ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

Тұңғыш Президент күні Атырауда айрықша салтанатпен атап өтілді

Ата-бабаларымыздан қалған кең-байтақ даланың сәулеті мен дәулеті арттырған, толтырған, ынтымағы мен бірлігін жарастырған, сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырған, Қазақ елін күллі әлемге паш еткен Тұңғыш Президент күніне орай Махамбет атындағы қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті.

Елінің аманатын арқалаған Тұңғыш Президент күні тойлана бастағаннан бері бірер жылдың ішінде халықтық мерекеге айналып үлгерді. Қыраны қалықтаған көк Туымыз сахна төрінен табылып, еліміздің Мемлекеттік Әнұраны орындалуымен ашылған кеште облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев атыраулықтарды мәртебелі мерекемен құттықтады.

– Халқымыздың сенім артқан парасатты перзенті – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елді ширек ғасырға жуық уақытта жасампаз мемлекетке айналдырды. Дүние жүзінде қалыптасқан саяси қайшылықтарға қарамастан, Қазақстан «2030 стратегиясын» қабылдады. Бұл тарихи құжаттағы міндеттер мерзімінен бұрын орындалды. Қазақстан «2050 стратегиясын» бекітіп, дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат етті. Әлемнің 60-тан астам елімен дипломатиялық қатынас орнатып, сол елдердің астаналарында көк Туымыз желбіреп тұр.

Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, алғашқы бесжылдық сәтті аяқталды. Бұл бағдарламаның екінші бесжылдығының алғашқы кезеңінде  облысымызда жалпы құны 29 миллиард теңге болатын 11 жоба іске асуда. Жаңадан жұмыс орындары ашылып жатыр. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік саласында аймақта 112 мың адам еңбек етуде.

Бүгін баршаңыз тікелей эфир арқылы Елбасының Қазақстанның экономикалық өркендеуі мен халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған Жолдауын көріп, тыңдадыңыздар. Бұл   әлемдік дағдарыс кезінде қиындықтарды жеңуге септігін тигізетін басты бағдарлама болып табылады, – деп аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы Тұңғыш Президентіміздің Қазақстан тарихында алатын ерекше орны мен оның сарабдал саясаты арқылы мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін баса айтты.

Бұдан соң еселі еңбегімен көрінген еңбеккерлер марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хаты Қызылқоға ауданындағы Қарабау орта мектебінің мұғалімі Мақсот Сәргенжиевке, Атырау қалалық №2 емхананың жанұя денсаулығын сақтау орталығының меңгерушісі Дәмелі Жақсылықоваға, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Фариза Ильясоваға, Махамбет ауданындағы Ақтоғай мәдениет үйінің директоры Қаламқас Темірғалиеваға және тағы басқа қызметкерлерге тапсырылды.

Облыс мәслихаттарының 20 жылдығына орай аймақтың қоғамдық-саяси дамуына және жергілікті органдардың қызметін жетілдіруге үлес қосқан азаматтар – Ерсайын Көшек, Жұмажан Ғалымов, Өнербек Жанбала, Рифхат Сұлтанияев, Оңғар Жанықұлов Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің бюросы шешімімен «Қазақстан Республикасының Құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталды.

Шара барысында, сонымен қатар, мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров пен Атырау облысы әкімі аппаратының бас маманы Зарема Қазанғапова жұртшылық алдында ант қабылдады.

Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар мерекелік кештің сәнін одан әрі қыздыра түсті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз