Әлеуметтік жобаларға – басым бағыт

жаналыктар Жаңалықтар

«КТК-К»-мен арадағы ұзақ мерзімді келісімнің түйіні осындай

Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыс әкімдігінің келіссөз залында халықаралық «Каспий тұрба құбыры консорциумының» (КТК) бас директоры Николай Горбаньды қабылдады.

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba%d1%82%d0%b0%d1%80

Аймақ басшысы алдымен, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан аталмыш компанияға өз ризашылығын білдіріп, бас директорға алғысын айтты. Жергі-лікті атқарушы билікпен ұзақ мерзімді келісімге сәйкес, бүгінде компания арасында әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар та-бысты, әрі ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Қос тарапаралық уағдаластық аясында өткен бес жылда «Каспий тұрба құбыры консорциумы» бірқатар ірі әлеуметтік жобаға қаржылай қолдау жасады. 2011 жылдан күні бүгінге дейін өңірдің білім беру, денсаулық сақтау, спорт кешені нысандары құрылыстарын салуға және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына демеушілік көрсетіп, жалпы құны 23 млн. доллар қаржы бөлуді қамтамасыз еткендігін атап өткен ләзім.

– Компания өңірде өндірілген «қара алтынды» құбырмен айдап, оны  экспортқа жөнелтіп қана қоймай, әлеуметтік жобаларға қатысып, Атырау облысында кейбір түйінді мәселелердің оңды шешілуіне ұйытқы болып келеміз. Жыл сайын осы мақсатқа 2 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінеді. Ұзақ мерзімді келісім бойынша бұл жұмыс алдағы бес жылда өз жалғасын табатын болады, – деді  бізге берген сұхбатында компанияның бас директоры Николай Горбань мырза.

Бұдан соң облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен «Каспий тұрба құбыры консорциумының» бас директоры Николай Горбань екіжақты ұзақ мерзімді келісімге қол қойды.

Қол қою рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, «КТК-К» компаниясы бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин қатысты.

Бақытжан Хамитұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз