Келісіп пішкен тон келте болмас…

55515 image Жаңалықтар

Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласы баршамызға ой салғаны ақиқат. «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін.

Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын» деген жолдарды оқып отырғанда қазақ халқы бастан кешкен талайлы тағдыр, тар жол тайғақ кешулер көз алдымнан киноның лентасындай болып өтіп жатты.

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢНІҢ ӨТКЕЛЕГІНЕН ДЕ ӨТКЕНБІЗ…

И ә , е ш н ә р с е н і ұмытқанымыз жоқ, бәрі де есімізде. Санамызда сол бір күннің елестері әлі де сайрап тұр. Тәуелсіздікті тарту еткен 1991 жыл… Осынау тарихи дата қазақ тарихына алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетуге тиісті оқиғаларға толы жаңа кезеңнің есігін ашты. Шерлі шежіреміздің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», қолдан жасалған «Голощекин геноциді» сияқты қазақтың қаны мен көз жасына толы парақтарын түгендеп, есімізді біртіндеп жия бастағанымыз да сол бір тәуелсіздігімізді паш еткен сәулелі сәттерден басталғаны рас.

Алғашқыда оңай болмады. Кеңес өкіметі сияқты алып империя құлап, соңғы демін алған санаулы сағаттарда бүкіл он бес одақтас республикаға, соның ішінде Қазақстанға еңсені тіктеу қиынға соқты. Өйткені, экономикалық жағынан құлдыраған, жеңіл және ауыр өнеркәсіп орындары, яғни зауытфабрикалар салынбаған, барлары тоқырау кезеңінің сынағына төтеп бере алмай, тоқтап қалған, ұжымшарлар тарап, жержерде қирандылар мен үйінділер ғана қалған елдің болашаққа сенімін ояту қажет болатын. Жержерде жұмыссыздық етек алды. Арыстай азаматтар жұмыссыз қалғанына күйініп, ащы судың жетегіне ілескен сәттер де болды.

Міне, осы кезеңде ақжаулықты аналар, қазақ әйелдерінің өздерінің нәзік иініне азаматтың жүгін артуына тура келді. Өйткені, бала-шағаны асырау, отбасын сын сағаттағы қиындықтан құтқару қажет. Осылайша нарықтың нар маясын иітуге шындап кіріскен арулар бүгінгі кәсіпкерліктің іргетасын қалаған еді. Сол кезеңде «Рембыттехника» мен «Өнерпаз» тұрмыстық қызмет көрсету үйін тығырықтан шығару үшін қиындыққа бас тіккен Әлия Бекқожиева, «Райхан» қонақ үйін ашқан Раиса Көшекова, екінші асхананы жекешелендірген Сәлима Төремұратовалардың тәуекелі тас жұтқандай еді.

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегенді қазақ бекерге айтпаса керек. Айлап зейнетақы мен жәрдемақыны ала алмаған жұрт енді Жайық пен Қиғаш өзендерінің жағасынан балық аулауға көшті. Ауланған балықты Астраханға апарып сатып, түскен табысқа балашағаға нәпақа алып, баладай мәз болған ол күндер де келмеске кетті. Сол бір өтпелі кезеңнің өткелінен бізді өткізген – халықтың алғы күнге деген сенімі, ынтымағы мен бірлігі.

«Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстандым» деген Елбасының мақаласындағы жолдар есімізге соңымызда қалған сол бір күндерді түсіргені шындық.

АДАМ ӨМІРІ – ЕҢ ҚЫМБАТЫМЫЗ…

Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінгені ақиқат. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша барлық өңірлерде жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар бой көтерді. Атырауда да айтуға тұрарлықтай медициналық орталықтар ашылып, пайдалануға берілді.

Мәселен, облыстық кардиологиялық орталық, Атырау қалалық перзентханасы әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталғанын айту – парыз. Оларда еліміздің медициналық жоғары оқу орындарын бітірген жоғары санатты дәрігерлер қызмет етіп, адамдардың өмірі үшін күні-түні күш-жігерлерін салуда. «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бірбірімен етене, егіз ұғымдар» екенін Елбасы қадап айтты.

Шындығында, бүгінгідей бүкіл адамзат тағдыры сынға түскен шақта адам өмірі мен денсаулығы үшін күрес – бәрінен де маңызды. Ұлт денсаулығына қатер төнген қазіргідей қиын кезеңде жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды дәрігерлер кәсіби деңгейде мүлтіксіз атқаруда. Сол үшін мемлекетіміздің іргетасын қалап, елді осындай дәрежеге жеткізген Елбасына ғалым ретінде, ана ретінде, ұстаз ретінде мың сан алғысымды айтамын.

София САҒЫНДЫҚОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз