ҚАЗАҚСТАН – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КИЕЛІ ШАҢЫРАҒЫ

Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары! 

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған қазақстандықтар үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің, жарқын болашаққа деген сенімнің бастауына  және көпшіліктің асыға күтер мейрамына айналды.

Бірлік күні қарсаңында атыраулықтар Қазақстан Президентінің сайлауына жұмыла қатысып, ынтымақ пен бірліктің жоғары деңгейін көрсетті. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланып, күні кеше ұлықтау салтанатына куә болдық.

Дана халқымыз «Ынтымақты елде – бақ тұрар» деп тегін айтпаған. Қазақстанның басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық һәм қоғамдық-саяси дамуының кепілі әрі негізі болып қала бермек.

Биылғы жыл ерекше даталарға толы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ел Конституциясының 20 жылдығы сынды атаулы даталармен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бұл айшықты кезең біздің сара жолды таңдап, берік бірлік пен берекенің белесіне беттегенімізді дәлелдеп берді. Отанымыздың гүлденуіне жол ашты. Халқымыздың атын әлемге әйгілеп, мәртебесін өсірді. Осылайша Қазақстан достықтың киелі шаңырағына айналды.

Құрметті Атырау облысы тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды бейбіт күннің мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекеттігіміз мәңгі, еңселі еліміздің келешегі жарқын болсын! Ырыс пен ынтымақтың, бейбітшілік пен келісімнің киелі бесігіне айналған тәуелсіз елімізбен бірге жасай беріңіздер! Әр шаңыраққа бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

 

Құрметпен,

Атырау облысының әкімі

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз