Халық қауіпсіздігі бәрінен де қымбат!

   «Қантөгіске алып келген Ақтөбедегі жағдай – терроризммен күресте күш біріктіру керек екендігін көрсетті. Біз елімізді террорлық шабуылдардан қорғауға қашанда дайынбыз» деп мәлімдеді атыраулық ауған соғысы ардагерлері. Қаралы оқиғаға байланысты «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында журналистермен кездескен ауғандық ардагерлер «лаңкестікпен күресте шекара қауіпсіздігімен бірге, рухани, патриоттық тәрбиені кешенді түрде қолға алу да маңызды» деп есептейді.

   «Ауған жерінде соғысып жүрген уақытта он – он бес күн бойына аш жатқан кездеріміз болды. Бірақ, сол кезде жайылып жүрген малды сойып жеу туралы ой да болмайтын. Мұның өзі патриоттық сезімнің жоғарылығын көрсетеді. Жастарымыздың бойына осындай отансүйгіштікті сіңіре түсуіміз керек» дейді Атырау облысы ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ғабиден Қайыржанов. Оның пікірінше, Орта Азия елдеріндегі мешіті ең көп мемлекет Қазақстан екен. «Діни білім беруде біз мешіттеріміздің де әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Радикалдар Ақтөбедегі жағдайды «джихад» деп ақтап алғысы келеді. Бірақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) адамның өз-өзін жақсылыққа тәрбиелеуін, ұрпақтарын дұрыс жолға салуын ең үлкен джихад деп бағалаған. Сондықтан, дін атын жамылғандарға біртұтас мемлекет болып тойтарыс беруге тиіспіз» деді ол.

   Ауған соғысының ардагері Анатолий Ефремов араб елдерін идеал санайтын жастар арасындағы стереотипті бұзу керектігін айтады. «Қазіргі ұрпақ бізді тәрбиелеген құндылықтарды игеріп жатқан жоқ. Сондықтан, ұлттық тәрбиені қайта жаңғырту маңызды» деген ол, паранжа бүркеніп, никабқа оранып жүрген кейбір жастарды сынға алды. «Қазақ әйелдері ешқашан қара жамылмаған. Жастардың бойына ұлттық салт-сананы сіңіру қажет» дейді ол.

   Ауғандық ардагерлер «қауіпсіздікті күшейтуді шекарадағы тәртіпті қатайтудан бастау керек» деген пікірде. «Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы транзиттік қақпа саналады. Сондықтан, түрлі экономикалық ұйымдарға мүшелік, өзара келісімге қарамастан, шекарада жіті тексеру жүргізуде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне көп мүмкіндіктер берілуі керек» дейді жергілікті ауған ардагерлері ұйымының төрағасы Ғабиден Қайыржанов.

  Экстремистік көзқарастардың, әсіресе, жастар арасында кеңінен тарауына әлеуметтік желілер ықпалының жоғары екені белгілі. Жақында Парламент депутаттары кейбір әлеуметтік желілерді мүлде бұғаттап тастауды ұсынған да еді. Бұл ұсынысты ауған ардагерлері де қолдайды екен. «Ғаламторды сұрыпталмаған ақпараттар «жаулап алды». Соның салдарынан жас буынның санасы мүлде өзгеріп, қоғамдық белсенділік сынды қасиеттерден айрылып қалдық. Ғаламтордың шырмауынан шығуымыз керек» дейді олар.

  Қаруластарын қолдаған ауған соғысының ардагері Сергей Павлов та ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне көбірек назар аударуды ұсынды. «Бастапқыда Украина көшелеріне ешкім қару-жарақ, не танкі әкеліп кіргізген жоқ. Соғыс адам санасын жаулап алудан басталды. Сол ақпараттық шабуыл қазір Украинаның іштей іруіне әкеліп отыр» деген ардагер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұқаралық ақпарат құралдарын күш біріктіруге шақырды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз