ҮЛГІЛІ ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

Отбасы күніне орай Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қала басындағы үлгілі отбасылар мен өмірлік ұстанымдары белсенді жас шаңырақ иелерін салтанатты жағдайда қабылдады. Қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен осынау қабылдауға алты және жеті бала туып, тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар да жиналды. Оларға әкім Елбасы Жарлығына сәйкес, еліміздің жоғары наградасы - «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттарын тапсырды.

 

Адам өмірінде отбасындағы тәрбиенің алатын орны ерекше. Сәби шағынан жанына ең жақын адамдар – әке мен ананың жылы алақаны мен «айналайынына» қанып өскен баланың есейгенде де жақсы азамат болатыны әлдеқашан ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ол үшін ата-ананың өзі орнықты, жаны таза, адал жан болуы тиіс. Қала басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы үйдегі үлкендерден рухани бай тәлім алып өскен ұрпақтың ел ертеңін өсіретін, отбасы құндылықтарын бағалай алатын адам болып қалыптасатыны турасында айта келіп, қабылдауына келген барша жанға «өздеріңіз өсіріп отырған ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер!» деді.

Осыдан кейін ол түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген өнегелі отбасылары, ерлі-зайыптылар – Руслан Османов пен Иринаны, Аманбек Жұмыров пен Айманды, Ерік Дүйсекен мен Гүлфараны, Жұмахмет Досқалиев пен Әлияны, Асылбек Абулғазиев пен Надежданы, Әміржан Нұрланұлы мен Гүлнұрды, Қайырғали Азилов пен Гүлсезімді бала тәрбиесіне қосқан елеулі үлестері үшін сый-сияпат ұсынды. Ал, өмірге алты-жетіден сәби әкелген аналар – Шынар Бисемалиева, Сара Мұхамбетова, Айгүл Нұршаханова, Марта Отарғалиеваға – «Күміс алқа», Райгүл Ізбасарова, Светлана Мұрзағалиева, Роза Рахметқалиеваға Елбасының «Алтын алқасы» мен «Алғыс хат» пен ескерткіш сыйлық табыстады.

Қала әкімінің осындай құрметіне отбасылар атынан – Асылбек Юсупұлы, Қайырғали Сүйіндікұлы, Әміржан Нұрланұлы шексіз алғыстарын білдірсе, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баянсұлу Тыныбаева үлгілі отбасылары мен көпбалалы шаңырақ иелеріне комиссия атынан өзінің ең ізгі тілегін жеткізді. Ал, осы шараға демеушілік көрсеткен «Кью И Ди Интернэшнл (Казахстан)» ЖШС бас директоры Мохамед Мотазз Мохамед Рефайс мырзаға шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев Алғыс хат тапсырды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Суретте: қала әкімінің қабылдауынан.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз