Құлсарылық кәсіпкер әйелдер Дариға Назарбаевамен кездесті

Назарбаева Жаңалықтар

Тамыз айының соңғы күні Астана қаласында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жаңа мүмкіндіктері» атты Халықаралық бизнес-конференция болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен осы салада тынымсыз тер төгіп жүрген кәсіпкер әйелдер шақырылған болатын. Аталған «жаңа мүмкіндіктерден» Жылыой өңірінің бизнес иелері де құр қалған жоқ.

Назарбаева

Конференция «Астана трудовая–ІІ» фотокөрмесімен ашылды. Оның негізгі мақсаты – шағын және орта буын бизнес саласындағы әйелдер еңбегін паш ету еді. Кәсіпкер әйелдер бас қосқан бұл үлкен жиынға Дариға Назарбаева, Раушан Сәрсенбаева, Зағипа Бәлиева сынды елімізге белгілі іскер әйелдер мен белді саясаткерлер қатысты. «Әлемдегі әйелдер кәсіпкерлігін қазіргі заманғы үрдістері», «Кәсіпкерліктің тиімділігін арттыру үшін қолданылатын жаңа технологиялар» конференцияның негізгі тақырыбына айналды. Сонымен қоса қабат мастер класс және тәлімгерлік, «Agile» технология, қаржыландыру өнері мен өзге де жобалар бойынша тренингтер өткізілді.

Конференцияда Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы жанынан «Жас қанаттар» бөлімінің құрылғандығы белгілі болды. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы алты айдан 2 жылға дейінгі мерзімде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жас қыз-келіншектер кіре алады. Ондай нәзік жандарға қауымдастық «Менторинг» бағдарламасы бойынша өз көмегін ұсынатын болады.

Жылыой аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары әйелдер З.Қалмұханова, аудандық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары С. Құрманғалиева бастаған «Жас Ұрпақ» ЖШС бас директоры А.Халелова, «Шипа» дәріханасы мен «Жадыра» сауда үйінің қожайындары Р.Атинова, Г.Аққұлова сынды өзге де жеке кәсіпкер, жұмысшы әйелдерден құралған делегация конференцияға қатысып қана қоймай, мінбеден сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Зәуре ТҰХПАТОЛЛАҚЫЗЫ,

Құлсары қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз