ҮКІЛІ ҮМІТ ҮРДІСІ

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алған шыңдары – бірліктің арқасы. Сондықтан, қазақтың бірлігі — елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі — ең асыл қасиет». Елбасының бұл тұжырымы қазақстандық әр азаматтың жүрек сөзіне айналды. Тарих парағына енген 2013 – Жылан жылы Алаш жұрты үшін жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болды. Әлемдік кеңістікте өз орнын айқындаған Қазақ елі қарыштап дамып келеді. Толайым табыстар мен өркенді өрлеудің кезеңі болған Жылан жылы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы жүзеге аса бастаған бірінші жыл ретінде де өзіндік із қалдырды. Ауыл-елдің еңсесі көтерілді, алыс-жақын шетелдер уақытпен бірге бақыттың да дәмін татқан Қазақстан атты алып республиканың әр қадамына таң қалумен келеді. Тәубе!

2013 жыл мерекелі, берекелі өтті. «Нұр Отан» партиясы XV сессиясын, Қазақстан халқы Ассемблеясы XX сессиясын Астананың төрінде өткізді. Елбасының қамқорлығымен жүзеге асып келе жатқан «Болашақ» бағдарламасының қабылданғанына да 20 жыл болды. Тек атыраулықтар ғана емес, Қазақ елі, тіпті күллі әлем үлкен үмітпен күткен «Қашаған» кеніші тұсауын кесті. Осы айтулы оқиғаға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Атырауға келді. Тағы бір атап өтер тұс – Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті, дамыған елдердің алғашқы елулігіне енді.
Биыл ел тарихында алғаш рет жергілікті билік органдары басшыларын сайлау іске асты. Әкімдер сайлауы біздің облыста да ұйымшылдықпен өтті. Зейнетақы жүйесі туралы, көші-қон туралы жаңа заң жобалары елдің біраз «қызығушылығын» туғызып, алып-қашпа әңгімелердің де көркін қыздырғаны бар. Айтқандай, Жылан жылының тағы бір үлкен жаңалығы – EXPO-2017 дүниежүзілік көрмесі Астанада өтуіне байланысты іргелі жобалар қолға алына бастады.
Саяси аренадағы маңызды жаңалықтардан бөлек, халқымыздың біртуар тұлғаларын ардақтау да биылғы жылдың үлесінен тыс қалған жоқ. Төле бидің 350, Абылай ханның 300, Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойлары республика көлемінде аталып өтті. Таныстыруды қажет етпейтін Мұқан Төлебаев, Әубәкір Исмаилов, Шахан Мусин, Қалижан Бекхожин сынды саңлақтардың ғасыр тойлары аталды. Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, халық әртісі Бикен Римова, Тахауи Ахтанов, Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей, Сәкен Иманасов, Ақан Нұрманов, басқа да ақын-жазушылардың еске алу шаралары өтті.
Әрине, қайғылы қоштасулар да болмай қалмады. Сыны да, сыры да бөлек суретші Гүлфайруз Ысмайылова, әнші Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, композитор Еркеғали Рахмадиев, ақын-жазушылар Сәтімжан Санбаев, Қажытай Ілиясов, Кәкімбек Салықов, Қайрат Жұмағалиев, Есенқұл Жақыпбек, Дүкенбай Досжандар қайтпас сапарға кетті.
«Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» деген рас сөз. Қазақ мәдениетіне ғана емес, әлемдік өркениетке өзіндік қолтаңбаларымен сүбелі үлес қосқан тұлғалардың есімдері ешқашан өшпек емес. Ел аман болса, әлі талай таланттар дүбірлеп өткен дала дарындарының ізін жалғайды. Шүкір, елімізде демографиялық өсім көрсеткіші артып келеді. 2013 жылы халық саны 17миллионнан асты. Біз көбейіп келеміз!
Экономикалық тұрғыдан келгенде де, Жылан жылы жайлы болды. Жалпы ішкі өнім бойынша өсім алты пайызды құрады. Инфляция бес пайызды көрсетті, бұл – соңғы он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Елдің әлеуметтік жағдайы оңалып келеді. Жыл ішінде еліміз бойынша жүздеген жаңа нысан бой көтерді, жаңа зауыттар мен фабрикалар жұмыстарын бастады.
Мәдениет, спорт салаларында қол жеткізген табыстарымыз да бір төбе. Биыл, сондай-ақ, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, жерлесіміз Хиуаз Доспановаға «Эйр Астана» әуе компаниясы ұшаққа атын берді. Ол ұшақ мұнайлы аймақ тұрғындары мен қонақтарын Ресей астанасы Мәскеумен байланыстырады. Осылайша, әуелден татулық пен тұрақтылықты басты байлық деп біліп, бейбітшілікті ұран ететін Қазақ елі Жылан жылын басына ақ құйып, жақсылықпен шығарып салуда. Өткенге өкінбейтін, келешекке үмітін үкілейтін ел үшін Жылқы жылының да жақсылығы көп болсын.
Төрт аяғын тең басқан тұлпар сынды алты алаштың рухы жасымасын, Қазақ елі кемел келешектің көшіне сән-салтанатымен бет түзей бергей!
Жаңа жылдарыңызбен!

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз