Құлсарыда қансорғыштар қаптап тұр

маса Жаңалықтар

Құлсары қаласындағы көпқабатты ықшамаудан тұрғындары жазда, тіпті, кейде қыста да масадан әбден зәрезап болады. Міне, күз маусымы басталса да, масаның мазаны алар ызыңы құлақтан әлі кеткен жоқ. Керісінше, қансорғыш жәндіктің шамадан тыс көбейіп кеткендігі байқалады.

маса

Ол ол ма, қысы-жазы маса дегеннің не екенін білмейтін ауыл тұрғындарынан да үйлерінде оның қаптап кеткенін естідік. Бұл мәселе өткен аптада аудан әкімінің қала тұрғындарымен кездесуінде де аз айтылған жоқ. Өйткені, бұл титімдей мәселе болғанымен, тигізер зардабы зор. Масадан жұғатын ауруды былай қойғанда, адамның көңіл-күйін нашарлатып, дұрыс тынығуына да кедергі келтіреді.

Осыған орай, Құлсары қаласы әкімдігі масамен «күреске» арнайы қаражат бөлген еді. Жақында аталған ықшамаудан үйлерінің астындағы жертөлелерге дезинфекция жасайтын мекеме де анықталды. Сөйтіп, «Азия-инкорпорейтед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қыркүйек айының 6-сынан бастап бұл іске бел шеше кірісті.

Серіктестік мамандары қаладағы І, ІІ, ІІІ және V ықшамаудандарында орналасқан барлығы 87 көпқабатты үйдің жертөлелерін бар-жоғы бір аптаның ішінде улап шықты. Залалсыздандыру іс-шаралары, негізінен, екі кезеңге бөлініп жасалған. Мекеменің өкілі Бибігүл Жақбаеваның айтуынша, жұмыс сенбі-жексенбі күнгі демалыста да тоқтамапты. Нәтижесінде, «Азия-инкорпорейтед» өзіне жүктелген міндеттемені осы аптаның ортасында орындап шыққан көрінеді.

Масалармен «күресте» бұл жәндіктердің миллиардтаған жұмыртқалары орналасқан лас ағынды суға толы жертөлелерді құрғатуға да қосымша қаражат қаралуы керек-ақ.

Ербол Бисекенұлы

Жылыой ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз