«Көз тиген» сәби көз жұмған…

2019 12 04 koz tiyu Жаңалықтар

Atr.kz/28 қаңтар, 2019 жыл. Бұл оқиғаға да шамамен жиырма шақты жыл өтіп кетіпті. Танысымның анасы үшінші баласын өмірге алып келді. Өзі жасы келіп отырған апай күтілген мерзімнен кеш жеңілденді. Әдетте нәресте ана құрсағынан тоғыз ай, тоғыз күн дегенде жетіліп шығатын болса, бұл сәби он ай дегенде жарық дүниеге келді.

Өзі аппақ, туған сәтте көзін ашып алған нәресте қылық шығарып, айналасындағыларды тәнті еткен. Медбикелерден бастап, жас босанған келіншектердің өзі күні асып кеткен осы сәбиді айналшықтап, қызықтаса керек. Сөйткен сәби мен анасы перзентханадан шығарда қоштасуға келген келіншек «апа, сіздің балаңыз сондай әдемі, қылықты. Біздердікі әлі күшік сияқты қап-қара болып жатыр» деп, нәрестені шөпілдетіп сүйіп кетіпті.

Арада санаулы күн өткен кезде сәби көз жұмды. Ата-анасының жанында әрі кетсе он күн өмір сүрсе керек. Нәрестені пәктеуге қатысқан үлкендер сәбидің денесін қара дақтардың алып кеткенін көріп таң қалысқан. «Көз қоймайды ғой» депті сол кезде көпті көрген бір кейуана. Осылайша, ана құрсағында аман-есен жетілген сәби жарық дүниеге сыймай кетті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Біздің қозғап отырған тақырыбымыз да осы. Қазақтың ұғымында сақталып қалған көз тию деген нәрсе не өзі? Осы сұраққа жауап іздеп, алдымен ашық дереккөздерге жүгіндік. Интернет-энциклопедия «Уикипедия» берген түсінікте –халқымыздың ұғымында жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, әдемі қызға тіл-көз тиеді деген ұғымның болғаны айтылады.

Мәселен, нәрестеге тіл-көз тимесін деген мақсатта кезінде ата-бабаларымыз молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, баланың мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қойған. Егер сәби кенет науқастанып қалса, «көз тиді, біреудің сұғы өтті» деп жорып, оған арнайы ем де жасаған.

Көз тию шариғатымызда да мойындалған нәрсе екен. Бұл туралы Алла елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері де бар. «Көз тию, расында, бар дүние. Бір нәрсеге таңырқаған мұсылман «Бәракаллаһу фиһ» десін» деген. Яғни, жақсылыққа таңырқасаңыз «Алла берекесін берсін» деңіз.

«Мәселен, бір адамға жақсы сөз айтсақ, оның көңілкүйі көтеріледі. Жаман сөз айтылса, ол адамның көңіл-күйін түсіреді. Сол сияқты, адамға сөзбен бірге көз де әсер етеді. Шариғатта мұсылман қорғаны деген нәрсе бар. Адам түнде жатарда дәрет алып, «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқып жататын болса, бұл да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Мұсылман адам өзін намазбен де қорғай алады» дейді дін саласының маманы Мұрат Мұстафаев.

Отбасылық психолог Ғайни Төкенованың пікірінше, көз тию тақырыбына ғылыми тұрғыда түсінік берілмеген.

«Психологиялық тұрғыдан қарағанда, адамда энергетикалық шекара деген дүние болады. Кейбір адамдар тумысынан энергетикасының күштілігімен ерекшеленеді. Мұны адамның бір нәрсеге сұқтануынан байқауға болады. Біреудің қуатты энергиясы біреуге қандайма бір әсер етуі мүмкін. Десе де, мәселе адамның санасында. Яғни, адам жақсылыққа сенуі керек. Сіз санаға сигнал жіберу арқылы өзіңізді қорғай аласыз» дейді психолог маман.

Қалай десек те, әр адам өз алдына бір бөлек әлем. Және әр адамды энергия ретінде қарастыратын болсақ, әсіресе, нәрестелерімізді біреудің сұқтануынан мейлінше қорғағанымыз дұрыс. Себебі, басқа- басқа, сәбилерде қорғаныс энергиясының тапшы болатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденген факт. Демек, көз тию – ақиқат. Одан адамды дұға ғана құтқарады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Роза ҚОЖАМБЕРГЕНОВА,

көп балалы ана:

Сәбидің бесігіне қасқырдың не жолбарыстың тісі сынды ерекше заттарды байлаған. Осындай ерекше дүниелер өзгенің назарын аудару мақсатында ілінген. Қазақ жас келінге және жаңа туған ботаға көз тиеді деп те қатты сақтанған.

Әдетте, жұрттың назары жаңа түскен келінде болатыны белгілі. Осындайда әулеттің үлкендері келінге өзгенің жүзіне тік қарамауды ескертіп отырған. Ботаның өзінің мойнына моншақ тізіп, құлағына жіп тағып көркемдеп қойған. «Тілдінің тілінен, Көздінің көзінен сақта» деген бар. Демек, Құран аяттарын, сүрелерін оқып жүргеніміз абзал.

http://atr.kz/bez-rubriki/s%D3%99bi-%D3%A9limi-biz-%D2%AFshin-tragediya/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз