Ұлттың ұлы қазынасы

Ұлттың ұлы қазынасы 2 Жаңалықтар

Облыстық тіл фестивалі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына  арналды

 Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Қазақстан халқы тілдері күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тіл фестивалі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, атыраулықтарды мерекемен құттықтады.

%d2%b1%d0%bb%d1%82%d1%82%d1%8b%d2%a3-%d2%b1%d0%bb%d1%8b-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d1%8b%d0%bd%d0%b0%d1%81%d1%8b-2

– Бұл мереке еліміз егемендік алғаннан бері жыл сайын аталып өтіліп, «ҚР Тіл туралы заңы» қабылданғаннан кейін ана тіліміздің мәртебесі одан әрі асқақтай түсті. Тіл — қасиетті ұғым, ұлтымыздың ұлы қазынасы. Ол ғасырлар бойы халқымыздың дәстүрін жоғалтпай, ұлттық болмысымызды сақтап қалуға негізгі тірек болды. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тілдердің дамуына баса көңіл бөліп келеді. Қазіргі қоғамдағы тілдің айрықша рөлі соған дәлел болса керек. Соның негізінде, тіліміз – тәуелсіздігіміздің бір тірегіне, мемлекеттігіміздің басты нышанына айналды. Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына енуі бағытында мемлекеттік тіл де негізгі фактор болып табылады. Қазақ тілі бүкіл халықтық қолданысқа еніп, мемлекеттік тіл мәртебесі деңгейіне көтерілді. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі екені баршаңызға белгілі. Бүгінде ағылшын тілін де меңгеруге серпін жасауымыз қажет. Елбасы көп тілді меңгерген азаматтардың болашағына үлкен мүмкіндіктер ашылатынын атап айтқан болатын. Осы бағытта Атырау облысында да көптеген шаралар жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, «Абай оқулары», «Тілдарын», «Тіл шебері»   конкурстарын ұйымдастырумен қатар, облыс халқының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында жеті мыңға жуық адам тестілеуден өтті. Сонымен қатар, облыс көлемінде жұмыс жасап жатқан шетелдік компаниялар қызметкерлеріне қазақ тілі курстарын ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда. Елімізде, облысымызда өзге этнос тілдерінің дамуына зор қамқорлық жасалып келеді. Ассамблея құрамында жұмыс жасап жатқан атыраулық этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысын соның айғағы ретінде бағалауға болады, – деді аймақ басшысының орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы.

Рухани құндылығымызды байыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, этностар тіліне қамқорлық жасау, этносаралық келісімді нығайту – тіл саясатының басым бағыты. Кеш барысында осы саясатты жүзеге асыруға белсене араласып жүрген бір топ қызметкерлер  ұлығыланды.

Индер аудандық мәдениет және тіл бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзира Аяпова ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, әріптесіміз, «Прикаспийская коммуна» газетінің бөлім меңгерушісі Марина Қуанышева, «Ембімұнайгаз» мекемесінің аудармашысы София Әлиева, «Медиа Мост» жарнама агенттігінің директоры Ернұр Тұрсынбаев, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп мұғалімі Жанар Жұмағалиевалар облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Әріптесіміз Ерлан Алтыбаев облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хатына ие болды. Бұған қоса, бір топ қызметкерлерге облыстық мәслихаттың  Алғыс хаты табысталды.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Абай оқулары» республикалық байқауының жеңімпазы Әсемгүл Стомма Абайдың «Сап, сап көңілім, сап көңілім», Атырау қалалық Жұмекен оқуларының жүлдегері Нұржан Өмірбаев Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елім» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, «Текті сөздің төресі — терме» республикалық байқауының жүлдегері Ідірбай Байбақты Абайдың «Сырымды тоқтатайын, айта бермей» толғауын орындады. Сонымен қатар, «Иверия», «Былина», «Тхоньил», «Татар-башқұрт» этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары да көрермендер қошеметіне бөленді.

%d2%b1%d0%bb%d1%82%d1%82%d1%8b%d2%a3-%d2%b1%d0%bb%d1%8b-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d1%8b%d0%bd%d0%b0%d1%81%d1%8b

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз