«ҚАЗАҚСТАНҒА – СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН!»

«Теңізшевройл» ЖШС-де өткен шара осылай аталады. Сан ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздігіміз – қазаққа тағдырдың тартқан сыйы екені рас. «Өскен ел тарихын тасқа жазады» дегендей, сонау Күлтегіннен бастау алатын шежіреміздің шыңырауындағы зәмзәм судай құнды деректерімізді бүгінге оралтып, елдігіміздің айғағы – көк байрағымызды аспанға желбіреткен де – Тәуелсіздік. Жойылып кете жаздаған ана тіліміз бен ғасырлар шаңында жасырынған салт-дәстүрімізді енді ғана бағаладық.

 Көз ілеспес шапшаңдықпен өзгеріп отырған әлемдік даму көшіне Қазақ елі де ілесті. Соның дәлеліндей, егемен елімізге инвесторлар тартылды. Геосаяси шиеленістің тап ортасына таяу орналасқан ел болғанымызбен, Елбасының көреген саясаты арқасында, қиын-қыстау кезеңді жеңу мақсатында жаңа «Нұрлы Жол» Жолдауындағы бағыт-бағдардан ауытқымай, тығырықтан шығудамыз. 150-ден астам ұлт өкілдері бір атаның баласындай, бір-біріне құрметпен қарап, достастықпен өмір сүруінің өзі – Елбасының сарабдал саясатының жарқын көрінісі.

Осы сөзімізге куә ретінде ТШО ЖШС-де өткен «Қазақстанға – сүйіспеншілікпен» мерекелік шарасын Тәуелсіздік мерекесіне тарту десек те болғандай. Аймақтағы іргелі кәсіпорын ұйымдастырған бұл шара сайыс түрінде қызметкерлер арасында өткен көрінеді. «Қазақстанға – сүйіспеншілікпен» деп аталған жоба 5 түрлі номинациядан тұрады екен.

«Қазақ тілінің шебері», бұл номинацияның атынан байқалып тұрғандай, қазақ тілін егжей-тегжейлі меңгерген мамандар ғана иеленуі тиіс. «Жыл полиглоты» номинациясы бойынша үш тілді де (қазақ, ағылшын, орыс) бірдей дәрежеде, жоғары деңгейде меңгерген маман марапатталады. «Қазақ тілін үйренудегі ерен еңбегі үшін», яғни қазақ тілін ерінбей-жалықпай үйренген мамандарға беріледі. «Қазақстанға – сүйіспеншілікпен!» қазақ тілін, дәстүрін жүрегімен түсініп, үйренуге тырысқан шетелдік мамандарға табысталады. Ал, «Қазақтың салт-дәстүрін білетін шебер» номинациясы бойынша салт-дәстүрді жетік білетін мамандар марапатталады.

Қазақ тілін кәсіпорынның ішінде еркін меңгеру талабы қойылғанын анық байқататын бұл шараның шымылдығын «Бәйкеновтердің балет студиясының» жеткіншектері «Тойбастар» биімен ашты.

Мерекелік құттықтау сөз сөйлеген ТШО ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер ағылшын, қазақ тілінде Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, шараны ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі. Әр ұлттың өкілдері таза қазақ тілінде ән орындап, көркемсөз оқығаны, қазақтың классик жазушыларының тіл туралы айтқан қанатты сөздерін айтқаны залда отырған көрерменнің жүрегін жылытқаны рас.

«Жаса, қазағым!» әнін тебірене шырқағанда өз тілін менсінбейтін кейбір қазақ бауырларымыз үшін ұялып отырдық. Үш тілді бірдей жетік меңгерген, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қараған мамандар марапатталып, соңы «Бәйкеновтер балет студиясы» бүлдіршіндерінің биіне ұласты.

Шараның соңында Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ғ.Хабиров сөз сөйлеп, кәсіпорын басшыларына, ұйымдастырушыларға Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, сый-сияпатын ұсынды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз