«Құлан жал, бұлан мойын…» неміс халқы «Құлагермен» қауышты

Құлан жал бұлан мойын Жаңалықтар

%d2%9b%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b0%d0%bb-%d0%b1%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d0%bd-%d0%bc%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bd

Ұлтты әлемге танытатын оның әдебиеті мен мәдениеті екендігі бағзыдан белгілі қағида. Дейтұрғанмен, сонау жылдары кенжелеп қалған аударма саласы азаттық жылдарында жан қуантар жақсы жаңалықтарымен елді елең еткізіп жүр. Кеңес үкіметі кезінде одақтас республикалар арасында әдебиет пен мәдениет біршама жақсы насихатталды, қаламгерлер бір-бірінің тілдеріне аударылып, барыс-келіс жақсы дамыды. Ал, әлемнің өзге де тілдеріне аударылу бақыты жекелеген классиктердің маңдайына бұйырған еді. Онда да санаулысы ғана Еуропа оқырманына жол тартты. Бүгінгі күннің талабы қазақтың бай әдеби қазынасын әлем жұртшылығының назарына сауатты да сарабдал ұсына білу болып отыр.

Таяуда жыл құсындай жеткен жағымды жаңалық – қазақтың үлкен эпик ақыны Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының неміс тіліне аударылуы. Оқырманға ғажап эстетикалық ләззат сыйлаған әйгілі дастанның өн бойында қазақтың салт-дәстүрі мен өнері өзектесе өрілген. Қазақтың аяулы ұлы – Ақан серінің трагедиясы тұтас ұлттың трагедиясына айналғалы қашан?! ХХ ғасыр тудырған шоқтығы биік шығарма иесі композитордың өлмес бейнесін жасауымен қатар, Құлагердей жүйріктің талант пен  даралықтың символына айналуына үлкен себепкер болды. Ілиястың осыншама бай тілін неміс тіліне өңін бұзбай аударған неміс жазушысы Герт Хайденрайх жуырда Атырау қаласында болып, оқырмандармен кездесті. Аудармашы 1944 жылы Эберсвальдеде дүниеге келген. Ол әдебиеттің барлық жанрында тынбай қалам сілтеген еңбекқор жазушы ретінде еліне ерекше танымал тұлға екен.

Бір айта кетерлігі, «Құлагер» поэмасы неміс тіліне қазақша түпнұсқасынан тікелей аударылған көрінеді. Қазақстан Гете-Институтының қолдауымен «Buchergilde»(Германия) баспасында басылып шыққан поэманың алғашқы тұсаукесері үстіміздегі жылдың наурыз айында Лейпциг қаласында өткен (Leipziger Buchmesse) кезекті кітап жәрмеңкесінде өткізілген еді.

Қазақстанның әдеби өміріндегі осы елеулі жаңалық  атыраулықтарды да ерекше қуантып, қыркүйек айының соңғы күндерінде облыстық   Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында және Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің конференц-залында өткізілген қос кездесу жұртшылық көңілінен шықты. Кітапханадағы кездесуді  белгілі қаламгер, жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Р.Отарбаев жүргізді. «Құлагер» поэмасының неміс тіліне аударылу тарихы туралы сыр шерткен Г.Хайденрайх І.Жансүгіров тілінің көркемдігіне бас иетінін айтты. Кездесуде Махамбет атындағы облыстық драма театр әртістері кең құлашты эпикалық дастаннан үзінділер оқыды. Оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға қос жазушы кезектесе жауап берді. Шара соңында облыстық кітапхана Германиялық қонаққа ескерткіш-сыйлықтар ұсынды. Кітапханадағы кездесуден соң аталмыш топ облыстық өлкетану мұражайында болды.

Облыстағы іргелі білім ордасы – Х.Досмұхамедұлы атындағы университеттегі кездесу де ерекше жағдайда өткізілді. Атырау университетінің  гуманитарлық ғылымдар және шетел тілдері  факультетінің деканы А.Ахмет  қонақтарға сәт сапар тіледі. Бір айта кетерлігі, біздің студенттер неміс аудармашысына сұрақты тікелей сол тілде қойып, өздерінің шет тіліне жүйрік екендіктерін аңғартты. Студенттер Еуропадағы кітапқа деген жастардың қызығушылығы, аудармашы таңдауының неліктен «Құлагер» поэмасына түскендігі, аудару процесінде кездескен қиындықтар туралы әр қилы сұрақтар беріп отырды. Герт Хайденрайхтың айтуынша, қазақтың аса бай көркем тіліндегі теңеулер мен эпитеттер, метафораларды аудару кезінде айрықша еңбектенуге тура келген көрінеді. Әсіресе, ақынның Құлагердің сипатын бейнелеген кездегі алуан нақышты өрнегі ойландырып тастаған көрінеді. Расында да «Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,

Құлан жал, бұлан мойын,

қой жұтқыншақ,

Қоян жон, жазық жая,

жауырынды,

Құс топшы, қос шынтағы

қалқыңқырақ.

Сіңірлі, жер соғарлы,

аяғы тік,

Түлкі төс, тазы тізе,

ит жіліншік,

Шашақты, шақпақ етті,

аласа ұршық;

Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?» -деген сұңғыла суреттеуді өзге ұлттың тіліне аударудың машақаты бөлек болса керек.

Кездесулер соңында қонақтарға алғыс сезімін білдірген Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, жазушы Р.Отарбаев екі ел арасындағы әдеби байланыстың үзілмейтіндігін айта келіп, алаштың ардақтысы Ақан серінің образын Еуропалық оқырмандарға таныстырған аудармашыға толағай табыстар тіледі.

 

Ардақты атыраулықтар!

 Қадірменді қаламыздың қонақтары!

Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен орайласа келген Атырау қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Атырау — тарихы терең, шежіресі бай, талай ұлыларды дүниеге әкелген киелі өңір. Атырау қаласының әр мерейтойында біз өткенге зер салып, тәуеліздік әкелген жетістіктерді саралап, болашаққа басар қадамдарымызды бағдарлаймыз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана саясатының нәтижесінде мұнайлы астана атанған Атырау қаласы – еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының орталығына айналды.

Еуропа мен Азияны қақ айыра сырғыған Ақ Жайық жағасында қоныстанған қаламыздың тарихы тереңнен бастау алады. Аты аңызға айналған өлкеміздің айбынын асқақтатқан  ата-бабаларымыздың өшпес мол мұрасы, ер Исатай мен жыр-жебе Махамбеттің батырлығы, Құрманғазы мен Динадай дүлдүлдердің киелі өнері келешек ұрпақ шежіресінің арқауына айналып келеді.

Бүгінгі Атырау – жаңарып, жаңғырған келбеті мен сәулеті, сәні мен салтанаты, бірлігі мен елдігі жарасқан әсем қала.

Біздің алдағы барша жетістіктеріміз бүгінгіден де жарқын болып, шырайлы шаһарымыз одан әрі өркендей беруі үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.

Қаламыздың төл мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, қадамдарыңызға сәттіліктер тілеймін!

Сүйікті шаһарымыздың береке-бірлігі нығайып, құт-мекеніміздің абыройы арта берсін!

Ынтымағы жарасқан елдің мерейлі мерекесі құтты болсын!

 

Ізгі ниетпен,

Атырау қаласының әкімі                                                     C.Шәпкенов

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз