Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

Жаңалықтар

Atr.kz/22 наурыз, 2020 жыл. Атырау облысы әкімінің Фейсбук желісінде жазған пікірінше, Наурыз рухани әрі ғылыми мәнге ие мереке.

«Тіршілік біткен түрленіп, табиғат қызылды-жасылды бүрленетін бұл күндері төрткүл дүние жаңарып, жасарады.

Наурыз мейрамының астрономиялық заңдылықтар мен ғылыми негізге сәйкес келетін тұстары да көп. Бұл тылсым табиғатпен біте қайнасқан ата-бабаларымыздың даналығын көрсетеді.

Халқымыз Ұлыстың ұлы күндері ұлы істер бастауды құп көрген. Бұлақ біткеннің көзін ашып, жасыл-желек отырғызып, өмірге жаңа рең берген. Ертеден келе жатқан ұлтымыздың бойындағы игі іс пен жақсылық жасау қасиеттері «Волонтерлер жылы» арқылы тарихи жалғасын табуда.

Амал мерекесінен бастау алатын Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланып, халықты біріктіретін бірегей іс-шараға айналды.
Әз-Наурыз ұлттың болмысы мен тамыры терең тарихымыздың ұстыны іспетті. Бұл күні бай мұрамыз бен байырғы салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз айрықша әспеттеледі.

Елімізде күн мен түн теңесіп, Самарқанның көк тасы жібитін бағзы мейрамның мәні мен маңызы жыл санап артып келеді. Ұлыстың ұлы күні мемлекеттік мейрамдар қатарына енгізіліп, ерекше мәртебе берілді. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз мейрамы Тәуелсіздік жылдары жұрт асыға күтетін жалпыхалықтық мерекеге айналды» делінген құттықтауда.

Құттықтау барысында Махамбет Досмұхамбетов мейрам күндері елімізде төтенше жағдай енгізілумен тұспа-тұс келгендіктен мерекелік іс-шаралар болмайтынын еске салды.

«Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін дер кезінде жасалған шешімге бәріміз түсіністікпен қарап, тәртіпке бір кісідей бағынуымыз керек. Тағдырлы тарихымызға көз жүгіртсек, халқымыз небір қиын кезеңдерден аман-есен өткенін білеміз. Ынтымағымызды көрсетіп, әрбіріміз өзіміздің, отбасымыз бен айналамыздағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарасақ, бұл да өтпелі дүние» делінген құттықтауда.

«Atr – Ақпарат»

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-nauryz-mejramyn-tojlau%d2%93a-b%d3%a9lingen-35-million-te%d2%a3ge-byudzhetke-%d2%9bajtaryldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз