы қызметкер келу себебімізді сұраған соң, директордың бөлмесін нұсқады. Дəліздегі жаңадан сызылған ара қашықтықты сақтауға қатысты белгілердің су жаңа екені байқалады.

 «Мына жерге жайғасып, үлгімен танысып шығыңыз» деді бізді қарсы алған тағы бір қызметкер. Алғашында, жаңашылдықтың бірі болар дедік, сөйтсек мəні басқа екен. Мəнжайымызға қаныққан директор бізді бөлмесіне өткізді.

– Балаларын мектепте оқытуға ниетті ата-ана көп. Өтініш əлі түсіп жатыр. Əр сыныпта 15 баладан оқуға рұқсат берілген. Жасақталған 12 кезекші сыныпқа күні бүгін 75 оқушы жинақталды. Келушілер əлі де көп, – деген мектеп директоры Нурия Меңдалиеваның сөзі бізге таныстырылған үлгінің не екенін айқындап берді.

Білгеніміз, аталған мектептің оқушылары арасында білімнен тыс қалған оқушы жоқ. Құрылғы қажет оқушыларға мектеп компьютерлері уақытша мерзімге берілген. Бірақ əлі 58 отбасына интернет қажет. Олар дəл қазір сабақты телефон арқылы оқып жүр. Роутер алу, таяу күндері жергілікті əкімдіктің қолдауымен «Білім» тарифына қосылатын жаңа SIM-карта алу арқылы мəселе шешілмек.

Арнайы комиссия əлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы 112 оқушыны анықтап, министрлік тарапынан мектепке берілетін қаржының 1 пайызын құрайтын «Оқу қорының» есебінен көмек көрсету жолдарын қарастыруда.

 – Бұл іріктеу отбасылық кіріске байланысты. Яғни, жан басына шаққандағы табыс көлемі 31234 теңгеден асса, қаражат берілмейді. Арнайы комиссия құрылды. Мамырдан бері атааналарға ескертіп, тиісті құжаттар талап еттік. Тізімге енбеген атааналар əлі өтініш беріп жатыр. Сондықтан, қосымша тізім жасақтап отырмыз. Бүгінгі күні 7 өтініш тіркелді. Оларға ақшалай емес, демеушілер есебінен қолдау білдіру қарастырылуда, – деді директор.

 Сауал бізден…

Жарты күнде аудан орталығын жаяу аралап шығып, кент тұрғындары айтқан мəселелердің шешілу жолы, ауданның тыныс тіршілігі, жергілікті əкімдіктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысында атқарып жатқан жұмыстарының жайжапсарын білмек болып, аудандық əкімдікке бет алдық. Бұқара үнін жеткізе келгенімізді айтып, Мақат ауданының əкімі Шəкір Кейкиннің қабылдауына кірдік. Бастапқыда ескертпей келгенімізге біраз «ыссылап» қалды, сосын жайдары əңгімелестік.

 – Ең алдымен, өзіңізді қаншалықты ашықпын деп есептейсіз. Халық əкімдікке еркін келе ала ма? – Сіздің кіруіңізге кедергі болды ма? Жоқ. Халық та дəл солай, еркін, қалаған уақытында келе алады. «Бүгін қабылдау күні емес» деген əңгімелер қазір қалды. Ашықтық бар, Telegram чат бар. Сол жерде мəселе айтылады, назарға алынады, шешіледі, жауабы беріледі. Халықтан бір нəрсе жасыру, айтпа деп шектеу қою қазір жоқ.

– Аудан тұрғындарымен кездескенде, өзіміз қанық болған мəселелер төңірегінде əңгіме өрбітсек. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға кедергілер көп. Олар жер, су мəселесі…

– Мал шаруашылығына қатысты су мəселесі облыс əкіміне де ұдайы қойылады. Бюджеттен оған қаржы қаралмаған. Қожалық иелеріне де осылай айтылды. Елді мекендерге «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы мемлекеттік бюджет есебінен ауыз су жеткізіледі. Ал, қожалық иелері өзара бірігіп, демеушілер есебінен жүзеге асыра алады. Жалпы, ауданда негізінен мұнай-газ саласы дамыған. Ауыл шаруашылығы үшін ауданның жері қолайсыз. Соған қарамастан ауданда бұл бағытта жұмыс жасайтын 39 қожалық бар. Оның төртеуі күні кеше ғана жер алды, тіпті, мал алып, ісін əлі бастаған жоқ. Аудан аумағында жерасты тұщы су көзі жоқ. Бұл гидрогеология саласының мамандары дəлелдеген мəлімет.

– Бізбен тілдескен тұрғын шаруа қожалығын ашуға жер ала алмай жүргенін жеткізіп еді…

 – Тайсойған полигонынан босаған жерді беру мəселесі қазіргі таңда облыс деңгейінде жүргізілуде. Қазан айында шешіледі деп күтудеміз. Тиісті құжаттар келген соң, заңдастыру бағытындағы жұмыстарды жүргізіп, бұл мəселені шешуге жұмыстанамыз.

– 6 0 п ə т е р л і к ү й тұрғындарының мəселесін тыңдадық. Олар ипотекалық несиеге алынған пəтерде тұра ма?

 – Жоқ. Олар қателесіп отыр. Ипотека емес, арендалық пəтер берілген. Қазір беріліп жатқан үйлердің бəрінің де талабы осы, бекітілген тəртіп ортақ. Баспанамен қамтудың басқа жолы əзірге жоқ. – Дəл осындай үй алған құлсарылықтар еш ақы төлемейді деген уəжге қатысты не айтар едіңіз? – Құлсарыдағы жағдай маған жақсы мəлім. Онда 2016 жылы тапсырылған үйдің тұрғындары – апатты үйден көшірілгендер. Ескі үйлері бұзылған соң, бұрынғы пəтердегі бөлмелеріне сай, бір, екі, үш бөлмелі пəтерлер берілді.

– А л , М а қ а т т а ғ ы ү й тұрғындары аз қамтылған санатқа жататындықтан, төлемге қатысты жеңілдіктер қарастырыла ма? Сонымен қатар, ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылыпты. Осыны түсіндіре кетесіз бе?

– Иə, келісім-шартта төлейтін ақы нақты көрсетілген. Тұрғындар сонымен келісіп, қол қойды. Бекітілген заңдылыққа сəйкес, бір пəтердің бағасы 18-19 миллион теңгенің шамасында. Егер жалдау мерзімін қысқартсақ, ай сайынғы төлем мөлшері қазіргіден де қымбатсып кетеді. Жалдау құнын төлеу мерзімінің ұзаққа белгіленуінің себебі осы.

– Ал, төлем жүргізетін есепшоттың нөмірі неге ауысты?

– Бұрын ақшасы ауданның есепшотына түсіп тұрды. Енді төртінші деңгейлі бюджет талабына сəйкес Мақат кенттік округі əкімінің бюджетіне түседі.

– Мектептердің ахуалы қалай? Санитарлық талаптар сақталған ба?

– Биылғы оқу жылында аудандағы 9 мектепке керекті санитарлық, дезинфекциялық құрал-жабдықтар алуға 17 миллион теңге бөлінді.

– Интернетпен қамтуда əкімдік тарапынан нақты көмек қарастырылған ба?

– Ж е р г і л і к т і ə к і м д і к аз қамтылған, көп балалы отбасылардағы əр балаға 25000 теңгеден көмек беруді қыркүйектен бастады, əлі жүріп жатыр. Өтініш бергендер саны – 660, бірақ əлі көбейетін түрі бар.

– Білім саласында маман тапшылығы бар ма? Біз барған мектепке 1 маман қажет екенін білдік… – А у д а н б о й ы н ш а 2 7 мұғалім қажет. Негізінген, орыс тілі мамандары қат. Мəселені «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы шешу қарастырылуда.

– Мектептегі санитарлық тораптарды ғимарат ішіне енгізу жайы қаншалықты шешілген?

– Барлық мектепте де əжетхана ғимарат ішінде орналасқан. Қазір сыртта, қолданылмай тұрғандарын бұзу мəселесі қаралып жатыр.

– Мақат атауымен криминал мəселесі қатар айтылады. Осымен келісесіз бе?

 – Криминалдық ахуалдың ауыр екенін жасырмаймыз. Бұл – үлкен мəселе. Таяуда ақсақалдар мен тиісті құрылым өкілдерінің басын қосып, осы тақырыпта мəжіліс өткіздік. «Түсінік жұмыстарын жүргізуде қателік жібердік пе, неге жасөспірімдер қылмысқа барады?» деген сауалдар төңірегінде пікір алмасып, нақты жоспарлар жасалды. Сын көп айтылатыны рас, облыстық деңгейде де мəселе көтеріліп келеді. Өз тарапымыздан апта сайын рейд ұйымдастырудамыз. – Қылмыс санына қатысты нақты көрсеткіштерді атасаңыз…

 – Биыл тіркелген қылмыс фактісі – 65, былтыр – 88, ашылуы – 65 пайыз. Қоғамдық орындарды ластау бойынша жыл басынан бері 74 материал толтырылса, көшеге қалдық тастап, темекі лақтырған 94 дəйек тіркелген.

– Азық-түлік бағасын бақылау мүмкін бе? Бұл да тұрғындар көтерген мəселе еді…

– Күн сайын бұл мақсатта 19 түрлі тағамның бағаларына бақылау жүргізіледі. Негізсіз өсіруге жол бермеу – негізгі меже. Алайда, былтырғымен салыстырғанда, баға өскен. Тағамдардың белгілі бір бөлігі импортталатындықтан, өсім келу, яғни, тасымал шығынына байланысты.

 – Біз тілдескен тұрғындардың барлығы да «тойға бармаймыз» деді. Алайда, «өткізіп жатқандар да бар сияқты, естідік» деген сыңайлы əңгіме айтты. Жүргізілген жұмыстардың нəтижесі нені көрсетті? Расында да тығылып тойлаушылар бар ма?

 – Халық қазір маска тағудың міндетті екенін біледі. Жүргізілген рейдтің арқасында жасырын той өткізудің 4 фактісі тіркелді. Тиісті хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бұл бағытта арнайы ашылған 12 ватсап чат бар. Сол жерде жалпы аудан бойынша нақты есеп жүргізіліп, ертеңгілік мəлімет тапсырылып отырады.

– Базардағы кəсіпкерлер айтады, «тұтынушы аз, базар шағын. Осыны ескеріп, бізге демалыс күндері жұмыс жасауға рұқсат берілсе» дейді…

– Шектеулер арнайы қаулының негізінде енгізіліп отыр. Ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі. Сондықтан, жабық базарларға рұқсат етілмеген.

(Сұхбатқа аудан əкімінің орынбасары, ішкі саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің басшылары куə болды).

Мақат ауданына арнайы сапарымыз аяқталды.

Біз өзімізше ой түйдік. Мақаттағы мәселелер жоғары деңгейде қаралуы

тиіс. Әйтпесе, бұл жайттар халыққа бұрыннан да таныс еді, әлі шешімін тапқан жоқ.

Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі қызметтік миссияны орындадық деген

ниетпен Атырауға аттандық.

Алда – өзге аудандар.


Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған