Мүшәйра жүлдегерлері

Мүшәйра жүлдегерлері 1 Жаңалықтар

Қазақстан Жазушылар Одағының Атыраудағы филиалының ұйымдастыруымен  Атырау қаламгерлерлерінің басқосуы өткізіліп, оған өлкенің қалам ұстаған қауымы жиналды.

%d0%bc%d2%af%d1%88%d3%99%d0%b9%d1%80%d0%b0-%d0%b6%d2%af%d0%bb%d0%b4%d0%b5%d0%b3%d0%b5%d1%80%d0%bb%d0%b5%d1%80%d1%96

Кездесуге ақын, ғылым докторы, облыс әдебиетінің абызы Қадыр Жүсіп, белгілі өлкетанушы Ө.Әлімгереев, ақын, аудармашылар Б.Қарашин, Ж.Аронов және аудандардан қалам ұстап жүрген әдебиеттің үлкенді-кішілі өкілдері қатынасты. Азаттықтың сан-қилы соқпақты кезеңдері, ел басына туған нәубет күндер, өлке тарихындағы тамаша оқиғалар отырыстың өзегіне айналды. Атыраудан шығып, Алаштың тұлғасына айналған Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова, Зейнолла Қабдолов пен Зейнолла Серікқалиев есімдерін тебірене еске алған әдебиетшілер өткен күннің естеліктеріне де көз жүгіртіп отырды.

Азаттық жолындағы айнымас күрескер Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Елім менің» атты жабық мүшәйраның қорытындысын шығару және жүлдегерлерді марапаттау сәті де осы кездесу үстінде салтанатты түрде өткізілді. Бәйге қорытындысын филиал директоры,  ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қ.Жылқышиев жария етті. Байқауға қатынасқан 18 үміткердің 32 өлеңін сарапқа салған қазылар алқасының шешімен Бас жүлдеге жылойлық талантты ақын Қаржау Оразбаев ие болды. Елім деп еңіреген ерлердің поэзиядағы образын суреттеу, тәуелсіздіктің тарихына бойлап, бабалар ерлігін мақтан етуді мақсат тұтқан мүшәйраның І бәйгесін қызылқоғалық дарынды жас Әнуарбек Садықов қанжығасына байлады. Әдемі лирик ретінде көрінген жас Әнуардың айтыста да бақ сынап жүргенін айта кету керек. Екінші орынның екі жүлдесін белгілі журналист Т.Дәрелов пен исатайлық Қ.Сахибиденова иеленді. Құрманғазылық Н.Нұғыманов, атыраулық Қ.Жақсиев, махамбеттік А.Есенғалиевтер үшінші орынға табан тіреді. Барлық жүлдегерлер арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Арыстан еді-ау, Исатай, бұ дүниенің жүзінде, Арыстан одан кім өткен» деп жырлаған дауылпаз Махамбеттің жан серігі, айбынды күрескер бейнесі ХХІ ғасыр ақындарының қаламына да қанат бітірген кеште жалынды жырлар оқылды, әсерлі әңгімелер айтылды.

 Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз