КҮРЕ жолдағы КҮРДЕЛІ жөндеу

tapaoapopa Жаңалықтар

Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. Атырауда көлік инфрақұрылымдық ірі жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – облыстық маңызы бар Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз жолы. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, 123 шақырымдық Қарабау–Миялы трассасындағы қайта жаңғырту жұмыстары аяқтала келді.

«Өткен жылы көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 33 елдімекенді қамти отырып, 276 шақырым жол салынды. Нәтижесінде, облыстық және аудандық маңыздағы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 54 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 57 пайызға жеткізу көзделуде. Яғни, 163 шақырымнан астам жол салынып жатыр» деді ол.

И н д е р – Қ а р а б а у аралығындағы жолдың бүгінгі ахуалы адам аярлықтай. Сапасыз салынғаннан, әрі күтіпұсталмағандықтан, онымен жүру мүмкін болмай қалды.

«Биыл жазда Индердегі тұзды көлге барамыз деп әуреге түстік. Көлігіміздің астын соғып, дөңгелегіміз жарылып, зардап шектік» дейді өзін Бауыржан Еркетайұлы деп таныстырған қала тұрғыны.

Индерліктер асыға күткен жол енді қайта жаңғыртылғалы жатыр.

– И н д е р – Қ а р а б а у жолының ұзындығы 87 шақырымды құрайды. Бүгінде осы аралықта қайта жаңғырту жұмысы басталуда. Оның жүзеге асуы үш жыл мерзімге есептелген. Қаражат мәселесі шешілген жағдайда жоба 2021 жылы толықтай жүзеге асады, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.

Қ ұ р м а н ғ а з ы ауданындағы облыстық маңызы бар Ганюшкино–Приморье–Утеры–Котяевка жолы күрделі жөндеуден өте бастады. Құлсары мен Мұқыр аралығы да жарамсыз күйге түскендіктен жүру мүмкін емес еді. 1 3 5 ш а қ ы р ы м д ы құрайтын бөлік «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында жөнделіп, А т ы р а у – А қ т ө б е халықаралық дәлізіне қосылатыны белгілі болып отыр.

Мамандардың пікірінше, қолға алынған жоба жүргізушілердің көп уақытын үнемдейді. Бастысы – тұрғындар қауіпсіздігі үшін қажетті шара. Яғни, Құлсарыдан келе жатқан техника Мақатқа кірмей-ақ, Ақтөбе бағытына тіке шыға алады. Доссор кентінен айналып өтетін трасса туралы да осыны айтуға болады. Жергілікті бюджеттің есебінен 5,7 шақырымдық жолдың құжаттамасы жасалып, бүгінде мемлекеттік сараптамадан оң шешімін алды.

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНА ТӨРТ ЖОЛАҚТЫ ЖОЛ

«Атырау» газетінің тілшісі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысынан Атырау–Орал жолының (Махамбет – Топайлы бағыты) ойлы-шұңқырлы тұсын қайта жаңғыртуға байланысты сұрақ қойды. Бұл мәселе кезінде Елбасының Атырау облысына сапары кезінде көтерілген еді.

– Атырау–Орал – республикалық маңызды жол. Көрші облыс орталығына дейінгі ұзындығы – 500, соның Атырауға тиесілісі – 189 шақырым. 2003-2005 жылдар аралығында мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, аталған бағыт 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілді.

Осы бағдарлама ауқымында қайтадан жаңғыртылады деп күтілуде. Аталған министрлікке Атырау– Махамбет жолын бірінші санатқа енгізу туралы ұсыныс беріп отырмыз. Соның нәтижесінде аудан орталығына дейінгі аралық төрт жолақты болып, көлік нөпірінің көбеюіне мүмкіндік жасалады. Егер ұсыныс қабылданса, ауқымды жоба жүзеге асады.

Атырау–Орал жолының күтіп-ұсталуына «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жауапты. Осы құрылымның жергілікті филиалы жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Алдағы уақытта оны түбегейлі қайта жаңғыртуды ұсынып отырмыз, – деді Әсет Оразғалиев.

ҚАЛАДАҒЫ ҮЛКЕН ЖОБА

Соңғы жылдары Атырау қаласында көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше маңыз берілуде. Облыс орталығы мен қала маңындағы елді мекендердегі сапалы жол үлесі 85 пайызға жетті. Жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын 216 көше, 32 елді мекенде жол салу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы Атырауда 7 көшені кеңейту жоспарланып отыр. 45 шақырым жаңа жол салынады. Кеңейту жобасы жол төсемін жаңартуды, LED жарықтарын орнату, жаяу жүргіншілер, вело-жол салу жұмыстарын қамтиды.

Тиянақты іс-шараның қазірдің өзінде нәтижесі байқалады. Кептеліс азайып, кедергісіз қозғалысқа мүмкіндік жасалды. Бүгінде Атырау–Индер бағытының алғашқы 10 шақырымын (Томарлы елдімекенінен бері қарай) қайта жаңғырту жұмысы басталды. Ол облыстық бюджет есебінен жүзеге асты. Осы трассаның 10-20 шақырымын күрделі жөндеуге байланысты құжаттамалар жасақталуда. –Төрт жолақты жол тиісті талаптарға сәйкес келеді.

Автобус аялдамалары қайтадан салынып, қоршаулар қойылады. Басты ерекшелігі, жол төсемі бұрынғысынан әлдеқайда қалыңдайды. Онымен үлкен жүк көліктердің жүруіне мүмкіндік бар, – деді Әсет Самарханұлы. Тағы бір жаңалық – Атыраудағы жаңа жобаға қатысты. Қалада солтүстік айналма автокөлік жолының құрылысы салынатын болды.

Қазір «КазДорПроект» ЖШС осы мақсатта жобалықсметалық құжаттамасын жасақтауды қолға алды. Ал, 26 шақырымды құрайтын аралық Ақтөбе–Атырау және Атырау–Астрахан халықаралық дәлізінің ортасын қосады. Осының ауқымында Жайық өзенінен өтетін көпір, төрт жол айрығы салынбақ.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз