ҚАЗАҚТЫҢ КИІЗ ҮЙІ

оның қадірін кетіріп жүрген өзіміз

Атырауда жасалған киіз үйдің бірі сонау Венгрия жерінде сақталып тұр екен. Оны марқұм, түркітанушы-ғалым Қоңыр Мандоки Жылыойдың Айша деген қызына үйленгенде қыздың жасауы, күйеудің қалауы ретінде мажар еліне әкетсе керек.

 

Әнебір жылы да «Дастан ата» шаруа қожалығына тиесілі  киіз үй «Қараөткел-2011» байқауында еліміз бойынша «Ең үздік киіз үй» атағын жеңіп алып, мұнайлы өлкенің абыройын көтеріп-ақ тастады.

Осындай оң көрсеткіштер болғанмен, күнделікті өмірде ағаш үйдің малшыларға ғана тиесілі көрінетіні жасырын емес. Облыс көлеміндегі киіз үйлердің барлығы жыл сайынғы Наурыз мерекесінде жапырлай тігіліп, көзге түсіп қалады. Екі-үш күн тұрғаннан кейін жығылады да, қайтып көзге түспейді. 

* * *

Халықтың асыл мұрасын сақтап отырған иелерінің де қаптаған сұраныстың астында қалатыны – Наурыз мерекесінің алдындағы қарбалас күндер. Арагідік күннің жылы кезінде кейбір қызын ұзатқандар «фольклорлық эксклюзив» ретінде жалдайды. Одан қалса, қайтыс болған кісінің қадесін үйден бергенде тігіп қою үшін сұрайтындар бар. Сосын… Наурызды тойлайтын кезде бағасын көтеріп, жалға береді. 

* * *

Заман ыңғайына сай кереге-уықтар темірден, алюминийден жасала бастаған. Ауыр әрі сақтауы қиын болғандықтан, киіздің де орны ауысып, ою-өрнектер тігілген берік маталармен жабылатын болыпты. Бұдан кейін заман ыңғайына бейімделген пысықайлардың қолынан шыққан дүниені «киіз үй» деп те, «ағаш үй» деп те атау қиын. Сырт тұрқы болмаса, біздің киіз үй жайлы түсінігімізден алшақтап кеткен «баспананы» халықтың салт-дәстүрімен байланыстырудың артық екенін айтудың қажеті болмас.

2008 жылы Өзбекстаннан көшіп келген Сахытжан Құлмаханов сынды қандасымыз жеті киіз үйді шекарадан алып өткен. Ондағы ойы – Атыраудың маңайынан жер алып, киіз үйлерді қаз-қатар тігіп, қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылының үлгісін паш ету екен. Сыртта жерошақта от маздап, самауыры  екі иінінен дем алып тұрса… алтыбақан құрылып, асық ойнаса… Сырттан келгендер қазақтың кім екенін көріп, таныр еді, білер еді деген тәтті ойдың жүзеге асуына қаржы тапшылығы мүмкіндік бермеген. Қазір оның қолындағы киіз үйлер мұқият жиналған күйде сақтаулы тұр. «Ұзататын қызыма тігейін деп едім» деген таныстарына тегін де береді.

Жасанды үйлерден ерек-шелігі, олар – ақ талдан, қара тал мен қарағаштан иіліп, түйенің мойын терісінің көнінен таспаланған. Қазақта киіз үйді құрып-жинауға шеге пайдаланбаған ғой. Бояуы да табиғи. Мұндағы киіз үйлерде осы ерекшеліктердің бәрі сақталған. Суға балқытылып, оқтаудай түзетіліп, қатайтылған шаңырақ пен кереге-уықтардың бастапқыларының жасалғанына  алпыс жылдай уақыт болыпты.

Қанша жерден көңілімізге қонбаса да, киіз үйге қатысты қазіргі шынайы жағдай – осы. Жалғыз ол емес, наурыз көже, ұлттық әшекейлер мен бұйымдар сынды басқа атрибуттар да біржолғы акция ретінде көрініп, іле-шала уақыттың тасасында көміліп қалады. Киіз үйлер тігілген күнде де қазақтың кез  келген аттылы-жаяулысы кіріп, ауыз тиетін салты сақталып отырған жоқ. Әдетте, белгілі бір мекеменің құрған үйіне оның басшы, қызметкерлері болмаса, өзгелер басын сұға алмайды. «Араға сан жылдар салып қайта оралған ата дәстүріміздің берекесін қашырып алмадық па?» деген сұрақ осындайдан туындайды.

Қ.Ораз,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз