Әлемнің жарығын сыйлаған…

басты жаналык 3 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыс іскер әйелдерінің форумы өтіп, оған ауыл-село, қаладағы мемлекеттік орган қызметкерлері мен кәсіпкер әйелдер, қаржы институттары мен қоғамдық ұйым өкілдері, бірлестіктер мен мекеме басшылары және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba

Форум жұмысын облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева ашып, жүргізді. Ол өз баяндамасында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмысына кеңінен тоқталды. Аталған комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның басшылығымен аймақта қыруар жұмыстың жүзеге асқанын атап айтты.

Іскер әйелдердің облыстық форумына құрметті қонақ ретінде қатыс-қан облыс басшысы Нұрлан Ноғаев сөз алып, гендерлік саясаттың он жылдығында атқарылған істерге қорытынды жасады. «Сонау ықылым заманнан Адам ата мен Хауа анадан, Тұмар, Домалақ ана, Айша мен Қарашаш сұлу, Бәтима мен Бопай ханымдардан бастап қаншама  даңқы шыққан  апа-аналарымыз болды десеңізші! Олар ісімен де, сөзімен де елге үлгі бола білді. «Алып – анадан туады» демекші, хан да, қара да, батыр да, ақын да бір анадан туады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп жатамыз. Өте орынды айтылған сөздер! Мен де бүгінде 76 жасқа толып отырған  ананың ұлымын, асыл жарымның қосағымын, сүйікті қызымның әкесімін!»

Әйелдер алдында осылайша емен-жарқын әңгіме  айтқан  облыс әкімі  әлеуметтік желі арқылы келген  бір  бейнебаян мазмұнымен бөлісті.

– Бір ана кішкене ұлын оқытып жүрген мұғалімнен хат алады да, оны ұлына оқып береді. Онда оның баласының аса дарынды екені айтылып, бұл мектептің оған терең білім беруге шамасы келмейтінін, ендігі жерде оны анасының өзі оқытуын есіне салады. Арада талай жылдар өтеді. Анасы о дүниелік болады. Есейген ұлы альбом ішін ақтарып отырып, сол кезде ұстазының анасына жазған сарғайған хатын тауып алады. Ашып оқыса, онда: «Ханым! Сіздің ұлыңыздың ақыл-ойы кем, дамуы артта қалған. Сол себепті ол біздің мектептің бағдарламасын алып жүре алмайды. Оны үйден өзіңіз оқытыңыз!» – делініпті. Қайран, ана, баласының көңілін қалдырмайын, болашағына балта шаппайын деген ниетпен басқаша айтуға мәжбүр болған екен. Оны барынша өзі тәрбиелеген. Баласына деген аналық махаббаты оны таудай талапқа ұмтылдырған.  Ақырында ұлы өз дәуірінің ғұлама ғалымы боп шығады, ол аты әлемге әйгілі Томас Эдисон еді, – деді әкім.

Нұрлан Асқарұлы  бұдан әрі  әйелдер  бастаған істің бәріне  де қолдау  болатынын  айтып, сәттілік  тіледі.

Өз кезектерінде облысымыздың іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрлы Әйтиева, Исатай аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ақтолқын Ахметжанова, облыстық кәсіп-керлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай Өтеғалиевалар сөз алып, өз салаларындағы әйел затына қатысты атқарылған іс-шараларға тоқталды.

Мұнан әрі «Атырау арулары» атты жаңа кітаптың тұсаукесері болып, оны облыс басшысы Нұрлан Ноғаев пен кітап авторы, қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева өткізді. Кітаптың жазылуы, шығуы турасында оның авторы егжей-тегжейлі айтып бергеннен кейін ақын Бақытгүл Бабаш туған өлкемізге арнаған жаңа өлеңін оқып берді.

Ал, форумға қатысушылар алдында сөз алған ардагер апамыз Мәдина Ғабдісәлімқызы қазақ қыздары мен аналарының қандай қиындыққа да төтеп беретінін нақты мысалдар келтіре әңгімеледі. «Сонау тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс бәріңіздің естеріңізде болар, – деді ол. – Елбасымен болған талай  жүздесуде ол бізге қарата «Шыдаңдар. Төзімді болыңдар. Жарқын болашағымыз алда! Мен сіздерге сенемін!» деумен болған. Елбасымыздың сол айтқаны келіп, мінекей, бақытты күндерге де жеттік!»

Іскер әйелдердің облыстық форумында өздерін үлкен істерде көрсете білген бір топ  кәсіпкер  облыс әкімінің Ал-ғыс хатымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.  Сондай-ақ, форум аясында қолөнер тауарларының жәрмеңке-көрмесі, конференция, ұлттық және заманауи киім үлгілері көрсетіліп, тренингтер ұйымдастырылды.

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген: 

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз