ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: даурығудың емес, дамудың даңғыл жолы (ФОТО)

ЕАС 177 Жаңалықтар

Латын әліпбиіне көшудің мәні неде? Әліпбиді жасақтаған кезде қандай ерекшеліктерге назар аударған жөн? Графиканы ауыстырудың тиімді әдістерін қалай жасап шығарамыз? Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың арнайы қатысуымен өткен облыстық активте ғалымдар мен сарапшылар осы сұрақтарға жауап іздеді.
ЕАС 177

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы:

– Ендігі кезек ұлттық жазуға келіп тіреліп тұр. Санамыздың түкпірінен төл дыбыстарымызды аршып алу, төл емле – ереже құрастырып алу оңай болмайды. Десе де, әліпбиі, таңбасы мен ережесі үйлескен жазу ғана тіл егемендігінің кепілі болмақ.

Біздің қазаққа тән тоғыз (ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і, һ ) дыбысымыз бар. Біріншіден, осы дыбыстарымызды латын әліпбиінде таңбалау қарпін жүйелеп алуымыз керек. Кешегі парламенттік талқылауда оның алғашқы қадамы жасалып, жоба таныстырылды. Қазір бұл мәселе елімізде кең талқыланып жатыр.

Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының жеке дара ісі мен таңдауы. Бұған қазақ қоғамы іштей дайын отыр. Жаңа әліпбиге көшу – үлкен ұлттық нартәуекел. Бастысы, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі, тіл және жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы тиіс. Әліпбиді өзгерту – өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға да жағдай жасайтынын атап өткім келеді.
ЕАС 282

Серік ҚАДЫРОВ,

Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу мәселесі тарихи қажеттілік болып табылады. Және тіл саясатында халықаралық ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану бүкіләлемдік трендтер талабына толық сәйкес келеді. Қазір дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Оның үстіне, әлемнің 100-ден астам мемлекетінде латын әліпбиі қолданылады.

Атырау жастары латын әліпбиіне көшу идеясын қолдайды. Себебі, латын әліпбиі қазақ дыбыстарын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Прагматикалық жағынан да бұл ыңғайлы қадам. Әсіресе, Қазақстан жастарының дүниежүзімен тіл табыса алатын деңгейде болуы үшін, латын әліпбиіне көшу өте маңызды.

ЕАС 214

Орынтай БИМАНОВА,

Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері:

– Ұлтымыздың тарихына көз жүгіртсек, 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдап, ол үлгі 1940 жылға дейін қолданылды. Кейін кириллицаға көштік. Демек, біз өткенімізді қайта еске алып, жаңғыруға бет бұрдық.

Рас, аға буынның басым көпшілігі латын әліпбиіне көшуді тосырқай, жатырқай, жалтақтай қарсы алуда. Бірақ, жастардың латын әліпбиіне деген көзқарасы мүлдем бөлек. Осыдан бес-алты жыл бұрын балалардың латын әрпімен жазатынын көріп, алғашында таңқалғанмын. Кейін жастардың легіне ілесіп, оларға латынша жауап беруге машықтана бастадым. Бір қызығы, сабақты нашар оқитын оқушының өзі құрбыларына жазған хабарламаларын латын алфавитімен жазып отырады. Бұл балалардың жаңалықты тез қабылдайтынын білдіреді.

Тарихқа шегінсек, ежелгі Египетте 750 иероглиф қолданылған. Және бір ғажабы, оны да жатқа білгендер болған. Демек, алынбайтын қамал жоқ. Бастысы, жаңа графиканы үйрететін кадрларымыздың сауаттылығына назар аударуымыз керек.
ЕАС 348

Людмила ЛИ,

«Тхоньил» этномәдени бірлестігінің төрағасы,

«ЭйЭлСиСи» лингвистикалық орталығының басшысы:

– Қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру мәселесінің мәні тереңде жатыр. Себебі, бұл жерде графиканы ғана емес, тұтас қоғамдық сананы, мәдениетті қайта жаңғырту мәселесі тұр. Ең бастысы, әліпби формасын латынға көшіру – заман талабынан туған бастама.

Тіл орталығының басшысы ретінде айтарым, елімізде бүгінде мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріне сұраныс жоғары. Соңғы кездері корей, қытай тілдеріне деген қызығушылық та артып келеді. Демек, латын тіліне көшу – қоғамда ана бір айтарлықтай проблема туындатпауы тиіс. Өйткені, қазақстандықтардың дені әзірден ағылшын тілін меңгерген. Әлбетте, жаңа әліпбиді жаттап алу да оңайға соқпайды. Сол үшін, сауатты дайындалған орфографиялық, фонетикалық және транскрипциясы, яғни, дұрыс дыбысталуы көрсетілген сөздіктер керек. Әдістемелік құралдар да артық болмас еді. Әліпби үлгісі 25, тіпті 26 әріптен тұруы да мүмкін. Бірақ, менің ойымша қазақ тіліне дифтонгтардың қажеті шамалы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір адамның ана бір қиындықсыз 3-5 тілді меңгеруге мүмкіндігі жетеді. Ол үшін ниет керек. Демек, латын графикасының нақты үлгісін жасар кезде, тілдің тазалығы, әріптердің дұрыс дыбысталуына назар аудару маңызды деп ойлаймын.
ЕАС 223

Жұмазия ӘБДІРАХМАНОВА,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры:

– Латын әліпбиі – ең алдымен ғаламтор желісін ана тілінде меңгеруге жол ашады. Латын әліпбиіне көшсек, біріншіден, буын үндестігі сақталады. Екіншіден, әліпбидегі басы артық әріптерден арыламыз. Үшіншіден, дұрыс сөйлеу мәдениеті жетіледі.
ЕАС 411

ЕАС 407

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. askar

    Дүниедегі ең үлкен екі тіл— ағылшын мен көршіміз қытайдың (пин ин оқылуы) тилдеринде: ч – ch, ш – sh деп оқылады, ch және sh қоспа әріп ретінде қалтыру біздің оларды , олардың бізді дұрыс оқуымызға орасан маңызды болатын еді. Латын әліпбиіне көшуіміздегі түпкілікті мақсатта жаңаша өзімізге ғана танылатын қазақша жасау емес, әлем тілдеріне жақындасу еді ғой!!!