Мал бағатын адамның жоқтығы ауылдың басты проблемасына айналды

Мал ба атын адам жо Жаңалықтар

Елбасы өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ет өндіру мен өңдеуді дамыту қажеттігін қадап айтты. Ет экспортын ұлғайту – басты міндет. Алайда, ауылда мал бағатын адам жоқ. Соның ішінде, атакәсіпке бет бұрған жастар жоққа тән. Оған не себеп, ауыл тірлігінің қиындығы ма, әлде төленетін жалақының аздығы ма? 

Мал ба__атын адам жо__

Шопанның таяғы кімге аманат?

Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала, бұл – ауыл, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Рас, қазір адамзат баласының дүниетанымы өзгерді, оған нарық заманы өз өрнектерін салуда. Бірақ, «өркениетті елдер қатарына қосылдық екен» деп өткеннен бас тартуға бола ма?.

Бұл ретте, сала маманы, Құрманғазы ауылының тұрғыны Нұркен Шияпұлының да өз айтары бар.

– Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстап қалар малшы қалған жоқ. Жастар ат тізгіндеп, мал баққаннан гөрі, темір тұлпарды қыздырып, «клиент» баққанды жөн көреді. Енді қайтпек керек? Бұрындары кеңес үкіметі кезінде кәсіптік-техникалық училище деген болды. Меніңше, соны ауылдардан ашатын мезгіл жеткен сияқты. Мәселен, облыс орталығында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын аграрлы-техникалық колледж бар. Онда экономист, есепші, электрик, механик, технолог, кеме жүргізуші, құрылысшы, фермер, балық өсіруші, ветеринарлық фельдшер мамандықтары оқытылады. Тым болмаса, соның жанынан малшы, шопан, жылқышы, қойшы бөлімдерін қосымша ашуға болады ғой. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе, – дейді ол.

Біз – мал баққан елміз…

Тағы бір айтатын жай, малдың еті мен сүтін, одан қалды жүні мен терісін кәдеге жарата алмай отырмыз. Тері демекші, оны өңдейтін цех тағы жоқ. Мәселенің мәнісін ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев былайша түсіндіреді.

– Қой жүні өңделмес бұрын жік-жікке бөлінуі тиіс. Ал, бұл үшін өрістегі қойлар өз тұқымдарына қарай бөлек-бөлек жайылуы керек. Яғни, асыл тұқымды мал өзге тұқымдастармен араласып, сіңісіп кетпеуі тиіс. Әйтпесе, жүннің сапасы да өзгеріске ұшырайды. Әйтсе де, бүгін қойды қалай өсірмек түгіл, оны бағатын адамның өзін шам жағып іздесек те, таппай отырмыз, – дейді ол. Енді төлдің еті мен жүнін бірдей пайдаға жарату үшін нарық сұранысына сай ақ түсті биязы жүнді қой өсіру қолға алынып отыр. Бұл орайда, үкімет жартылай биязы жүннің келісіне 100 теңге көлемінде субсидия бөлмек.

Ал, былтыр ғана «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған жүн өңдеу фабрикасы – «Caspiy Lana Atyrau» серіктестігі шикізатты Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарынан әкелуге мәжбүр. Себебі, атыраулық қойдың жүні жарамсыз, өңдеуге келмейді. Яғни, түбіті аз да, қалдығы көп. Дегенмен, оған көрші елдерден сұраныс бар. Сондықтан, ол тазаланып, экспортқа шығарылып жатыр. Сайып келгенде, бұл қойды тұқымына қарай бағатын малшы мамандардың жоқтығынан туындап отырған мәселе.

Аталған кәсіпорында жүн алдымен тазаланады, кейін өңделеді. Сөйтіп, одан дайын өнімдер жасап шығарылады. Озық технологияның арқасында артық қалдық шықпайды. Бұл – ел аумағындағы әзірге бірегей орын. Қуатына келер болсақ, 400 мың метрге дейін түрлі жамылғылар шығаруға қауқарлы. Мұнда жылына 350 тонна қой мен 150 тонна түйе жүні өңделеді. Болашақта жүннен тоқылған маталардан киім тігу де жоспарда бар. Қалай десек те, фабрикаға биязы жүн керек.

– Қазір фабрика қой жүнінің келісін сапасына қарай 80-250 теңге, түйе жүнін 300-500 теңге аралығында сатып алып отыр. Ал, шетелде таза жүннен жасалған өнімге сұраныс жоғары. Мысалы, түйе жүнінен тоқылған жамылғы Италияда бір мың еуроға бағаланса, Моңғолияда – 60, Ресейде 40 мың теңгеден кем емес, – дейді фабрика директоры Назгүл Есмахан. Айтуынша, енді әр ауданнан жүн жинау нысаны ашылмақ. Атырауда 438 мың қара қой бар. Оның әрқайсысынан екі келі жүн қырқылса, жылына мың тоннадан астам жүн жиналады.

Мамандар ірі қылшықты жүндерге сұраныс аз болғандықтан, қоқысқа кететінін айтады. Жүнді қырқудың өзі 100-200 теңгеге шығады, сондықтан оның бір келісін 25 теңгеге сату тиімсіз. Ол, тіпті, батпақты күндері шалғай Қызылқоға ауданына апарар жолға да төселіп келіпті. Енді қайтсін, бұл – жүнді ысырап етпеудің жалғыз амалы.

Мал ба__атын адам

Жастарды да түсіну қажет

Аталған пікірлермен келіспейтіндер де бар. Мәселен, жас кәсіпкер Бексұлтан Мұханов кейбір жайлау-қыстақтарда жарық, су, газ секілді қарапайым қажеттіліктердің жоқ екенін алға тартады.

– «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен жұмысқа тұрғандарға берілетін миллион теңгеге жетпейтін қаржыға үй сатып алу мүмкін емес. Ендеше, жастарды ауылға тарту үшін не істеу керек? осыны сала мамандары мен ғалымдар бірігіп шешуі тиіс. Соңғы кезде шағын кәсіппен айналысуға зор қолдау көрсетілді. Ал, соның қайтарымы қайда? Одан да сол қаржыны жастардың мал өсіруіне, егін егуіне, сол бағытта мамандық алуына жұмсаған тиімді болмас па еді? Екіншіден, мал бағу үшін жаңа технологияны игерген дұрыс.

Тағы бір қызықты қараңыз, біздегі ірі қара малының салмағы 320 келі болса, дүние жүзі бойынша бұл 520 келіні құрайды. Демек, малды асылдандыру ісін жолға қоятын кез жетті. Бәлкім, шетелден мал тасығанша, бір сәт өз төлімізді де асылдандырған дұрыс шығар? Бұдан қыруар пайдаға кенеліп отырған елдердің санатында Англияны атауға болады. Мұнда жылына бір сиырдан он тоннадай сүт сауылып, 20 млн. тонна қозының еті экспортқа шығарылады.

Ал, Индер ауданының тұрғыны Асылай Қалыбайқызы «жастарға жағдай жоқ» деген пікірмен келіспейтінін айтады.

– Бұрынғы «Путь Ильича» совхозынан қалған мал қыстақтары Көктоғай ауылына өте жақын орналасқан. Мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Жастар бұл мүмкіндікті неге пайдаланбайды? Малымызды өзіміз бақпасақ, ертең еттің өзін сырттан әкелетін боламыз. Қазір де, нарықтағы мал өнімінің сапасы, ол малдың қалай бағылып, немен ауырғаны, егілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Себебі, көбінің құжаты жоқ. Бағасы арзан болған соң, алуға мәжбүр боласыз. Міне, мәселе қайда жатыр. Екіншіден, біздің мұнайымызды арзанға алып, кейін өзімізге қымбат бағамен «қайтарып» жүрген алыпсатар елдер ертең біздің малымызбен де солай жасамасына кім кепіл? – дейді ол.

Қой қайырған құлтемір

Жаңа технология дегеннен шығады, Сидней университетінің инженерлері әлемдегі тұңғыш бақташы роботты жасап шығарыпты. «Естімеген елде көп» демекші, төрт дөңгелекті құрылғы ойлы-қырлы жерде қозғалып, мал қайырып, бір жайылымнан екіншісіне айдай алады.

Австралия – әлемдегі ең ірі мал экспорттаушы елдердің бірі. Алайда, ол жақта да жастар мал баққысы келмейтіндіктен, фермаларда соңғы кезде бақташылар жетіспейді. Сол себептен, ғалымдар осындай құлтемір ойлап тапқан. Ол адамның басқаруынсыз, өз бетімен жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, топырақ пен шөптің күйін, тіпті, малдың денсаулығын анықтай алады.

– Орта есеппен алғанда, Австралиядағы әр фермердің төрт мыңнан қырық мың гектарға дейін жері бар. Оны екі-ақ адам – фермер мен әйелі бақылап жүреді. Автоматтандырылған жүйе арқылы шаруашылықты үйден шықпай-ақ қадағалайды, – дейді аталған университет профессоры Салах Суккариех.

Мал ба__атын

Түйін

Көршілес Маңғыстау облысының Қызылсығыр қыстағында румыниялық фирмамен бірлесіп,  еуропалық үлгідегі үш бөлмелі малшы үйі салынған. Онда желмен жұмыс жасайтын, күн сәулесінен қуат өндіретін және шағын дизельді электр стансалары бар. Үй осы энергиямен жарықтандырылып, жылытылады. Қора жанынан ұңғыма (тереңдігі 73 метр) қазылып, сорғы орнатылған. Міне, сол арқылы бір  отар мал суарылады. Осы мысалдан да үлгі алар тұсы көп.

Қалай десек те, мал бағу мен оны өсіруге деген құлшыныс анағұрлым төмен. Себебі, ен далаға барып, мал бағудан гөрі, бәрі де тыныш ортада отырғанды қалайды. Бұл көбінесе жастарға тән. Ал, мал бағатындардың ең жасы алпыстан асты. Бұрын шопандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, еңбектегі жетістіктеріне қарай марапатталып отыратын. Қазір де соны қолға алу керек сияқты. Өйткені, жастардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, атакәсіпке оралу қиын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз