Өкінеді ақындар өтерінде

руханият басты такырып Жаңалықтар

Дүниеде ұйықтамайтын екі қала болса, бірі – Париж. Ақындар оны «әлемнің астанасы» дейді. Осынау жау-һар шаһардың жүрегіндей Келісім алаңы қай кезде де халыққа лық толы. Елисей жолымен келіп, құйылып жататын елдің есеп-қисабы жоқ. Әлем қалаларының қай-қайсысында да бір сиқырлы нүктелер болады. Қашан келсең де, қанша рет келсең де, сол сиқырлы әлем сізді өзіне тартып тұрады. Мен сіздерге бүгін Бунин туралы  айтпақшымын. Әлбетте, жеріне жеткізіп айта алмасымды, жекен суын түгел адақтай алмасымды білемін. Ол мүмкін емес. Менікі – «шешінген судан тайынбастың» кері ғана. Талпынбасаң, тағы пәле, өзіңді-өзің жеп бітесің. Оның жарты өмірі осында, сүргінде өтті. Осында өлді. Тарихшыларының айтуынша, ол кезінде осы алаңда демалғанды ұнатады екен.

руханият басты такырып

Келісім алаңы, әсіресе, таң алдында айрықша сұлуланып кетеді. Бұл кезде шығыс бетте Шолпан жұлдыз сөнеді. Аспан аруы өз сұлулығын осы алаңға беріп бара жатқандай. Жұлдыздардың сәулесі алыстаған сайын алаң нұрлана түседі. Париж мәңгі ояу. Париж кірпік ілмейді. Бұл суретті Бунин талай рет көрді. Бұл алаңға кім келіп, кім кетпеген? Мұнда не өтпеді?! Мұнда Мария де Антуанетта ханшайымның басы алынды. Тек ханшайымның ғана ма? Таң алдында осы жерде Марияның елесі жүреді және ол тек шын сүйгендерге ғана көрінеді деседі. Бір кездері Париж ғашықтары азанмен осында топтасады екен. Жетер. Бунинге оның ешқайсысы да қызық емес еді. Үкім оқылып, алаңның қақ ортасында ажал ошағы аталған жерге келе  жатқанда Мария де Антуанетта аңдаусызда жендеттің аяғын басып кетеді. «Ғафу етіңіз, мьсе, мен байқамай қалдым» дейді нәзік үнді ханшайым бұрылып, «Тәңірі жарылқасын, кешіре көріңіз». Жендет не деді, оны ешкім білмейді. Енді бір қас қағым сәттен соң дүниені сұлулығымен, ақылдылығымен таңқалдырған таңғажайып әйелдің  басы жерде домалап жатты…

Бунинге ханшайымның соңғы сөздері қатты әсер ететін. Біреулер бұл сөзді айтқан ол емес, ағылшын ханшайымы Анна Болейн десе де, Бунин мойын бұрған жоқ. Ол сұлулықты, тәкәппарлықты, тазалықты жырлаумен өтті. Лас, тұрпайы, топас Ресейден кетуіне де сол асыл мұраттар себеп болды. Бунин үшін Париж түк те «Нөтіғ дәм де Пәғи» емес еді. Ол үшін Париж Елисей алқабы, Фантебло, Лувр, Сена көпірлері, алтын күмбез, ақ шіркеулер, сан жетпес мейрамханалар мен кафелер, клубтар мен театрлар, сосын, әрине, «нәзіктігі сонша, бір жұтым сумен жұтса болардай» (Бедил шайыр) қыпшабелдерден де бұрын Мария де Антуанеттаның ажал аузында тұрып айтқан әлгі сөздері болатын. Бәлкім, бұл ойдан құрастырыл-ған әфсана шығар. Басы кесілетін әйелдің не айтқанын тыңдап тұрған кім бар еді дейсіз? Мүмкін, расында да солай болған шығар. Бірақ, оның ешқайсысы да маңызды емес. Ақын өзіне керекті әлемді өзі жасап алады. Ресми билік құрған құрылымдардың оған көбіне ұнамайтыны да содан. «Үйден жалықса Бунин ылғи да Келісім алаңына тартушы еді» дейді замандастары. Оның өмірі осы екі аралықта, яки Парижден Грасс аймағындағы атақты «Бельведер» вилласына керісінше Грасстан Парижге қатынаумен (Келісім алаңына) өтті.

Есіл өмірі. 1920 жылы Париждегі Жак Оффенбах көшесінен шағындау үй сатып алады. Бірақ, оны үй деп қабылдаған жоқ. Оның үйі Бүкіл Ресей болатын.

руханият басты такырып2

Құстың ұясы бар,

Жыртқыштың үңгірі бар,

Менің нем бар, не таптым елден шығып,

Өлексенің кебі бұл өлген шіріп.

Күнде оралам жалға алған пәтеріме

Көрге кірген секілді көрден шығып.

Үйіне ораларда баяу шайқалған трамвай дөңгелектері дүрсілінен де ол керемет ырғақ пен әдемі үйлесімдерді естіп отырушы еді.

…Таксист, үшінші, не төртінші атасы әлде Нигерия, әлде Тунистен келген,  керік бітімдес денесінде кесім артық еті жоқ сыптығыр қара жігіт Бунин тұрған  сол көшені ұзақ іздеп таба алмады. Хемингуэйден қалды деген бір сөз бар. Бәлкім, мұны айтқан басқа біреу болар. Мықтылар аз ба, бұл дүнияда, сонымен әлгі мықты не дейді? «Дүниенің қай түкпіріне барсаң да бір-бірінен аумайтын кәсіп иелері болады, олар – бірінші кезекте полицейлер, сосын көше жезөкшелері мен үкімет мүшелері және әрине, таксистер. Осылардың бәріне ортақ не қасиет барын айтайын ба, ол – қатыгездік. Олар ешкімді аямайды».

Өз басым мұның дұрыс, бұрыстығына төрелік айта алмаймын. Менің тізгіншімнің картасы да, навигаторлық жүйесі де көмек етпеді. Біреулерге телефондап көріп еді, олар да естімеген болып шықты. Ақыры менен қалай құтылудың амалын ойлай бастаған болуы керек, еңсеріле бұрылып, «Сізге орыс керек пе?» деп сұрады. «Орыстың ұлы жазушысының үйі!» деп едім, ол Булон орманына жақын қайдағы бір Наташа, Любалардың үйін білетінін айтты. Орыстың Наташасын бүгінде әлем біледі. Мен «Буниннің үйін тап!» деймін тақымдап. Әуелі «Бунин дегенді естісем, құлағым керең болсын!» деп ашуланды, сосын мұнысымен мені жүйкелете алмасын біліп, орыстарды жамандай жөнелді. Бұнысы да әсер етпеген соң аяқ астынан патриот болып, «пәғлей  фғансей!» («французша сөйлеңіз!») деп, рульді төпелегеннен-ақ жолым болмайтынын сездім. Буниннің «Қасиетті дүйсенбі» дейтұғын лирикалық әңгімесіндегі түнгі Мәскеуде Грибоедовтың үйін іздейтін екі ғашықтың көрген хикметі секілді оқиға болды бұл да бір. Ақыры, тізгіншіден жақын жердегі пойыз стансасына жеткізіп салуын өтініп едім, «қай бағытқа жүресіз?» деп сұрады. «Сент Женеве де Буә!». Бақытыма орай, теміржол вокзалының жанында жүр екенбіз. «Оффенбах, Оффенбах!» деп қарынға жабысқан талақтай айырылмай қойған «орыстан» құтылғанына қуанған қара бала  әп-сәтте алып мегополистің ағын әлеміне сіңіп жоғалды. Кетерінде  жолақысына қоса ай таңбаның суреті бар қазақ сувенирін ұстаттым. «Сіз мұсылмансыз ба, орыс емес екенсіз ғой? Машаллаһ!» деп таңқала сұрады ол.

Мынау  сол Сен Женеве де Буә. Кішкене қалашық. Еуропада мұндай кенттер өте көп. Ерекше бірдеңесін байқай қою қиын. Мұнда Оноре де Бальзактың бай кітапханасы, бүкіл Францияға мәлім хайуанаттар паркі барын оқығанмын. Менің бағытым – орыс мазарстаны. Онда Бунин жерленген.

Бұрын мен «Буниннің қабірін алғаш көрген адам қандай күйде болады екен?» деп ойлайтынмын. Міне, қарапайым қашалған ақ мәрмәр құлпытастың жанында тұрмын. Шағын бейіт. Ешқандай әлеміш-күлемішсіз. Осы бір ұлтарақтай ғана жерде бүкіл әлемді ауызына қаратқан алып жазушы жатыр. Қазақ айтады «дүние жалған» деп.

«Жаңа жерлер, жасыл көлдер шақырады қол бұлғап» (Тұманбай Молдағалиев), бұрын келмеген жеріңізді мүмкіндігінше көбірек аралап, тереңірек білгіңіз келетіні түсінікті. Театр, музей, тарихи орындар, кітапхана, сауда, ойын-сауық орталықтарына екінің бірі барады, ал, енді жаңа жердегі көне бе-йіттерді аралауды ұнатасыз ба? «Иә» десеңіз, мен –сіздің досыңызбын. Мен мұның не екенін, алғаш қалай әдетке айналғанын, кімнен не үшін  үйренгенімді, оны айтасыз, мұның қандай қасиет екенін де айта алмаймын, бірақ, көне мазарларда бір тылсым күш барын анық білемін. Моладан қорқудың керегі жоқ.

Орыстың талай жайсаңдары мен қасқалары мәңгі орнын   тапқан ескі қорым. Көне шіркеудің күмбезі алыстан көрінбейді, күнге шағылысып жалтырамайды, қоңырауы күмбірлемейді. Тып-тыныш. Біздің қазақтың ескі бір сөзі «Шеңгел де өз жерінде гүлдесін» дейді. Бір кездері ноқтаға басы симаған талай асаудың ақырғы мекені құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Атағы жер жарған бекзадалар, мәшһүр династиялардың өкілдері, генералдар, әртістер, жазушылар, үкімет адамдары… сосын, әрине, «айтаққа еріп айдалаға лаққан байғұстар».

руханият басты такырып3

«Қазақ пен ноғай айырылды, қазақ сартқа қайырылды» дейтін заманнан таныс атақты ноғай ұлысының Жүсіп мырзасынан тарайтын князь Юсуповтардың қорымы ерекше салтанатты. Заты башқұрт даңқты биші Р.Нұриев  осында жерленіпті.

Осындай марқасқалардың арасында кейбір замандастары кекетіп айтатындай «небәрі төрт-ақ сыныптық  білімі бар академик Бунин» жатыр. Иә, атағы әлемге мәшһүр Санкт Петербург академиясының Құрметті академигі Иван Бунин. Ғұлама Бунин. Оның гимназияда  бар болғаны төрт-ақ жыл оқығаны рас. Қалған білімнің бәрін, жоқ олай емес, қалған ұшан-теңіз білімнің бәрін өз бетімен үйренді. Тарихшылар білім алуда Юлий деген ағасының көп көмегі тигенін айтады. Иван француз, ағылшын, көне грек, неміс тілдерін жетік меңгерді. Араб тіліне қызықты. Оның шығармаларынан Чеховтың кейіпкерлері секілді бірнеше  шет ел тілін білетін адамдарды көп кездестіретініңіз содан болар.

Қайда жүрсек те, қазақ іздей жүретініміз бар ғой, «тілсіз қаланы» аралап келе жатып, мына бір бейітті көрдім. Николай Байтуғанов. Байтуған деген орыс болмайтыны рас қой. Бәлкім, қазақ шығар. Кім білсін, кешегі босқан елмен бірге шетке кеткен бейбақтың бірі болар, бәлкім, Қазақстанда туыстары бар шығар… Құлпытасын суретке түсіріп алдым.

«Дарияның жарға соққан  толқынындай» (Балуан Шолақ) жастық шақта адам қайда бармайды, қай қиырды кезбейді? Ал, енді есейген кезде елден кетудің қиындығын тек бастан кешкен ғана біледі, қалғаны – бос сөз. Елден кеткеннің бәрін сатқын деп көрсету – ресми идеологияның ажырамас бір бөлігі. Ал, анығында неге кетті, кім үшін кетті, ол туралы айтылмайды. Мен шет елдерде туған жерінен алыста бой тасалап жүрген талай міскіндермен  кездестім. Қай-қайсысы да «өміріміз жақсы» демейді. «Жақсы» дейтін топтар бар. Кешіріңіз, топтар емес, топ бар. Оның жөні басқа. Олар үшін қасиетті ештеңе жоқ. Бунин секілділер жылап отырып айтатын әңгімені  көн бет ұятсыздық пен қылжаққа, әжуаға, мазаққа айналдырып, күліп отырады.

Тағы бір топ – шет елге кеткен әйелдер. Мен осыларды еш түсіне алмаймын. Германияда, Майнадағы Франкфурт шаһарында әкесінен үлкен шалға тиген талай қазақ қыздарын көрдім. Италияда, Помпейге тақау бір қыстақтағы фермерге тұрмысқа шығып, есекпен тау беткейіндегі жүзімдікке су тасып жүрген қарындасымыз менің қазақ екенімді біліп, тұра қашты. Алматыға босқын болып келген нигериялыққа тиіп, жыл аралатып қара домалақ балаларды бірінен соң бірін шұбыртып отырған Айнұр есімді қарындасымызбен болған әңгімеде «су аяғы құрдым, сөз аяғы қалжың» деп, «қарағым-ау, Қазақстанға ертең  кім ие болады, қара бала қазақта да бар емес пе?» дегенмін, ол «мен ұлтшылдармен сөйлеспеймін!» деп, түйеден түскендей, дүңк ете қалды. Фашист демегеніне шүкір. Қайдан сап ете қалғанын білмеймін, әлгінің әкесі мен шешесі екі жақтан атойлай шауып, қызының қылығын мақұлдап, мені біраз жерге апарып тастады. Шекілдеуігін шағып «күйеу баламыз» тұр бір шетте. «Қай жеңгенің менікі» дегендей, миықтан күліп қояды.

Ертеңіне ашуы басылды білем, әлгі қыз мені арнайы  іздеп келді: «Негрге тидің деп күстаналайтын тек сіз емес» деп бастады ол әңгімесін, алғашында әкем қарсы болды, шешем «кімге тисең, оған ти, тек жыламай жүрсең болды» деді. Шешем рұқсат берген соң шықтым». Шешені тыңдамасам, кім болғаным?

Америкада, Калифорнияның Торрансе қаласындағы шағын дүкенде бәліш сатып тұратын Бибігүл деген қазақ қызының күйеуі өзінен отыз жас үлкен атан түйедей алып негр Қазақстанның қайда екенін де білмейді. Оған Қазақстанның не керегі бар?

руханият басты такырып4

Африканың қарға миын қайнатар ыстығында қара баласын жетектеп жалаң аяқ келе жатқан қазақ қызын көріп, әңгімелескенім бар, ол өміріне разы. Қазақстандағы ахуалдарға түк те қызықпайды. Оларды айтпағанда, көрші орыс, тәжік, түрік пен өзбек, қырғызға тиген қазақ қыздары да төркіннен гөрі, көбінесе түскен жерінің жоғын көбірек жоқтайды. Барған жеріне тастай батып, судай сіңуді ойлайтын болар. Қазақстан телеарналарында өзге елдің азаматтарына күйеуге тиген қыздар туралы арнайы хабарлар жүйелі түрде эфирге шығып келеді. Қазақ  әндері арқау болған жекелеген  клиптерде  қазақ қызының күйеуі басқа ұлт өкілі болады. Мақсат не сонда?

Еревандағы Қазақстан елшілігі алдында   жолыққан   қазақ әйелі әлі есімде. Ақмола жақтың қызы көрінеді. Бұдан отыз жылдай бұрын Қазақстан-ға жұмыс іздеп келген бір армян етікшіге тұрмысқа шығады. Қазақшаны әлдеқашан ұмытқан. Христиан дініне қалай, қашан өткенін жыр ғып айтады. Жексенбі сайын шіркеуден қалмайды. Елшілікке еден сыпырушы болып орналасқысы келеді екен. Жәрдем сұрайды. «Елге бармаймын, ол жақ  суық» дейді.

Қытайға әйел болған қазақ қыздарының саны жыл санап көбейіп келеді. Әсіресе, Ақтөбе облысы мен Атырау аймақтарының қыздары шетелдіктерге көп шығады. Бұл – ресми мәліметтерден алынған деректер.

«Қазақстан бізге жәрдем беруі керек қой» деген  қазақ қызын сөйлеткім келіп, (тәжіктің әйелі) «ол неге сендерге көмектесуі керек?» деп әдейі сұрағаным бар. Үндемейді. Қазақстаннан алуға керек. Қазақстан бәріне беру керек. Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың шешесі (қазақ қызы, әлбетте) төркіні таяқ тастам жерде тұрса да, қазақша сөйлеуді ұмытқан, өмірден өзін қырғыз сезініп өтті.

Қазақ әйелдеріне байланысты көкейде жүрген көп мәселе бар. Ертеректе бір интернет сайтынан «Көбіне олар (қазақ әйелдері) іштей өздерін өзгелерден кем сезінеді, әдемі емеспіз деп ойлайды. Ерте   бояна бастайтыны да содан. Боянбайтын қазақ әйелін сирек көресіз. Шет елде, әсіресе, Еуропада, Америкада боянған әйелді дұрыс түсінбеуі мүмкін. Қазақ қыздары ата-анадан ешқандай шектеу-шегеру көр-мей өседі, оларда мұсылман халықтарына тән қысылу, қымтырылу атымен жоқ. Өздері  бұл қылықтарын озық елдерге тән абзал қасиеттер деп есептейді. Көрші азиялықтар оларды  «кәпір қазақ» деп атайды» деген сыңаржақ, қыжыртпа пікір оқығаным бар. Әрине, намысың келеді. Бірақ, қалай десек те, қазақ әйелі деген соңғы жылдары пайда болған  бірді-екілі түсініксіз төмен етектілер емес, қазақ әйелі деген – кешегі Қыз Жібек, Домалақ ана, Айман, Шолпан, ақын Сара, Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апай мен Фариза, Роза мен Бибігүл… иә,  тізімді соза беруге болады. Мұқағали айтпақшы, «Қайран біздің шешелер арды ойлаған!». Арды ойлаған аналарымыздан азған-тозған әлдекімдер садаға кетсін.

Бунин атажұртына ұлтшыл қаламгер ретінде қымбат. Ол орыс әйелдері туралы  көп жазды. Ұлттың алтын діңгегі әйелдер екенін өмір бақи айтумен өтті. Ол «Француз әдебиетінің  ең ұлы шығармасы деп қай туындыны айтар едіңіз?» деген сауалға «Тәңірім-ау, сондай да сауал бола ма екен, әлбетте, Ги де Моппасанның  «Пышкасы» деп жауап берген.

Оның өлеңді аз жазғаны да рас. Анадай таланты, анадай талғамы, анадай кіді мінезі бар адам көп жаза да алмас еді. Ол арнайы бәйгелерге ғана қатысатын асыл тұқымды, арабы арғымақ секілді еді,  соның үшін той-томалақтан қалмай, тобыр арасында шаң-тозаңға өкпесі өшіп, қалай да алып қалуға, алып қала алмаса, шалып қалуға дағдылан-ған тобан аяқ, тоқпақ жал Горькийлерді түсіне алмады, бәлкім, түсінгісі келмеген де шығар.

Оның достары аз еді дейді. Бұған сенуге болады. Анадай таланты, анадай  талғамы, анадай кіді мінезі бар адамның досы көп болуы мүмкін емес еді. Ол маңына көп ешкімді жуытпады. Оның   жалғыздығы өзі таңдап алған жалғыздық болатын. Бұл үшін ол ешкімді кінәлаған жоқ. Несіне кінәлайды? Тіпті өзімен бірге шет ел асып кеткен қаламгерлермен де араласа алмайды.  «Әдемі бастал-ған отырыс көп ұзамай ерегеспен аяқталатын. Шынын айтқанда, шырық бұзып, кермалдасуды бастайтын көбінесе      Бунин еді» деп еске алады замандастары. Алексей Толстойды «бұл түк те граф емес, кәдімгі алаяқтың өзі, адамгершілік дегеннен жұрдай, принцип дегеннен мүлде ада, арының жоқтығынан гөрі, қарынының тоқтығын ғана ойлайтын албасты» деп тілдесе, жік-жаппар  болып алдында құрдай жорғалайтын Горкийді «ал, мына Горький дегені қара табан құл мен күңнен туған неме, қысқасы,  тегі жарымаған  нағыз иттің баласы» деп жазды, Есенинді  «күні біткен мас-күнем», Маяковскийді «бейшарадан сорлы туады» деп күстаналайды.

Оған 1933 жылы Швед ғылым академиясының шешімімен Нобель сыйлығы берілді. Жұрт «Арсеньевтердің өмірі» атты повесін меңзеді. Орыс диаспорасы оның поэзиясын сүйетін. Оның махаббат лирикасын, әсіресе, ханшалар мен ханымдар ерекше бағалады. Неге әйелдер? Мұны біз білмейміз. Әсте, «Ие, бұл дүниеде (бәлкім, о дүниеде де) шын ғашық болып, өлердей сүйе алатын әйелдер ғана» дейтін сөз рас болар. Бірақ, бұл дүниеде шын сүйе алатын ақындар ғана екенін неге мойындамайды бұл ғалам?!

Жаным еңлік,

Тар жол, тайғақ кешуге тағы келдік.

Тағы адастық тал түсте екінші рет,

Жүректерді тағы да  әбігер ғып.

 

Жаным еңлік,

Сағынышым – тозбайтын сары белдік.

Кімге қалмақ деп ойлап күрсінемін,

Не қалдырам демеймін жәдігер ғып.

 

Екінші рет,

Мен аспанға қараймын жетімсіреп.

Жалбарынғым келеді көктегі айға,

Жақын келіп жаныма отыршы деп.

 

Ай біледі,

Бір өлтірсе, өлтірер қайғы мені.

Мені көріп кербезай, тәкәппарай,

Аяған соң құшағын жайды бері.

 

О, тегінде,

Өкінеді ақындар өтерінде.

Мейлі, мейлі, жаным тек сен аман бол,

Мен көп болса ай жаққа кетемін  де.

Есенғали РАУШАНОВ

(Жалғасы бар)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз