Карантиндегі Атырау: блок постта тұрған полиция қызметкері Нысанбек Саттарбеков неден қауіптенетінін айтты

COVID-19: Соңғы поштадан... EGOV Жаңалықтар

Аtr.kz/30 сәуір, 2020 жыл. Атыраудың Бесікті бағытындағы блок постта қызмет етіп жүрген полиция қызметкері Нысанбек Саттаров әр күні жұмысқа шығар алдында отбасы үшін уайымдайтынын айтты.

” Себебі, кезекшілікті қабылдап, постқа келген кезде мені не күтіп тұратынын білмеймін. Посттан көліктер өтіп жатыр. Әрқайсысын тексеріп жатамыз. Осындай жұмыс барысында ауру жұқтырып алудан емес, инфекцияны отбасыма тасымалдап апарудан қауіптенемін.

Нысанбек Саттарбеков


Қолымда анам, жанымда жұбайым бар. Екі баланың әкесімін. 13 жастағы қызым, 12 жастағы ұлым бар. Әсіресе, қызым мен кезекшілікке келген сайын күніне қайта-қайта қоңырау шалып, жағдайымды сұрап отырады.


Әрине, қазір ешкімге оңай емес. Бірақ, әлемде болып жатырған қиын жағдайларға қарап отырып, мемлекетіміздің тиімді шараларды шын мәнінде жедел қабылдағанын көреміз. Себебі, АҚШ, Италия сияқты алып елдер қауіпті індеттен қаншама адамын жоғалтып жатыр.
Вирус жайылып кетпеу үшін де, карантин талаптарымен бірге, гигиена сақтағанымыз дұрыс.


Мысалы, мен өзім он екі сағаттық кезекшілікті тапсырғаннан кейін, үйге кірерде сақтық шараларын жасаймын. Жолдасым есік алдынан күтіп алып, сырт киімді кіреберісте қабылдап алады. Әбден жуынып-шайынғаннан кейін қызымды құшақтап, маңдайынан иіскеймін. Анамның жанына барып, жағдайын сұраймын. Аман-есен екенімді көргенде, анамның көңілі жайланып қалады. Мұны не үшін айтып отырмын?


Кейде адамдар еш қажеттіліксіз көше кезіп кетіп жатады. Ал, үйде оны анасы, әкесі уайымдап отырады. Карантин талаптары деген кезде, осы жағына мән берсек екен деймін” дейді Атырау облысы полиция департаментінің төртінші рота командирі, полиция майоры Нысанбек Саттарбеков.


Карантин басталғалы бері Атыраудың Индерге шығар жолындағы Бесікті блок постында қызмет атқарып келе жатқан полиция майоры Нысанбек Саттарбеков инфекцияның таралып кетпеуі жолында алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген барлық әріптестерін атап өтуімізді сұрады.


Полиция құрамымен бірге, блок посттарда Қорғаныс министрлігі әскерилері мен санитарлық-эпидемиологиялық станса мамандары сапта жүр. Олардың әрқайсысы күн сайын өз өмірін қауіпке тігіп жүр.
Посттан транзиттік автокөліктер, азық-түлік тасымалдайтын көліктер, дәрі дәрмек тасымалдайтын көліктер ғана кедергісіз өтіп жатыр. Бірақ, қалаға кіретін және қаладан шығатын әр адам тыңғылықты тексеруден өтеді. Бір күнде посттан жүздің үстінде көлік өтеді. Бұл жерде мынаны түсінуіміз керек. Карантин талаптарын сақтау өз қауіпсіздігіміз үшін қажет.


Әрі бұл жағдай халықты біріктіре түсті деп ойлаймын. Өйткені, блок посттарға әлсін-әлсін түскі ас әкеліп таратып жүрген атыраулықтардың бізге деген құрметін, шынайы ықыласын сезініп жатырмыз.


Вирусты бірге жеңеміз! Бастысы, карантин талаптарын сақтайық” деді бізбен қоштасарында полиция майоры Нысанбек Саттарбеков.
Бүгінде Атырау – Астрахан – Қараөзек, Атырау – Орал – Алмалы, Атырау – Индер – Бесікті және Атырау – Доссор – Қарабатан бағыттарында төрт блок пост тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыс істеп жатыр.


Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған