КЕЛБЕТТІ КЕЗЕҢ

Талай таланттарды талбесігінде тербетіп, өнердің өріне өрлеткен қасиетті де киелі атамекен – кең Нарынның бір пұшпағында дүние есігін ашқан, осы топырақта тәрбие-тәлім алып, саналы ғұмырын туған жерін рухани тұрғыдан түлетуге арнап келе жатқан, бұл күндері өмірінің  келбетті кезеңін өткеріп отырған азаматтардың санатында Аяпберген Мұхамбетовтің есімін де атағанымыз ләзім.

1955 жылғы мамыр айының аяқ шенінде бұрынғы Новобогат (бүгінгі Исатай) ауданының Тұщықұдық ауылында кіндік қаны тамған кейіпкеріміз – отбасындағы он бір баланың (жеті ұл мен төрт қыз) үлкені, ата-анасының тұңғыш перзенті. Әкесі Сырым мен анасы Үміт екеуі де ұзақ жыл халық ағарту саласында еңбек етіп, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздар болатын.Оның үстіне, тоқсан жасқа келіп өмірден өткен, немерелерінің өсіп-өнгенін көрген Бәтима әжелерінің де бұларды тәрбиелеуге қосқан  үлесі аз болмаса керек-ті. Соның ішінде, немеренің бас көтергені болғандықтан Аяпберген сол әжесінің бауырында өскен.

Заманында сауаттылығымен, асқан  ақылдылығымен, жақсы-жаманды айыра білетін көрегенділігімен, орайы келген жерде  сөзге шешенді-гімен, қандай ортада да жөнін айтып, турасынан кесе білетін қасиеттерімен ерекшеленген оны ауылдастары «Би Бәтима» деп атаған. Дүниеден ертелеу озып кеткен атасы Мұханбет те жүрген ортасында беделді адам болған көрінеді.

Міне, осындай ұлағатты отбасында тәрбиеленген Аяпберген ағамыз да ұяда көргенін іліп, үлкендерден естіген есті сөздері мен мұғалімдерінің берген дәрісін тереңдей ұғып, санасына құйып, ойына түйіп, өзіне керегін бойына жиып өсті. Алты жасында Тұщықұдық ауылдық кеңесіне қарасты «Бірлік» елді мекеніндегі Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің табалдырығын аттап, осында орталау білім алады. Кейіннен «Чапаев» кеңшарының орталығындағы Максим Горький атындағы мектептен (кейіннен Жұмабай Мырзағалиев есімі берілді) онжылдықты тәмамдады. 1971-1975 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогика институтында   оқып, физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Екі-үш жылдай өзінің түлеп ұшқан алтын ұясында ұстаздық еткен ол еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында педагогикалық ұжым басшылығы мен ел ағаларының назарына ілігіп, сенімін иеленеді.

Содан да шығар, көп ұзамай сол кездегі Новобогат аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланып, жастар ұйымдарының жұмысына басшылық жасайды. Осы тұста кейіпкеріміздің жаңа бір қыры ашылады. Жастайынан оқуға зерек, зейінді болып жетілген Аяпбергеннің көрген-білгенін, елден естігенін қаламымен түртіп, қағаз бетіне түсіруге машықтығы да бар-ды. Міне, сол жазу-сызуға деген ғашықтығы оны аудандық газеттің редакциясына жетелеп әкелді.

1977 жылдың күзінде «Нарын таңы»  атауымен алғашқы саны жарық көріп, ондаған жылдардан соң оқырманымен қайта қауышқан аудандық газетке де Аякең үш-төрт жылын арнады. Бөлімде әдеби қызметкер, радио хабарларын ұйымдастырушы қызметтерін абыроймен атқарды.

Қай жұмысты да жатсынбайтын, қандай тапсырманы да тиянақты орындауға  дағдыланған, өзіне де, өзгеге де талапшылдығымен дараланған, мұндай қасиеттері лайықты   бағаланған Аяпберген Сырымұлының еңбек жолы одан әрі партиялық қызметпен, ел басқару ісімен ұласты. Аудандық партия комитетінде статист болудан бастап, ұйымдастыру, насихат және үгіт, жалпы бөлімдердің меңгерушісі ретінде өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, еліне адал да абыройлы қызмет қылды.

1988 жылы аудан кезекті рет таратылып, Махамбет ауданының құрамына қосылғанда Қазақ КСР-ның 60 жылдығы атындағы жемшөп дайындау кеңшары (соңынан «Ақтоғай» деп аталды) партия комитетінің хатшылығына сайланды. Соңынан директордың идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Ақтоғай» акционерлік қоғамының кадр жөніндегі аға инспекторы лауазымдарына ауыстырылғанда да ол үлкенді-кішілі әріптестерімен, ауылдастарымен тіл табыса ортақ нәтиже жолында жұмыстанды. Ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріне, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға көбірек көңіл бөлді. Бірер жыл Атырау облысы бойынша кеден басқармасының Аққыстау бекетінде аға, бас инспектор қызметтерін атқарған мезгілінде де Аяпберген ешкімнің ала жібін аттамайтын адалдығы, көлденең пайда табуды ойламайтын тазалығы, ешқашан өтірік сөйлеп, жалған айтпайтын шыншылдығы, біреуге болсын деп қана тілейтіні  тәрізді адами асыл қасиеттерінен айнымады.

1991 жылы ауданға Халық батыры Исатай Тайманұлының есімі берілгенде, оған тілеулес, жанашыр болған азаматтардың бірі де осы біздің Аякең болатын. Жеті жылдай аудан әкімдігінде аппарат жетекшісі, ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болғанында да Аяпберген Сырымұлы жергілікті атқарушы органдарда, билік құрылымдарында қызмет істеуге бейімі мен қабілеті бар маман-кадрларды даярлау легіне өзіндік үлесін қосып, ел басқаратын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға септесті.

Аты сан құбылып өзгергенімен заты сол күйінде сақталған көп салалы, атқаратын жұмыс ауқымы кең мәдениет бөліміне тапжылмастан сегіз жыл бойына басшылық жасаған мезгілінде атқарған жұмысы орасан болды. Бұл кезеңде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру, мекемелердегі іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіру, арнаулы сыныптар ашу, жер-су, елді мекендер мен көше атауларын қазақшалау мәселесі ұдайы назарда ұсталды. Чапаев селосына Тұщықұдық, Новобогат селолық округіне Қамысқала тарихи атаулары қайтарылса, Забурын селолық округінің орталығы Зинеден, Аққыстау селосындағы Гран елді мекені Өркен ауылы деп аталатын болды. Көптеген көшелердің атаулары қазақшаланып, оларға еліне еңбегі сіңген, өнегелі ісімен, өшпес ізімен халқының есінде қалған азаматтардың есімдері берілді. Ауданда айтыс өнерінің өркендеуіне де жол ашылып, жаңа мүмкіндіктер туғызылды. Оның іскерлігі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Өркен орта мектебінің директоры, Аққыстаудағы «Жалын» мәдениет үйінің басшысы қызметтерін атқарған жылдарда да айқын көрініс тапты.

Аякеңнің авторлығымен «Келбетті кезең», «Таланттардың талбесігі» және «Жұлдызды жүректер» атты үш бірдей кітабы жарық көрді. Қазақ елі егемендігін еншілеп, еркіндік алған жылдардағы алғаусыз еңбегі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Елбасының Алғыс хатымен аталып өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен, аудан, облыс әкімдерінің, мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Таяуда ғана жастарға патриоттық тәрбие берудегі еңбегі ескеріліп, әрі  Ұлы Отан соғысындағы Ұлы  Жеңістің 70 жылдығына орай, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы мерекелік медальға ие болды.

Бұл күндері алпыс атты арғымақтың жалынан тартып, алты ондықтың асуына көтеріліп отырған Аякең өзімен бірге туған іні-қарындастарына ағалық қамқорлығын көрсетуден танбаса, соңынан ерген бауырлары да оны алдарындағы асқар таудай көріп, пір тұтады. Аяпберген Сырымұлының өзі де – бүгіндері тамырын тереңге тартып, жапырағын жайған бәйтеректей үлкен бір әулеттің тірегі. Өмірлік серігі Аққаным  апа  екеуінің баянды бірлігі мен тату тірлігі жарасым тапқан шаңырағында дүниеге келген балалар да ата-анасының өнегелі жолдарын өрісті етуде. Перзенттерінен өрбіген ұрпақтарының – немере, жиендерінің балдай тәтті қылығы мен қызығына тоймайтын атасы мен әжесі де өздері.

Дәулетқали АРУЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз