ҰЛТТЫҚ КЛАСТЕР ҚҰРУ – ҰТЫМДЫ ШЕШІМ

Атырауда «Мұнай мен газды өндіру және өңдеу, мұнай-газ химиясы, олармен байланысты машина жасау және  мұнай-газ өнеркәсібі үшін сервистік қызмет көрсету жөнінде ұлттық кластер құру мәселелері» тақырыбында келелі кеңес өтті. Оның жұмысына ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиясы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының кеңесшісі Жақсылық Құлекеев және Қазіргі заманғы  қоғамды зерттеу институтының директоры Мейрам Қажыкен қатысты. Шараны облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев кіріспе сөзбен ашып, басқосудың мақсатымен таныстырды.

– Бүгінгі таңда ұлттық экономикамызды қалыптастыруда кластер құру аймақтар дамуының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады. Ұлттық кластерлік жүйені құру арқылы біздің көп нәрседен ұтарымыз да даусыз,-деді кеңесте алғашқы сөз кезегін алған Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Маратұлы.- Өз кезегінде бұған мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Осы орайда, елімізде өндірілетін «қара алтынның» басым бөлігін беретін, экономикасының жетекші салалары да мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібімен, машина жасау және сервистік қызмет көрсетумен  тығыз байланысты болып келетін Атырау облысында мұның мүмкіндіктері аз емес. Тек сол тетіктерді ұтымды пайдаланып, дер мезгілінде, қажетті жерінде қолданып, іске қосуды үйренсек, ештеңеден ұтылып қалмасымыз да кәміл. Бұл бағытта белгіленген іс-шараларды ұйымдастырып, жүзеге асыру мақсатында республика Үкіметі, дәлірек айтқанда, салалық министрлік жанынан арнайы жұмысшы тобы, соған сәйкес аймақтарда бастамашыл-үйлестіруші топтар құрылды.

Күн тәртібіндегі әңгімені одан әрі «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиясы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының кеңесшісі Жақсылық Құлекеев жалғастырды. Ол «Кластерлік даму: ерекшеліктері, артықшылықтары, шетелдік тәжірибе» тақырыбында баяндама жасады.-Жасыратыны жоқ, республикамызда ұлттық кластерді құру туралы мәселенің көтеріліп, бұл жайында әңгіменің қозғалғанына бір емес, бірнеше жылдың жүзі өтті.

Соншалықты өзектілігіне және қажеттілігіне қарамастан, әлі күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылмаған, мысалға келтіріп айтатындай нақты қадамдар жасалынбаған. Әрине, мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Әйтсе де, соған сүйеніп басталған істі тоқтатып қоюға да ешқандай негіз жоқ. Сондықтан да, бұған осы отырған баршамыз мәселенің маңыздылығын терең ұғынып, жете түсініп, бір кісідей мүдделілік танытуға тиіспіз. Ал, Үкімет пен аймақ басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау жасалып, көмек көрсетілуі шарт. Тек сонда ғана алға қойған мақсатымызға жетеміз,-деп түйіндеді баяндамашы.

Одан соң кеңеске қатысушылардың назарына  ұлттық кластерді дамыту тұжырымдамасы мен стратегиясы, жол картасы, кластерлік қауымдастық, оны жандандырудағы жергілікті атқарушы билік органдарының рөлі, шетелдік инвестициялардың тікелей тартылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары ұсынылды. Әріптестер өз ойларымен ортақтасып, белсенділік танытуға шақырылды.

Мұнан соң сөз кезегін еншілеген  ұлттық кластерді құру тұжырымдамасын түсіндіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының мүшесі, Қазіргі заманғы қоғамды зерттеу институтының директоры Мейрам  Қажыкен әріптесінің айтқандарын толықтырды.

Келелі кеңестегі әңгіменің арқауына айналған өзекті мәселе төңірегінде шараға қатысушылар да пайымды пікір-ұсыныстарымен бөлісті. Олардың қатарында облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жаңатаев, облыс әкімі аппараты кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық  даму бөлімінің басшысы  Батырбек  Ибрашев, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры, бастамашыл-үйлестіру тобы жетекшісінің орынбасары Құрманғазы Есқазиев, т.б. өз ойларын айтты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті  түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз