МАҚСАТ – МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігі арасында жасалған келісім мен «Менің кәсіби таңдауым» жобасы аясында жастарды Атыраудағы кәсіпорындармен таныстыру басталды. Ол «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Оның мақсаты – жастардың мамандық таңдауда өзіндік білігін қалыптстыру. Жасыратыны жоқ, бүгінгі мектеп бітірушілердің дені жоғары оқу орындарына ұмтылып, заңгер немесе экономист болғанды қалайды. Ал, жастар неге жұмысшы мамандығын таңдамайды? Сонда өндіріс ошақтарына қажетті кәнігі шеберлер қайдан шығады? Міне, ертеңгі мектеп түлектері осыны түсінгендері жөн.

Алғашқы шара барысында №19 және Қаныш Сәтбаев атындағы мектептердің, Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі мен отбасылық балалар ауылының елу шақты жасөспірімдері «КазТурбоРемонт» кәсіпорны мен «БатысАльянсСтрой» мекемесінің үй құрылысы комбинатында болды.

«КазТурбоРемонт» – өңірдегі газ тұрба жабдықтарын кешенді жөндейтін, оларды құрастыратын және сервистік қызмет көрсететін бірден-бір өндіріс ошағы.  Мұнда әлемдік деңгейдегі талаптарға жауап беретін озық технология қолданылады. Мамандар Еуропа елдерінде тәжірибеден өткен.  Индустрияландыру картасы шеңберінде құрылған кәсіпорын көрген жанды таң қалдырғандай.

Үй құрылыс комбинаты да – аймақтағы жаңа өндіріс ошағы.  Қазір мұнда жүз шақты адам тұрақты қызметпен қамтылған. Жұмыс процесі үздіксіз болғандықтан олар 15 күндік вахталық әдіспен еңбек етеді. Кәсіпорында өнім шығару түгел автоматтандырылған. Ерітіндіні дайындаудан бастап, даяр плитаны шығаруға дейінгі жұмыстың бәрі арнайы жабдықтармен жүзеге асырылады. Соның бәрінің құлағында жергілікті мамандар тұр.

Мұның бәрі, сөз жоқ, жасөспірімдерді қатты қызықтырды. Олар, тіпті, жұмысшылардың жалақысы, қалай тұрып жатқандығы жөнінде де сұрады. Әрине, қызметке орналасу жайы да сөз болды. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, жұмыс сұраушылар көп. Сондықтан, таңдауға тура келеді. Ал, сынақтан сүрінбей өту – жастардың өз қолында. Демек, жұмысшы мамандығын таңдап, оның қыр-сырын жетік меңгеру қажет.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз