Үкіметтік емес ұйымдар іргелі істердің ұйытқысы

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР 768x624 1 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен  «Мемлекет және қоғам: Даму жолындағы ынтымақтастық» тақырыбында облыстық  VII азаматтық форум өтті.

%d2%af%d0%ba%d1%96%d0%bc%d0%b5%d1%82%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d1%81-%d2%b1%d0%b9%d1%8b%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d1%80

Форумға қатысушыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан оның орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі түрлі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік ұйымдармен бірлесе жұмыс жасауына оң септігін тигізетін шаралар жасақталды. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен маңыз беріліп отыр. Оның Атырау облыстық филиалы да табысты қызмет ат-қарып келеді. Сан түрлі этностық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына өз үлесін қосып жүр. Республикада жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың тағы бірі – діни бірлестіктер қызметі. Дүниежүзілік дәстүрлі дін иелерінің съезі тұрақты өткізілуде. Бүгінде өңірдегі алты саяси партия өкілдері өзара байланысып, белсенді қызмет атқаруда. Қолға алынған шаралардың болашақта да жалғасын табатынына сенім білдіремін, – деді ол.

Жиын барысында «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті  Әлия Бекқожиева,  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева, «Болашақ», «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы», «Жастар таңдауы –Атырау» және «Жылыой-Демеу» қоғамдық қорлары мен бірлестіктерінің жетекшілері Жібек Бисенова, Ұлықбек Тінәлиев, Дәурен Сейітқалиев пен Шынарбек Сәрсенбаев баяндама жасады.

– Бүгін үкіметтік емес ұйымдар тағы бір мәрте бас қосуда. Әр жылы өткізілетін жәрмеңке осы форуммен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл шара бүгінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара пікір алысатын ашық алаңына айналды. Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдар жауапты да күрделі іспен айналысады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында «ҮЕҰ 25 бастамасы» деген тақырыпта республикалық акция басталды. Әрбір аймақта бастама шеңберінде осы ұйымдар бірігіп, нақты проблеманы бірлесіп шешуге ұсыныс жасалды. Бұлар – аз ақшаға көп іс тындырып жүрген азаматтар. Үкіметтік емес ұйымдар мүшелерін  елдің нағыз патриоттары деп есептеймін, – дейді Әлия Бекқожиева.

Қазіргі таңда, облыстық әділет департаментінің мәліметі бойынша, облыста 588 қоғамдық бірлестік пен саяси партиялардың алты құрылымы, 11 салалық кәсіподақ ұйымы, 17 этномәдени және 41 діни  бірлестік ресми түрде тіркелген. Олардың жүзден астамы азаматтардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық келісімді нығайту, білім және ғылым, ақпарат, спорт және дене шынықтыру, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік саясат, басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша белсенді қызмет атқаруда.

– Тәуелсіздік алған жылдардан бері азаматтық қоғам қатысушыларының мемлекет және бизнеспен байланысы механизмінің дамуы үшінші сектордың саны артып, сапалық жақсаруына негіз болды. Облысымызда билік органдарының үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасында оң өзгерістер орын алып, ҮЕҰ қоғамның мәселелерін шешуде әріптес деген көзқарас қалыптасты. Бірқатар мемлекеттік органдар, атап айтқанда облыстық жастар саясаты мәселелері, дін істері, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ішкі саясат басқармалары, сонымен қатар, Атырау қалалық, аудандық әкімдіктер үкіметтік емес ұйымдармен әріптес болып, олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүр. Олар ҮЕҰ-мен бірлесіп қоғамдық маңызы бар шаралар ұйымдастырып, өміршең мәселелерді талқылап, оларды шешудің жолдарын бірлесіп белгілеуде, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева.

Жалпы, алдыңғы жылы он мемлекеттік орган мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырса, биыл олардың саны 18-ге жетіп отыр. Әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру көлемі де жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 96 тақырып бойынша 44 ұйым жалпы құны 202 млн. теңге көлемінде әлеуметтік жобаларды іске асырды. Ал, үстіміздегі жылға жоспарланған 149 әлеуметтік маңызды жобаларға  облыстық бюджеттен 322 млн. теңге бөлінген. Осы қаражатты тиімді игеру мақсатында  ішкі саясат,  тілдерді дамыту жөніндегі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жастар саясаты мәселелері, білім беру, денсаулық сақтау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, дене шынықтыру және спорт, дін істері басқармалары мен Атырау қалалық және барлық аудандық әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.

Азаматтық форум аясында әлеуметтік маңызды жобалар жәрмеңкесі өтті.  Оған 15 үкіметтік емес ұйым қатысты.  Бүгінгі таңда олар көптеген әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге белсенді түрде қатысады. Мысалы, Жібек Қуанғалиқызы жетекшілік ететін «Болашақ» қоғамдық қоры бірнеше жылдан бері мүмкіндігі шек-теулі балалардың денсаулығын сауықтырумен шұғылданатын диагностикалық орталық құр-ған. Мұнда ең маңыздысы – балалар емі ақысыз.

Ал, Ұлықбек Тінәлиев басқаратын «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық ұйымы балалар мен жастар мәселелерін шешумен айналысады. Бұл ҮЕҰ-мен болашақ бала асырап алушы ата-аналарды дайындайтын мектептің негізі қаланды. Мұндағы ақысыз семинарлар мен тренингтер әкелер мен аналарды бала психологиясымен таныстырып, оларды жан-жақты дайындауға бағытталған.

Облыстағы тағы бір белсенді үкіметтік емес ұйым –  «Мүгедек әлемі». Оның басшысы – Гүлбаршын Нұржігітова. Бұл құрылым мүмкіндігі шектеулі жандарды медициналық-әлеуметтік қолдаумен шұғылданады. Өңір экологиясын сауықтыруда  үлкен іс тындырып жүрген «Таң» және  «Глобус» қоғамдық бірлестіктері бар.

Сонымен қатар, Еріктілер қозғалысының белсенділігі жоғары. Қазіргі кезде облыс көлемінде екі мыңға жуық жасты біріктіретін 12 еріктілер ұйымы жұмыс жасайды, Атап айтсақ,  «Жүректен жүрекке», «ААА», «Күлкі сыйла», «Атырау еріктілері», «Қызыл ай», «Абай»  және басқа қоғамдық құрылымдар көпшілікке танылып үлгерген. Менің ойымша, бұл топтар да азаматтық  қоғамды қалыптастыруда белсенді рөл атқарады. Әсіресе, «Жүректен жүрекке» еріктілері көптеген ізгілік акцияларын өткізіп келеді. Оның үстіне, бұл топ еліміздің әр түкпірінде қызмет атқарады.

Ресми деректер бойынша облыста 60-тан астам жастар ұйымы бар. Әйтсе де, солардың 29-ы ғана белсенді жұмыс жасайды. Осы санатта «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігін атаған абзал. Оның жетекшісі – Дәурен Сейітқалиев.

– Бұл жобалар  арқылы жастар арасындағы әлеуметтік мәселелердің шешілуін, оларды жан-жақты қолдауды, азаматтық белсенділігін арттыруды, шығармашылығын демеуді ұйымдастырып келеміз. Осы орайда аймақ басшылығы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауын атап өтуді жөн санаймын, – дейді ол.

Көрме жәрмеңкесін бағалайтын комиссияның шешімі бойынша,  «Жастар таңдауы– Атырау» ҚБ және «Мақат» мүгедектік қоры үшінші және «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» мен «Дендер»  ҚБ  екінші орындарды қанағат тұтса, «Болашақ» қоғамдық қоры жеңімпаз ретінде танылды. 

Сонымен қатар, VIІ Республикалық Азаматтық форумға өңірімізден баратын делегаттар құрамы бекітілді. Сондай-ақ, аймақтың дамуына елеулі үлес қосып жүрген Әлия Бекқожиева, Гүлсина Байкенова, Ұлықбек Тінәлиев пен Қанат Жұмағұлов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Нұрислам ҒҰМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз