ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР

мемлекеттік қызметтерді атқарады

Келер жылдан бастап бірқатар мемлекеттік қызметті азаматтық секторға өткізу басталады. Бұл жөнінде Атырау облысының Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметтерді азаматтық секторға өткізудің мүмкін тетіктері және қаржыландыру тәсілдері» атты «дөңгелек үстелде» баса айтылды.

Белгілі болғандай, мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерін жеке секторға беру мемлекет тарапынан  қызмет көрсету шығындарын төмендетумен қатар, берілген қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттырады.

Бүгінде азаматтық секторға мемлекеттік қызметті өткізу бойыншаөзін-өзі реттеу, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және қызметті алушылар қаражаты есебінен жүргізу мақсатында төрт нысан бекітілді. Бұл жайларды мәлімдеген облыстық Азаматтық альянсының сарапшысы Валентина Клименко оның әрқайсысының өзіндік маңызына тоқталды.

«Бүгінге дейін тексерістен өткен механизмдердің бірі –  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Механизмді өткізудің негізгі мәселесі – көрсетілген мемлекеттік қызмет қалай қаржыландырылады, оның тәртібі қалай жүзеге асады. Егер гранттар туралы заң күшіне енетін болса, олар сол мемлекеттік гранттар болуы мүмкін», – деді В.Клименко. Сонымен қатар, ол өз сөзінде мемлекеттік қызметтерді қаржыландыру мәселелеріне баса назар аударды.

«Бүгінде біз көрсетіліп отырған мемлекеттік қызметтер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатынын айтып отырмыз. Ендігі мәселе, мемлекеттік мекемені қаржыландыруға кетіп отырған қаржыны жеке секторға қалай ауыстыру керектігі», – деді ол. Айта кету керек, азаматтық қоғам институттары үшін қазірге дейін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде лоттар құнын есептеу түсініксіз болып отыр.

Десек те, мемлекеттік қызмет түрлері үкіметтік емес ұйымдарға берілгенде барлық қызмет өз сапасын жоғалтпауы тиіс және аккредитацияда қоғамдық ұйымдарға қойылатын нақты талаптар қатаң сақталуы қажет.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілі Самал Алшынбайқызы мемлекеттік қызметті азаматтық қоғамға беру үшін үкіметтік емес ұйымдарға арналған ғимарат мәселесін шешу қажеттігін айтты. Бұл жөнінде жергілікті билікке ұсыныстар жолданғаны да белгілі болды.

Бұдан басқа жиынға қатысқан «Каспий табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махамбет Хакімов, «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдабай Қаржауов тақырып төңірегінде пікір білдіріп, қызу талқылады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз