МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР

енді үйде отырып-ақ жұмыстарын бітіре алады
Үстіміздегі жылдың 1-ші қазанынан бастап Халыққа қызмет көрсету орталығының мобильдік тобы біреудің көмегімен жүріп-тұратын мүгедектерге арнайы қызмет көрсетпек. ХҚКО бөлімшелерінің қызметкерлері осындай жандардың үйлеріне барып, олар қалаған мемлекеттік қызметті жүзеге асыратын болады.

– Бұл қызмет осыған дейін Астана, Алматы қалаларында бастау алды, – дейді бізге Атырау облыстық ХҚКО-ның мониторинг бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі менеджері Нұрлыбек Бақтығали. – Мүмкіндігі шектеулі жандар еліміздің қай түкпірінен болмасын, өзіне көмек қажет уақытта «1414» телефоны арқылы Бірыңғай байланыс орталығымен хабарласа алады. Осы хабарлама түскеннен кейін байланыс жүйесінде отырған операторлар ХҚКО-ның мониторинг қызметінің жауапты адамына байланысу арқылы мобильдік топты тиісті мекен-жайға бағыттайды. Осылайша бар мәселе өз шешімін табады. 
Ал, өз қызметтеріне сай облыстық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары осындай мүгедектердің тізімін әр кез жаңалап, орталықтандырылған жүйеге енгізіп отырады. Өйткені, қызметтің бұл түрі тек қана мүгедектерге арналған. Елбасымыздың «электронды үкімет» бағытындағы жасампаз тапсырмасы осылайша жүзеге асып жатыр.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз