МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕДЕН – ШЫРАЙЛЫ ӨҢІРГЕ

Жаңалықтар

 

– Соңғы екі-үш жылда өңірлердің бір-біріне өнерін көрсетіп, мәдени-шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік туғызған жақсы үрдіс пайда болды. Бұған дейін көршілес Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына барсақ, биыл шырайлы Оңтүстік Қазақстан облысына екі жүзден астам ұжыммен келіп отырмыз.  Мәдениет күндерін Түркістан қаласында Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры әртістерінің сахналауындағы Қ.Мырза-Әлінің «Жаралы жолбарыс» қойылымымен бастаймыз. Ресми делегация құрамында қазақтың белгілі жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаев, ақын Қойшығұл Жылқышиев, Өнербек Жанбала және бірқатар өнер қайраткерлері бар, – деді ресми делегацияны бастап баратын облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бізбен әңгімесінде.

Атыраудың Оңтүстік Қазақстандағы мәдениет күндері үш күнге, атап айтқанда, 16-18 маусым күндері аралығына жоспарланған. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиевтің мәлімдеуінше, өнер апталығының ашылу-жабылу салтанаты Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында өтеді.

Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының концерті Төле би ауданында ұйымдастырылып,  Шымкентте «Күй құдіреті – Құрманғазы» атты Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрі күй өнерінің көрігін қыздырып,  халыққа өз өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар, облыс орталығында «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көрме жұртшылық назарына ұсынылады. Ал, «Мұрагер» фольклорлы ансамблі Шардара қаласы тұрғындарына тамаша кеш сыйламақ.

– Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында қырыққа тарта қойылым бар. Соның ішінен Қ.Мырза-Әлінің «Жаралы жолбарыс» драмасы Шымкент және Түркістан қалаларының сахнасында қойылады. Сонымен қатар, облыстық әкімдіктің ғимаратында баспасөз конференциясын ұйымдастыру жоспарланған,-дейді басқарма басшысы Алтынбек Бұхарзаұлы.

(Өнер апталығының өту барысы туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінде жарияланатын болады.)

Айгүл ЕРТІЛЕУ.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған