Ұлы дала әуендері Еуропа жұртшылығын ерекше тәнті етті

DSC00298 Жаңалықтар

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі Мажар астанасы – Будапешт пен Сербияның бас қаласы – Белградқа гастрольдік сапармен барып қайтты. Бұл аталған өнер ұжымының Еуропаға алғашқы «жорығы» емес. Арғысын айтпағанда, оркестр соңғы 2-3 жылдың өзінде Түркия, Германия, Австрия, Франция елдерінің айтулы сахналарында өнер көрсетіп, кәрі құрлықтың талғампаз тыңдарманын сан мәрте мойындатып келген. Бұл жолғы сапардың да жүгі ауыр. Өздерін әлемдік өркениеттің алтын кіндігі санайтын, өрелі өнерді айрықша түсініп, қадірлейтін жұртқа оркестр ұжымы бұл жолы да ерекше қамданып, «бес қаруын сайлап» шықты.

DSC00298

Өнерде шекара жоқ

Хош, сонымен, Атырау облыс-тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр бастаған өнер делегациясы әуелгі аялдап, ат шалдыратын жер – мадиярлар мекеніне бет түзеді. Еуропа дегенмен, түптеп-түгендеп келгенде мажарың да бізге бөтен емес, кезінде атамекеннен қоныс аударғанда қыпшақ бабаларымызға қолайлы қоныс болған өлке. Әрине, бұл күнде қыпшақ деген аты ғана, сан ғасырлар бедерінде түрі де,     тілі де өзгеріске ұшырап, түркіліктен түпкілікті тамыр үзген.

Дунайдың қос жағалауын тел еміп жатқан «Буда» (су) және «Пешт» (алқап) деп аталатын екі қаланың қосындысы – бүгінде мажарлардың ажары келіскен, шаруасы шалқыған бас шаһары. Орта ғасырлардағы еуропалық сән-сәулеттің үлгісі саналатын ескі де еңселі ғимараттар, сәнді де салтанатты сарайлар кәрі құрлықтың айнымас атрибуттары секілді мұнда да тұс-тұстан менмұндалайды. Иін тіресе сап түзеген тар көшелер әсте таршылықты танытпаса керек, қайта бағзыдан бағы келіскен баршылықты баяндап тұрғандай. Материалдық құндылықты мәдениет пен руханияттан жоғары қоймайтынын жергілікті халықтың киім киісінен, көшедегі көліктің көлем-пішінінен-ақ бағамдап-бағдарлай беруге болатын сияқты. Еуропаны дәл қазір жоғары технологиямен немесе инновация, индустриямен иітіп,     иліктіре алмайсың. Еуропалықтардың жүрегін Ұлы даланың әуезді әнімен, сиқырлы сазымен ғана жаулауға болады.

Алыстан ат терлетіп ағайын келгенде Елшілік азаматтары алаңсыз жатсын ба, елпілдеп, құрақ ұшып қарсы алды. Осынау мәдени шараның оңынан жүзеге асып, абыройлы өтуі үшін олардың да жарғақ құлағы жастыққа тимегені көрініп тұр.

Елшілік еліміз Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай және академиялық оркестр құрметіне Будапешт төрінде салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Құрметті меймандар тізімінде Мажарстан мемлекеттік жиналысының депутаттары, мемлекеттік органдар басшылығы, мәдениет және ғылым қайраткерлері, іскер топ және дипломатиялық корпус өкілдері, қазақ диаспорасы және студент жастар бар. Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов тәуелсіздік жылдарында қазақ-мажар байланысының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларда үздіксіз дамып, нығая түскеніне тоқталды. Алысқа ұзамай-ақ, биыл ғана ашылған «Астана-Будапешт» тікелей әуе рейсі жолаушылардың уақытын үнемдеп, жолын қысқартса, қос елдің ауыл шаруашылығы саласында басталған тың инвес-тициялық жобалар өзара тиімді әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп отырған көрінеді. Сондай-ақ, білім-ғылым саласындағы байланыс та жыл өткен сайын қарқынды дамып,  нәтижесінде бүгінде Мажар елінде 200-ге жуық шәкірттеріміз тегін білім алып жүр.

Өз кезегінде оркестрдің шағын құрамы қазақтың ұлттық аспаптары арқылы салтанатты шара қонақтарына еліміздің мәдени бай мұрасын көзайым қылды. Ал, шығармашылық ұжымның директоры Сағынтай Көпжасаров екі елдің рухани байланысының жандануына өлшеусіз үлес қосып жүрген елші Нұрбах Рүстемов мырза мен мажарстандық түркітанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері, бар саналы ғұмырын түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына арнаған Иштван Қоңыр Мандокидің жары, жерлесіміз Оңайша Мандокиға ерекше алғысын білдіріп, туған жерден арқалап апарған естелік сый-сияпаттарды табыстады.

Салтанатты қабылдау кешінде қазақ өнері мен мәдениетіне қатысы бар мажарлықтарды аз кезіктірмедік. Оңайша апамыздың шәкірті Феһер Богларка үш жылдан бері қылқобызды жанына серік етіп жүрген көрінеді. Қылқобызға деген сүйіспеншілік уақыт өте келе қазақ тіліне қызығушылығын тудырып, бұл күнде хал сұрайтын қазақшаны оп-оңай меңгеріп алған. Ал, қыпшақ Хости Золтанның ата тек, түп төркінін білуге деген құлшынысы ойда- жоқта «Адай» күйіне кезіктіреді. Ә дегеннен рухты күйге ғашық болған жиреншаш жігіт ерінбей-жалықпай интернет арқылы «Адайды» игеріп алады. Хостидің домбыра қағысына қарап интернеттен үйренді дегенге илану қиын. Оңайша апайдан тәлім алып жүрген мұндай өнерлі жастарды тізбектей берсе, он саусақ аздық етуі мүмкін. Өнерде шекара жоқ деген, міне, осы болса керек. Басқаны қойып, өзге елді өнермен де «жаулауға» болатынын осы жолы айқын аңғардық.

DSC00161

DSC00181

Дунай бойы думанды

«Duna Palota» сарайы. Бүгін атыраулық өнерпаздар осы көне де киелі сахнада өнер көрсетпекші. Дунай өзенінің жағасында орналасқан бұл    театр залының іргесі 1895 жылы қаланған.Осы жерде кезінде Бела Барток, Злотан Кодай, Марк Твейн және Антони Дворжак секілді талай әлемдік өнер майталмандарының табан ізі, алақан табы қалған. Сондықтан бұл сахна терең тарихымен, бай дәстүрімен құнды.

Кешке «Дунай сарайын» бетке алған адамның қарасы мол болды. Еуропа төрінде қазақ әуені күнде ойналып  жатқан жоқ, ұлттық мұрамыздан хабар-ошары кемшіндеу жергілікті халық концертке топталып келе қояр ма екен деген әу бастағы күпті көңілдің көбесі сөгілгесін-ақ еркін тыныстай бастадық.

Көрермендер арасынан Ұлы дала сазына қызығушылық танытатын мажарлар мен түркі елдерімен түп тамырымыз бір деп білетін жергілікті куман-қыпшақтарды, туған елдің мәдениетіне шөліркеп жүрген қазақ диаспорасы мен осында білім алып жүрген студенттерді, сондай-ақ қызмет бабымен елден жырақта жүрген қандастарымызды көптеп кездестіруге болады.

Мәдени кештің шымылдығын Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов құттықтау сөзбен ашты. Бұдан кейін концерттің негізгі мақсат-мұраты жөнінде академиялық оркестрдің директоры Сағынтай Көпжасаров қысқаша баяндап, кеш тізгінін мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаевқа табыс-тады.

Өнерпаздардың әр қимылын қалт жібермей, іштен тынып отырған көрерменді әп дегенде Құрманғазының «Серпер» күйі серпілтіп, сергітіп алды. Еуропаға шетелдік классика таңсық емес, сондықтан концерт бағдарламасын құруда көркемдік кеңес «Жезкиік», «Той күйі», «Көңілашар», «Адай», «Әлқисса», «Сары-арқа» секілді қазақтың екпінді, дауылпаз күйлерін таңдауға күш салғаны байқалып тұр. Халқымыздың жа-уынгерлік, ерлік рухын әйгілейтін әлгіндей шығармалар өзгеге тектілігіңді мойындатып, еріксіз мысын басатындай көрінеді. Симфониялық оркестрден ұлт-аспаптар ұжымының ерекшелігі де осында шығар, әр аспаптың үйлесімді үндестігі бірде делебеңді қоздырып, бірде төбе құйқаңды шымырлатады. Әр шығармадан қазақтың кең даласын, рухани бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жақынырақ тани түскен шетелдіктер риза көңілмен дуылдата қол соғумен болды. Әсіресе, домбыра мен қобыз секілді қазақ ұлттық аспаптарының әуезді үніне елтігені сондай, И.Штраустың «Радец маршын», С.Какураның «Ай-Петри къайтармасын», Л.Андерсонның «Фидл-фадлын», И.Брамстың «№5 Мажар биін» естігенде ерекше толқып, еріксіз бастарын шайқай берді.

Осы орайда оркестрдің өз білгенінен жаңылмай, өрнекті өнер көрсетуіне күш салған жас дарын, биыл ғана «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев пен танымал дирижер, ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариеваның еселі еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Бірде сазды әуенге елітіп, бірде шаттық күймен шабыттандырып, көрерменді де ұмытпай, ұрымтал сәтте сахнамен байланыстыра білген дирижерлардың әр қозғалысы музыкамен біте-қайнасып, көңіл ырғағын дөп басып жатты.

Концертте сондай-ақ, оркестрдің белді солистері Индира Түсіпқалиева, Ғарібжан Мұқанғалиев, қобызшы Ақнар Шәріпбаева ән-күйден шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал, белгілі дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күні кеше «Құрмет» орденінің иегері атан-ған Қайрат Кәкімов «Таңжарбай» мен «Үлкен айдай» әндерін шарықтата шырқағанда бір сәт көрермен сілтідей тынып, шығарманың шырқау шыңына дейін әуелей қалықтаған дауыс-тың тұнықтығы мен кеңдігіне таңырқап, еріксіз ду ете қалды.

Міне, осылайша, қазақ өнеріне тәнті болған мажарлықтар кеш соңында алақаны қызғанша қол соғып, өнер иелеріне тік тұрып құрмет көрсетті. Бұл кеште расында, Дунай бойы дүбірлі думанға толып, күллі қазақ өнері мен мәдениетінің абыройы тағы да асқақтай түсті.

DSC00133

Бабалар барған Балқан тау…

Мажарстандағы мәдени кешті жоғары деңгейде өткеріп, іргелес жатқан Сербия мемлекетіне бағыт алдық. Бұл да бізге таңсық өлке емес. Байкал мен Балқан арасындағы байтақ далада бабаларымыз талай ат тұяғын дүбірлеткен. Сөйтіп «Бал-қан, Балқан, Балқан тау, Ол да біздің барған тау» деп бағзыдан бізге баян қалдырған. Енді, міне, тәуменді Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына орайластырып Сербия тұрғындарын қазақ мәдениетімен сусындату мүмкіндігі туып отыр.

Осыдан 20 жыл бұрын соғыс ошағына айналып, сергелдең көрген сербтердің ес жиып, еңсе тіктегеніне көп бола қоймаған. Тарих үшін жиырма жыл деген не, тәйірі? Елдің бас қаласы – Белградтың әр тұсынан әредікте төбесі опырылып ортасына түскен, қалқиып қаңқасы ғана көрінетін«мүгедек» ғимараттарды ұшыратуға болады. Қаланың қоңырқай тірлігі мен адамдардың қатулы қабағы сол соғыс салған жараның әлі де жазыла қоймағанын аңғартатын сияқты.«Сырт көз – сыншы» демекші, соғыс сарқыншағының салқыны кете қоймағандай көрінетін сол солғындау тіршілікке «Шуақты өлкенің шаттығын» ала келдік.

Расында, Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің концерттік бағдарламасы дәл осылай аталды. Бұл Сербияға сапар шеккен алғашқы өнер ұжымы емес, әлбетте. Екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың қарымы қарышты болмағанмен, қазақ өнерінің өкілдері анда-санда ат басын бұрып тұратын көрінеді. Былтыр ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға мемлекеттік сапармен келіп, содан бері саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы байланыстарға қан жүгіре бастаған.

«Терезиа» театры. Кешкі сағат 19:30. Концерт өтетін зал көрерменге лық толы. Келушілер сахнаға тағатсыздана телміріп, ерекше қызығушылықпен алға ұмсынады. Оркестр сахнаға шығып, жайғасқан соң, алдымен қонақтардың шашбауын көтере келген Сербия Республикасы Парламентінің депутаты Драгомир Карич сөз алып, қонақжайлық мезірет жасады.

Әдеттегідей сахна шымылдығын «Серпермен» ашқан оркестр өнерпаздары әп дегеннен сермей жөнелді. Барған сайын қанатын жайып, бауырын жазып, әр шығарманы ширықтыра орындайды. Сербтерді де көз қиығымызбен аңдып, байқап отырмыз, басындағыдай құлықсыздау емес, дирижердің таяқшасы көкке шаншылған сайын құшырлана қол соғады. Әсіресе, сербтің төл әуезі – «Моравак чачак коло» ойналғанда орнында байыз тауып отыра алмай, әуен ырғағымен қоса теңселіп, ерекше тебіренді. Сірә, бұл туындыны осыған дейін талай тыңдаса да, дәл мұндай толқыныс тудырмаған шығар дейді бір ойымыз. Өйткені, қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобыз шығармаға өзгеше рең, айрықша сипат беріп тұрғаны анық.

Концерт соңында жергілікті көрермен әсем кештің әсерінен айыға алмай, ұзақ уақыт тапжылмай қол соғумен болды. Көрермендер көзінен қазақ әуендерін әлі де тыңдай түскісі келетін қимастық көңілді байқадық. Шуақты өлкенің шаттығына шомылған шырайлы жүздерді көрдік. Мұның бәрі, әлбетте, қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі.

Сахна сыртына шыққан соң Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сағымпазұлы өнерпаздарды сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, алғысын білдірді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге алып, қазақ мәдениетін әлемдік кеңістікке таныту мақсатын абыроймен атқарып жүрген академиялық оркестр ұжымының еңбегі мен шеберлігі шын мәнінде қандай марапатқа да лайық. Оған Еуропаның қос елінде абыроймен өткен концерттен соң жергілікті көрерменнің шексіз ризашылығы мен ыстық ықыласын көргенде көз жеткізіп, көңіл сендіргендей болдық.

Рауан СӘБИТҰЛЫ,

Атырау – Будапешт – Белград – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз