КҮЙ ОЙНАЙДЫ ҚАНЫНДА

img 20201023 094230 Жаңалықтар

Atr.kz/23 қазан, 2020 жыл. Көз алдыма оның облыс орталығындағы «Бірінші участок» аталатын тұрғын ауданында өткен балалығы, қалалық Пионерлер үйіндегі домбыра үйірмесіне қатысқан алғашқы қадамдары келеді.

 Оның өзі айтатын…

Әкесі Жауыр, оған қараған ағайынның бәрі елде кеңес өкіметі орнағанда Жайыққа қайық салғаны, болмаса бұрынғы Қараөткел, қазіргі Соколок төңірегінде мал жайғаны бар, бәрі де «Теңдік» атты ұжымшарға бірігіп, кейін кеңшар құрды. Одан қалада өндіріс да­мып, құрылыс, мұнай-газ салынуына орай бәрі орталыққа ойысты. Әрбірі жеке кәсіп иелері атанды. Осы шақта Орақтың ата-анасы да қалаға көшті. Бірақ, баяғыдан алдындағы он шақты қой-ешкі, 3-4 түйесінен айырылмаған қария жаңа тұрақтың Қайыршақты жақ шетінен үй салып, іргеден келісті аула-қора көтерді. Өйткені, санадағы қашаннан бергі «Адам күні малменен» деген қағида әлі де болса сөне қоймаған кез-ді және ол жалғыз Жауыр емес, мүмкіндігі бар қыр қазағының бәріне ортақ шаруа еді.

Сөйтіп, ол мал қыс түсіп, ақ қар, көк мұзда қолға қарап, қораға қамалғанша қаланың шығыс бетіне өріске шығады, жайылыста болды. Оны ертең ерте өргізіп, далаға айдайтын отағасының өзі. Ал, кешке әлгілерді жинап алатын шаңырақтың кішісі – Орақ. Ол үшін ұлы бесінде Орақ жаяулап Жөнеген жақты бетке алып, әуелі түйелерін тауып алады да бірін мініп, екіншісін жетектеп қой-ешкіні іздейді. Содан соң жандығын айдап, әнін салып, қызыл іңірде үйге оралады. Ондайда нұрдай ай сәулесі төгіліп, тұп-тұнық кеште сыртылдаған қой-ешкі тұқайларының дыбысынан басқа өзге үн естілмейді. Еріксіз ән салғың келеді.

Айтпақшы, ән дегеннен шығады- ау, қалаға кіргенде көшелер шетіндегі бағаналар басындағы қара қалпақ радиодан ән шалқиды, күй күмбірлейді. Жамал апай «Алтайына» басса, Роза Бағланова «Ах, Самара городок­ты», Рабиға Есімжанова «Жетісуын» төгілдіреді. Домбырада «Ақбай» мен «Кішкентай» күңіренеді, «Сарыарқа» тау өзеніндей арындайды. Олар Ораққа керемет ұнайды, тіпті сол бір әуендер үшін өрістен әдейі кештетіп оралатын сияқты еді.

Бірде ол қала көшелерінің бірімен келе жатса, бір үйдің алдында буы бұрқыраған темір астау тұр. Қалың шық түссе, топырағы балшыққа ай­налатын Гурьевтің қай көшесімен жүрсең де аяғыңның оңып тұрғаны жоқ, жалма-жан етігін тазалап алуды ойлаған Орақтың сулы таяқты қолға алғаны сол еді, әлдебір ашық тұрған терезеден күй төгілуде. Күйді фортепи­ано сүйемелдейді. Бұл елең ете түсті. Аяғын жуа сап, әлгі үйді айналсоқтап, тағы да жүріп еді, бір бөлмеден домбы­ра үні естіледі. Бірақ, ол әлгіндей емес, әлсіздеу. Шамасы жаңадан үйреніп жүрген біреу сын-ды. Бір кезде есік жанындағы «Құрманғазы атындағы облыстық балалар музыка мектебі» де­ген жазуды көрді. Көрді де ішке енді. Ондағы ойы – күйші болу. Ол үшін не істеу керек? Кім үйретеді? Соны білу еді. Ақыры аталған мектепке жазылып, күйшілік өнердің алғашқы құпияларын үйрене бастады.

Күй сапары

Уақыт өте кәдімгідей домбыра­шы болды. Артынан қаладағы Дина Н ұ р п е й і с о в а ат ы н д а ғ ы м у з ы ка училищесінің домбыра бөліміне түсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сейілхан Құсайыновтан сабақ алды. Ол алды кең, тура өнер үшін туған адам еді. Әсіресе күй десе, ішкен асын жерге қойып, ұйқыдан, күлкіден айырылып күн кешетін. Ал, жолдасы Раушан Нұрпейісова болса, Атырауда жойылып кеткен қобыз өнерін қайта тірілтіп, қаншама ұл-қызды тәрбиелеп шығарды. Бір кереметі – сол ерлі- зайыпты Сейілхан аға мен Раушан апай жаз болса, училище сабағы аяқталған бойда екі-үш баласының үлкенін же­тектеп, кішісін құндақтап және әнші- күйші студенттерінің 4-5-ін жандарына алып, ел аралап кететін. Мақсат – жаңа оқу жылына студенттер қабылдау. Орақ сол құрамда Маңғыстау, Азғыр өңірлерінде болып, әр ауылға концерт қойып, талапкер жастарды қабылдағаны есінде.

Аталған оқу орнында Орақ дирижерлік және орындаушылық шеберлік бойынша біліп алып, оған қоса жалпы арнаулы мектептердегі музыка пәнінің мұғалімі деген мамандық меңгеріп, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда өз білімін одан әрі жетілдірді. Мұнда орындаушылық шеберліктен Бақыт Қарабалина сабақ берсе, дирижерлікке Шамғон Қажығалиев баулыды. Бұл Бақыт апайдың аталған оқу орнын бітіріп, консерваторияға ұстаздыққа қалдырылған тұстағы алғашқы шәкірті- тұғын. Ол төкпе күйдің көрнекті шебері болумен бірге классикалық шығармалар орындауда орны ерекше күйші еді. Ал, Шәкең қазақ халық аспаптарында ұжымдық орындаушылықты әлемдік деңгейге көтерген керемет дирижер болатын. Ол сабақ барысында аса қатал, талапшыл ұстаз болумен бірге, шәкірті бойындағы шеберлікті тез танитын, қамқорлығы мол ұстаз-ды.

Ағалар алақанында

Бақыт апасы бұның бойындағы қабілетті ерте аңғарды. Алғашқы курстың аяғында-ақ (06.04.1966 ж.) Шамғон Сағаддинұлының алдына алып келіп, «Өнер адамы алдымен үлкен ұжымда ысылып, тәжірибе жинақтауы керек. Алдыңғы толқын ағалар өнегесінен үлгі алғаны дұрыс» дегені бар. Айтқанындай, Орақ аталған оркестрде төрт жыл бойы Самиғолла Андарбаев, Рүстембек Омаров, Бақтияр Құбайжановтардың жанын­да отырып, бойы өсті, буыны қатты. Артқы орындықтағы жай үйренушіден алдыңғы қатардағы жетекші маманға дейін өсті. Тек Шамғон аға ғана емес, Одаққа, әлемге аты мәлім Ф.Мансуров, Т.Хренников, М.Козловскийлердің өзі осы оркестрге басшылық еткенде ол құрамдағы ойыншы ретінде домбы­ра шертті. Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Р.Жаманова, ағайынды Абдуллиндер, атақты С.Лемешевтерді қостап, сахнаға сән берді.

Ол аталған оркестр құрамында болған жылдары күй жебеу мен әндер қостаудың шеберліктерін молынан меңгерді. Бақыт апайы тек теориялық білім беріп қана қойған жоқ, әрі қағыс, иірім, екі қолы домбырада бірдей жорғалап, кейбір нотаға түспеген қағыстардың өзін іліп әкетер ше­бер орындаушы ретінде қалыптастырды.

– Сол 1966 жылы қазақ күйінің ғажайып қамқоршысы Ахмет Жұбанов 60 жасқа толып, мерейтойлық кештегі концертте оның өзі ұйымдастырып, құрған Құрманғазы оркестрі концерт берді. Концерттегі үш шығармаға Ахаңның өзі дирижерлік етті. Бірнеше күн дайындық жүргізді. Байқағаным, трактовкасы бөлек, үйретері нақты, өте шебер, әрі аспаптың орнын бағалайды және әр орындаушы­мен тең дәрежеде еркін, бауырына тарта сөйлейтіні ұнады, – дейді өткен күндерін еске алған Орақ Жауыров.

Сиқыры мол таяқша

Орақ 1970 жылы аталған оқу ор­нын бітіріп, өзі туған Атырау қаласына оралды. Д.Нұрпейісова атындағы халық оркестріне дирижер болып орналасты. Әрине, халықтық болғасын оның дири­жерден басқа басыбайлы мүшесі жоқ. Бәрі де қоғамдық негізде – түрлі мектеп, кәсіпорын, мекемелерде жұмыс істейтін мамандық иелері. Бірақ, өнерді жанда­рындай жақсы көреді, сүйеді. Әйтсе де, қандай ма бір атаулы мереке, шаралар­да аталған оркестр концерт қоюы керек деп талап етіледі. Соған сай мекемелерге телефон шалынып, оркестр мүшелерін жұмыстан босатып, сұрап алғаны жөн. Көбіне-көп кешкілік мезгілдерде түннің бір уағына шейін дайындық жасалы­нып, репертуар жаңартылады. Орақ осы жұмыстың басы-қасында болып, біраз тер төкті, абыройға бөленді.

Атырау өңірінде қазақ ұлт-аспаптар оркестрлері өткен ғасырдың орта тұсынан бері өмір сүріп келеді. Кезінде барлық ауданның мәдениет үйлері мен жекелеген шаруашылықтарда оркестрлер болды. Калинин, Сағыз, Еркінқала, Аққыстау оркестрлерінің даңқы республикаға жетті. Олар облыс орталығында өтетін сайыстарда шеберліктерін таны­тып, өз атақтарын қорғап қалатын. Солардың бәріне Орақ практикалық көмек берді. Дирижерлеріне шеберлік шыңдау сабақтарын өткізді. Өзі кезінде училищенің, Алматыда, кейін Ақтауда оркестрлер құрды. Маңғыстаудағы Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің негізін қалап, есімін елге танытқан да – осы Орақ. Атырауда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» фольклорлық оркестріне жетекшілік (бас дирижер және көркемдік жетекші) етті. Аталған оркестр осы тұста Біріккен Араб Әмірлігінде, Дондағы Ростовта, Кореяда өнер көрсетті, халықаралық конкурстар­да жеңімпаз атанды.

Орақ Жауырұлының облыста осын­дай ұжымдық өнерді дамытумен бірге жастарды қазақ халқының дәстүрлі күй өнеріне, өнерге баулу, теориялық білім беруге қосқан үлесі айтарлықтай. Атыраудың Д.Нұрпейісова атындағы және Алматының Чайковский атындағы музыка училищелерінде, Құрманғазы атындағы облыстық балалар музыка мектебі мен Ақтауда да сабақ берді, басшылық жасады.

Ұстаздың жолы бір басқа

Бұл күнде Орақ Жауыровтың аты алысқа кеткен үлкен оркестрлермен жұмыс істеп, бірде қатардағы домбыра­шы, екіншісінде оның жетекшісі атанып, халықтық өнердің қаһарманы атанғанына елу жылдан артық уақыт өтіпті. Әр жастағы адамдармен түрлі ұжыммен жұмыс істеудің өз ерекшелігі бар. Мәселен, көркемөнерпаздар оркестрінде бір шығарманы апта бойы әзірлеу керек болса, кәсіби ұжымда бар-жоғы екі-үш күнде сахнаға шығара алады. Сондай- ақ, балалармен жұмыс істеудің де өзіндік құпиясы мол. Бірақ, олардың жаны таза, нәзік, берілген тапсырмаларды дер кезінде мүлтіксіз орындайды. Сондықтан, Орақ балалармен жұмыс істегенді ұнатады.

Ол мамандығын дирижерлік деп біледі. Ал, дирижер болу үшін ең бастысы, күй табиғатын түсінуі керек. Өнерде ән өз ойын алдымен әуен, содан соң ғана өлеңмен (мәтінмен) жеткізеді. Күйде характер (мінез), екпін, орындау шеберлігі бар. Әр күйдің басы, шарықтау шегі, аяғы, тұтастық жүйе, мазмұн болады. Мұны ең басты­сы, дирижер жүйелеп түсінуі, оркестр ой­наушыларына түсіндіріп, ұғындырғаны дұрыс. Сөйтіп, орындаушылар мен дирижер ойының бір жерден шығуы тыңдаушылар сүйіспеншілігін тудырады. Ұжымның көркемдік шеберлігін қалыптастыратын – дирижер. Шебер дирижер әп дегеннен өз стилін, бағытын орнықтырады. Бұл ретте дирижер тұғырына көтерілу оңай, бірақ тыңдаушы жүрегіне жетіп, дүркірете қол соқтыру қиын. Күні кешеге дейін Д.Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық академиялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі болып еңбек ет­кен Орақ Жауыров болса, мұндай құрметке әлдеқашан ие болған дирижерлердің бірі еді.

Ол аталған оркестрге жетекші болған жылдарда ұжыммен Түркияда, Германия, Австрия, Франция, Ресей елдерінде, Астанада өнер көрсетті. Аудандарға шықты, облыс орталығында бірнеше концерт берді. Бәрінде де жұртшылық қошеметіне бөленді. Дүркіреп қол соғылды, құшақ-құшақ гүл сыйланды. Сайып келгенде, өнерде қошемет сұрап алынбайды, тыңдаушы өз жүрегінің қалауымен береді. Ондай сый, марапатқа Орақ әлдеқашан ие болды.

Қазір ол құрметті еңбек демалысында. Анда-санда қолына домбыра алып, кеудесін кернеген керемет әуендерді күйге айналдырады. Бұл күнде оның 6 күйі бар. Олар Орекеңнің кіндік кесіп, кір жуған топырағы – Томарлы мен балалығы өткен Қайыршақтыға арналған «Бойтұмарым – Томарлым», «Атақоныс Қайыршақты» және «Өмір – сайран-ай», ауылдас ағалары, соғыс еңбек ардагерлері Қайырғали мен Рахым, Әсия апаға арналған «Зытып келем, зытып келем», «Шаттық думан» және өзінің дүниеден ертерек кеткен ұлы Әділбектің рухына арналған «Дарабозым» күйлері. Аталған шығармалардың қай-қайсысы да үлкен сахналарда орындалып, көпке танылған дүниелер.

…Ол осы ғұмырында халқымыздың күй сазымен қалқып, шалқыды. Күй оның атын ардақтап, абыройға бөледі. Әуен құшағындағы ғұмыры әлі де жалғаса бермек.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

*PR

img 20201023 wa0016
img 20201023 wa0017
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз