Маман жетіспейді: Атыраудағы жекеменшік балабақшалар қазіргі жағдайлары туралы айтты

00 1 Білім

Дүние жүзін дүрліктірген қауіпті індет қалыпты өмір ырғағын өзгертті. Шектеу шаралары шағын және орта кәсіпкерлікке, оның ішінде жекеменшік балабақшаларға қалай әсер етті? Мектепке дейінгі мекемелердің қазіргі тынысы қалай?

Бірлік пен төзім сыналған шақ

Бүгінгі күннің тақырыбына арқау болған осы сауалдар аясында біз алдымен «Таза бұлақ-Атырау» жекеменшік балабақшасына хабарластық. Білікті педагогбасшы Сәуле Отарбаева карантиндегі жұмыс жайын айтып берді.

– Нысан ауласында 100-ден аса ағаш бар. Карантиннің алғашқы кезеңінде олардың күтіміне, балабақшаның қауіпсіздік жүйесінің тоқтаусыз жұмыс жасауына маңыз берілді. Ата-ана, тәрбиеленушілерімізбен де байланысымызды үзбедік. Карантиннің бірінші күнінен бастап барлық топ қашықтан жұмыс жасады. Ал, мектепалды тобымыз бейне сабақтар арқылы оқу-тәрбие жұмысын жүргізіп, өткен оқу жылын аяқтадық, – деді аталған балабақшаның директоры Сәуле Отарбаева.

Оның айтуынша, карантин кезінде барлық шығын олардың өз қаражаты арқылы жабылыпты. Банк несиесі, қызметкерлердің еңбекақысы, басқа да төлемдер төленген. Ешкімге алақан жаймаған. Жеңілдік те сұрамапты. «Балабақша ұжымы сындарлы сәтте жұдырықтай жұмылып, уақытпен санаспай еңбек етті. Жаңа оқу жылын да қалыпты жағдайда бастап, жұмысымызды жалғастырудамыз» деді ол. «Таза бұлақ-Атырау» ЖШС – облыстағы бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан алғашқы жекеменшік балабақшаның бірі. Құрылғанына 13 жыл болған мекемедегі жұмыстың сапасы жоғары.

Алайда, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз. «Жекеменшік білім саласына көзқарасты өзгертетін кез жетті. Баламен жұмыс – жүрек қалауымен жасалатын іс. Мұны мектепке дейінгі мекемелермен айналысатын тиісті орын өкілдері жете сезінгендері абзал. Қазір балабақшаның тіршілігі қалыпқа түсіп келеді. Өзімнен бастап тазалықшы, тәрбиеші көмекшілеріне дейін қауіпті індеттен сақтану, алдын-алу талаптарына сай арнайы түбіртек-парақ бойынша жұмыс жасаудамыз. Бұрын да жасалынып жүрген тазалық шаралары ғой, бүгінде олар қатаңдатылған. Таза ауада көбірек серуендеуге, қимылқозғалыс ойындарын көбейту, сақтау шаралары туралы әңгімелесу, түсіндіру жұмыстарына мән берудеміз» деді сұхбаттасушымыз.

Карантинге дейін 120 орындық балабақша толық қуатында жұмыс жасаса, қазіргі мүмкіндіктері шектеулі болып тұр. Себебі, бірқатар ата-ана жұмысынан айырылса, кейбірінің бүгінге дейін дөңгелентіп отырған бизнестері тоқтаған. Көпшілігі баласының саулығына алаңдап, оларды балабақшаға жібермейді.

Бірақ, мекеме басшысы қазір топтағы әр балаға сапалы қызмет көрсетілетінін баяндады. Мемлекеттік мекеме: мүмкіндік шектеулі Жекеменшік балабақшаны ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қоя білген мықты мамандар ғана қолға ала алады. Сондай-ақ, олардың жұмыс сапасы кейбір мемлекеттік балабақшаға қарағанда жоғары болатыны рас. Сұхбаттасушымыз оның өзіндік себептерін де айтты.

– М е м л е к е т т і к ұ й ы м д а тәрбиешілердің мүмкіндіктері шектеулі деп есептеймін. Олар бекітілген стандарт бойынша ғана жабдықталады. Ал, қосымша жұмысқа керектіні өздері табуға мәжбүр. Топтағы бала санының көптігі тағы бар. Кейбір адамдар «балабақшада қосымша не жұмыс бар?» деп ойлауы мүмкін. Балалық деген шексіз әлем болса, бала қиялы да сондай. Біз сол шексіздікті немен толтырамыз? Әрине, бояумен, жарықпен, сазбен, әдемі сөзбен, керемет әуенмен, қысқасы әлемдегі бар кереметпен жұмыс жасау мүмкіндігі жекеменшік балабақшада мол деп ойлаймын, – деді ол.

«Таза бұлақ-Атырауда» қосымша білім беру жұмысына ерекше басымдық берілген. Өйткені, уақыттың өзі соны талап етеді. «Тек стандартты оқу қызметін жүргізіп, қарап отыруға болмайды. Бізді әлеуметтік желіден көріп жүрген оқырмандар біледі. Бір ғана мысал, балабақша ауласындағы балалар ойнайтын неше түрлі құмды Ресейден алдырдық. Оны Атыраудың мемлекеттік балабақшаларынан таба алмас едіңіз. Мүмкіндігі шектеулі деген осы» деді С.Отарбаева. Кадр мәселесі шешілсе…

Жекеменшік балабақшалардағы тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Мекеме директоры осы тиісті қажеттілік өтелсе деген ұсыныс білдірді. «Балабақшаны тиісті мамандармен қамтамасыз ету – бүгінгі басты мәселе. Мәселен, Атырауда балабақша медбикесі, саз жетекшісі, дене шынықтыру, бейнелеу саласы маманы және хореографы даярлана ма? Тәрбиеші неге жеткіліксіз? Тәрбиешілер қандай сапада даярланады? Арнайы оқу орындарының жұмысы бүгінгі талапқа сай ма? Олардың студенттері неге жекеменшік балабақшаға ең болмаса, өндірістік тәжірибеге жіберілмейді? Мені осы сұрақтар мазалайды» деді С.Отарбаева. Сондай-ақ, ол пандемияның екінші толқыны орын алған жағдайда облыс дәрігерлерінің оған дайын екендігіне, тиісті шаралар алынғандығына үмітті екендігін айтты. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының толықтай жабылмауына мүмкіндік береді.

«Қанағат қарын тойғызады…»

Ж о ғ а р ы д а ғ ы  ж а з б а  ө з – ө з і н қаржыландырып отырған жекеменшік балабақшадағы ахуал. Ал, мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет етіп жатқан мекемелердегі жағдай қалай? Олардың тынысымен танысу үшін Атырау қаласындағы «Зейнеп-Әмина» балабақшасына бас сұқтық. Ж е т і ж ы л б ұ р ы н а ш ы л ғ а н жекеменшік балабақшада бүгін 1000 бала тіркелген. Оның 874- і мемлекеттік тапсырыс негізінде қамтылған. Мемлекеттен әр балаға 37 247 теңге төленеді. Ата-ананың ай сайынғы төлемі – 20 мың теңге. Ал, толықтай коммерциялық бағытта қамтамасыз етілген балалар үшін айлық төлем 40-45 мың теңгені құрайды. «Қанағат қарын тойғызады» деген қағидаға берік балабақша директоры Зейнеп Назарбаева бұл соманы бірнеше жылдан бері тұрақты ұстап келе жатқанын айтты.

– Мен үйде 6 немере бағып отырған әже едім. Негізі медицина саласының маманымын. Осыдан 7 жыл бұрын жекеменшік балабақша ашуға ден қойдым. Алғашында аз ғана баламен осы жұмысқа тәуекел еттім. Бір жылда нысан 60 бүлдіршінге толды.

 Бірде «Атырау» шағынауданындағы мемлекеттік «Аққу» балабақшасы күрделі жөндеу үшін жабылды. Мұндағы 300 тәрбиеленуші бізге келді. Кейін мемлекеттік нысан қайта пайдалануға берілгенде бүлдіршіндердің 80 пайызы ата-анасының қалауымен бізде қалды. Әр жылдары бала саны көбейіп, сұраныс арта түсті. Соған сай қалада жаңа нысандарды аша бастадық. Қазір «Нұрсая», «Самал» шағынаудандарында, Бегарыс және Тайманов көшелерінде филиалдарымыз бар. Сонымен қатар, Құлсары қаласында 2 ғимарат жұмыс жасауда. Барлығындағы кезекші топтар жасақталды. Қазір мұнда 650 бала келіп жүр, – деді З.Назарбаева.

Сұхбаттасушымыздың айтуынша, барлық нысан жалға алынған. Бұл үшін ол ай сайын 9 млн. теңге жұмсайды. Сондай-ақ, 58 тәрбиеші мен 46 тәрбиешінің көмекшісі және басқаларын қосқанда барлығы 112 қызметкерге жалақы төлейді. Ал, карантин кезінде жұмыс тоқтады. Бұл қысылтаяң кезеңде осынша шығынның қалай өтелгені бізді бейжай қалдырмады.

– П ан деми я – бұ р ын – со ң ды болмаған, ешкім күтпеген сынақ болды. Бір күннің ішінде өзге нысандармен бірге, балабақшалардың да есіктері тарс жабылды. Осы жағдайға байланысты үлкен шығынды арқалау жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге қиын тиді. Сондай кезеңде нысандарды жалға берушілер бізге зор қолдау көрсетіп, ерекше адамгершілік танытты. Олар жұмыс қайта басталғанша ғимараттарды пайдаланғанымыз үшін ешбір ақы алмады. Соған байланысты жұмыс орындарын сақтап, қызметкерлер үйде болса да еңбекақысын толық төлеуге мүмкіндік болды. Тіпті, балалардың ойын алаңдарын жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп алуға жағдай туды, – деді мекеме басшысы.

«Ерекше» балалар да – назарда

Балабақшаға «ерекше» балалар да қабылданады. Арнаулы диагнозы бар бүлдіршіндер үшін әр балаға мемлекеттік тапсырыс негізінде 59 247 теңге белгіленген. Ал, атаананың ай сайын төлейтін сомасы – 50 мың теңге. Бұл көрсеткіш басқа жекеменшік ұйымдарға қарағанда әлдеқайда төмен. Қазір 100 «ерекше» бала бар. Алдымен ақша табуды емес, адами құндылыққа басым мән берген сұхбаттасушымыз қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан 100 баланы балабақшамен тегін қамтып отыр. Бұдан басқа, қайырымдылық айында мұндай санаттағы отбасылар үшін ай сайынғы төлемақыны 10 мың теңгеге белгілеуді қолға алды. Осы акция аясында жеңілдікпен 100 баланы қамту жоспарланған. Ал, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді ақысыз қамту жүзеге асырылады. О с ы н д а й ж е ң і л д і к т е р д і ұйымдастыруды жоспарлаған мекеме басшысы қандай кезең болса да ең алдымен өзгеге жылулық сыйлай білу қажеттігін баса айтты.

«Бала – Алланың бізге берген аманаты. Оларға ешқашан қиянат жасалмауы қажет. Төлемақыға байланысты ата-аналары қиналып жатса, оларға әрқашан түсіністік танытамын. Ай сайын төлейтін төлемдерді көбейту мәселесін де көтергенім жоқ. Алғашқы кезеңде белгіленген сома әлі күнге дейін сақтаулы. Кейбір балабақшалар бағаны шарықтатып, 80-100 мың теңге сұрайды. Барлық ұйым бір әдістемемен жұмыс жасауда. Олар аспандағы айды алып жатқан ештеңесі жоқ.

Сондықтан, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі керек деп ойлаймын. Жан-жағымызға барынша жылу сыйлай білсек, қолжетімді орта қалыптастырсақ, қалғаны өзі-ақ реттеледі. Ең бастысы халық көңілінен шығып, нәтижелі қызмет ету маңызды. Бұл үшін ай с айынғы төлемақыны азайтып, тұрғындарға қолжетімді баға ұсыну керек» деді сұхбаттасушымыз. Бала тәрбиесіне ерекше ден қойған кәсіп иесі оларды дәруменге толы ассумен тамақтандыруға да мән береді. Табиғи таза ет өнімдерімен, көкөніс пен жеміс-жидектермен қамту үшін мал, бау-бақша шаруашылықтарын да отбасы мүшелері дөңгелентіп отыр. Ас атасы – нанды да өздері пісіреді. Шешімін таппай тұрғаны – табиғи сүт мәселесі…

Байқасақ, карантин жекеменшік балабақшалардың әрқайсысына әрқалай әсер етуде. Бірі өз күшімен тығырықтан шығып жатса, екіншісі, мемлекеттік тапсырыс аясында қиындықты еңсеруде. Енді бірі филиалдарының санын азайтып, жұмысты тоқтатуға мәжбүр. Бұған дейін газет тілшісіне берген сұхбатында «Знамус» балалар дамыту орталығының директоры Зейнеп Астраханцева төтенше жағдай жарияланғаннан бері 12 қызметкерінің жұмыстан шығып кеткенін айтты. Олардың қатарында директордан бастап, аспазға дейінгі түрлі сала мамандары бар. Мұның басты себебін ол алғашқы кезеңдерде жұмыссыз отырған мамандарына жалақы төлеудің мүмкіндігі болмағандығымен түсіндірді. Өйткені, оның балабақша ісіне орай алынған қомақты несиесінің ай сайынғы төлемақысы – 2 миллион теңге.

«Бұл жағдай бізге үлкен қиындықтар туғызуда. Балаларды дамыту орталықтарымыз бар. Шектеулі бала санымен жұмыс жасауға рұқсат етілді. Бес баламен жұмыс жасаудамыз. Бұл осы оқушыларға дәріс беретін қызметкерлерге төленетін жалақыны да жаппайды» деді З.Астраханцева.

P.S. Бүгінгі бала – ел болашағы. Ал, оларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтуда жекеменшік балабақшалардың үлесі зор. «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала бола ма?!.» демекші, бүлдіршіндердің жан-жақты болып қалыптасуында осындай білім беру ұйымдарының да еңбегі өлшеусіз.

Ендеше, мұндай балабақшалар үшін елдегі қазіргі ахуалды ескеріп, мемлекет тарапынан қажетті қолдау толастамауы тиіс. Өйткені, олардың арасында санға емес, шын мәнінде ұрпақ тәрбиесіндегі сапаға жұмыс жасап жатқандарының барын ұмытпаған ләзім.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз