Киіз үйдегі қолтаңба

f65b13763d93015b65830e98da28cfe8 Жаңалықтар

1993 жылғы қыркүйектің алғашқы күндерінің бірі еді. Индер ауданында қазақтың ақиық ақыны Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына арналған той өтіп жатты. Осы күнгі  Жарсуат ауылының маңындағы ақын кесенесі сол күндерде салынып бітті. Мен ол кезде республикалық «Жас алаш» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы» деген кандидаттық диссерта-циямның тақырыбын бекітіп, Қазақ мемлекеттік университетінің ізденушісі ретінде зерттеу жұмысымен айналысып жүрген кезім. Атырауға екі-үш ай сайын келіп тұрамын.

f65b13763d93015b65830e98da28cfe8

Келген сайын біздің газеттің Батыс аймақтағы меншікті тілшісі, аға-досым Исатай Балмағамбетов екеуміз ел аралап кетеміз. Жолға аттанар алдында ардақты аға, қарымды қаламгер, білікті шежіреші Берік Қор-қытовқа жолығып, батасын алып шығамыз. Қайтып оралған соң ол кісіге тағы барып, не тындырғанымызды айтып, есеп береміз. Мұрат мұрасының асқан білгірі Берік аға – біздің ақылшымыз. Бағыт-бағдарымызды сол кісінің ақыл-кеңесіне қарап түземіз.

Міне, бүгін сол Берік аға да, Исатай да, мен де Жарсуаттамыз. Кеше ғана Индерборда ақын тойына арналған республикалық ғылыми конференция өтті. Алматыдан әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова, «Жалын» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов үшеуміз бірге келгенбіз. Осы тойдың алдында ғана менің «Мұрат Мөңкеұлы» атты ал-ғашқы зерттеу кітабым үш мың данамен жарық көрген еді. Сол кітап осы шараға қатысқандардың бәріне таратылып жатты. Кешегі конференцияда баяндама жасағаным бар, зерттеуім-нің жарияланғаны бар, екі-үш күннен бері Индердің халқы мені біршама танып қалыпты. Жиналған жұршылықтың біразы қолтаңба сұрап келе бастады. Жап-жас болып, Фариза апайдың көзінше қолтаңба беруге қысылып барам.

Киіз үйдегі қолтаңба2

Бір сәтте киіз үйдің ішінде отырғанымызда қыз баланы жетектеген бір жас келіншек келді. Ұмытпасам, қасында күйеуі де болды-ау деймін. «Мына қызымыз осыдан екі-үш күн бұрын ғана мектепке барды. Астанадан келген өздеріңізден жұғысты болсын, кітабыңызға қолтаңба жазып бере қойыңызшы!» – деді әлгі келіншек.

– Атың кім, айналайын?

– Мәлика…

Кішкентай қызға «Мәлика қарындасыма! Мектепке барған қадамың құтты болсын! 3.09.93» деп қолтаңба жазып бердім. Ол кісілер рахмет айтып, киіз үйден сыртқа шықты. Біз де бірге келген тобымызға қосылып, тойдың ша-руасына араласып кеттік.

Киіз үйдегі қолтаңба3

…Арада жылжып жылдар өтті. Мұрат мұрасынан кандидаттық, төркіндес тақырыптан докторлық диссертация қорғадық. Алматыдан жаңа елордамыз –  Астанаға ауыстық. Президенттің Баспасөз қызметінде жұмыс істейміз. Бір күні қызметтесім Мәлика Нұрымова маған бір кітапты көрсетеді. «Аға, сіз маған бір кезде мынадай қолтаңба жазып беріпсіз ғой. Жақында елге демалысқа барғанда үйден тауып алдым». Қарасам, баяғы менің Мұрат туралы жасыл кітабым. Тура жиырма жылдан кейін көріп тұрмын.

Тоқта, не боп кетті, өзі?! Сонда баяғы тұлымы желбіреген кішкене қыз менің осы күнгі бір ұжымдағы әріптесім, Президент Әкім-шілігінің қызметкері Мәлика Нұрымова болғаны ма? Мәссаған! Мәлика Мұратқызы екеуміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінде, содан соң осы кеңседе бірге қызмет істеп келе жатқанымызға екі-үш жылдың жүзі  болған-ды. Қалайша білмегенбіз? Бәсе, әнебір жолы «Индердің қызымын» деген сияқты еді… Сөйтіп, осыдан ширек ғасыр бұрын киіз үйде қолтаңба берген кішкентай Мәликамен үлкен үйдің ішінде қайта жөн сұрастық.

Мәлика Мұратқызы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің түлегі. Оқу орнын үздік дипломмен бітірген ол Мәдениет және ақпарат министрлігінің сыртқы байланыстар және салалық даму басқармасында қызмет істеді. Одан соң Президенттің Баспасөз қызметінің сарапшысы, консультанты болды. Қазір – Ақпарат және коммуникация-лар министрінің көмекшісі. Ару астанада Атырау өңірінің жақсы атын шығарып жүрген қазақтың тәрбиелі қыздарының бірі.

Мұрат ақын туралы кітабымызды ширек ғасыр бойы сақтап келе жатқан Мәликаға Алланың нұры жаусын дейміз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Риза Алмуханова

    Қандай әсерлі жазылған. Бауке, рақмет! Мәлика сіңлімізге де рақмет.