Кәсіпқой боксшылар Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаев атыраулық журналистермен кездесті

EAC6945 Білім

       Atr.kz/2 қыркүйек, 2019 жыл.      Атырау өңірінде құрылған кәсіби бокс жекпе-жектерін ұйымдастыратын «Suleimen Promotions»  промоутерлік компаниясы атынан рингке шығып  жүрген кәсіпқой боксшылар Айдос Ербосынұлы мен  Нұрсұлтан Жаңабаев «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғимаратына келіп, жергілікті бұқаралық ақпарат өкілдерімен кездесті.

WBA Intercontinental тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке ие қос саңлақ кәсіпқой бокста бірнеше кездесу өткізсе де әлі күнге дейін жеңіліс дәмін татып көрмеген. Ринг төрінде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген осы боксшыларымыз жуырда Австралия еліндегі Сидней қаласында өткізген кезекті  бәсекелерінде де жасындай жарқылдап WBA тұжырымындағы өздерінің чемпиондық белдіктерін қорғап қалды.                            

Жеңіп алған чемпиондық белдіктерін ала келген боксшылармен бірге жиынға «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясының өкілі  Қайыржан Ақдрашев қатысты. Басқосу барысында 2018 жылдың күзінде ғана құрылған  промоутерлік компанияның алға қойған мақсаттары мен жоспарлары, аз уақыт ішінде жеткен жетістіктері сөз болды. Қос чемпион кәсіпқой боксқа келгенге дейінгі спорттық өмір жолдарын, осы жетістікке жету жолында қандай белестерден өткендіктерін айтып берді. Промоутерлік компания өкілінің айтуынша, елімізде бүгінгі күні кәсіпқой бокс кездесулерін ұйымдастыратын 12 промоутерлік компания жұмыс атқарады екен. «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясы осылардың бірі бола тұра, шетелдік промоутерлік компаниялармен келіссөз жүргізіп, алдағы уақытта бірнеше ірі кездесу жүргізу мақсатында жұмыстанып жатырғандығын жеткізді.  Осындай бәсекелерді көбейту арқылы жігіттердің рейтінгтік ұпайларын көбейтіп, олардың басқа тұжырым өкілдерімен де кездесулеріне жол ашатындықтарын  айтты. Ал, компанияның негізгі мақсаты – талантты боксшыларымыздың бағын ашып, олардан бүкіл әлем танитын кәсіпқой боксшы шығаруды көздейтіндіктерін жасырмады.

  Жиын барысында «Suleimen Promotions» промоутерлік компаниясында келісімшартпен өнер көрсетіп жүрген қос боксшы  журналисттердің сұрақтарына жауап беріп, өздерінің иемденген әр чемпиондық белдіктері туралы әңгімелеп берді.

EAC6953
EAC6997
EAC7024
EAC7056

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз