«ҚАРАКӨЗ» – МҰҒАЛІМДЕР АНСАМБЛІ

Биыл еліміз тарихындағы елеулі кезеңге қадам бастық. Жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін көңіліне шуақ құятын асыл мұрамыз – Тәуелсіздікке 25 жыл толғалы отыр. Ел есінде мәңгі сақталар ұлы мерекені өз дәрежесінде ұлықтау, оның құндылығын биікке көтеру, қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына жеткізу – әр азаматтың парызы.

 

Осынау ұлы  мерекеге арнап  Сабыр Шәріпов атындағы Доссор мектеп-интернатының ұжымы да өз үлесін қосып, «Тәуелсіздік – тұғырым» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырды. 

Салтанатты шараның көркін мектептің оқытушы қыз-келіншектерінен  құрылған «Қаракөз» ансамблі одан сайын әрлендіре түсті. Ансамбль өткен жылы Гүлсім Көккөзованың қолқа салуымен құрылған еді. Ансамбльді құрып және оған жетекшілік еткен – Бүкілодақтық және халықаралық конкурстардың лауреаты, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Оразбай Райсов. Кешті «Қаракөз» ансамблі жерлес ақынымыз Аманкелді Жылқышиевтің сөзіне жазылған, Оразбай Райсовтың  «Доссорым – мұнайлы мекенім» атты әнімен ашты.

Бұдан кейін Ислам Байгісиевтің «Аққулар», Александр Новиковтың «Смуглянка» әндері қалықтады. Сондай-ақ, ансамбльдің репертуарында туған жер туралы әндер, жергілікті композиторлардың әндері шырқалды.

Кеш соңында сөз алған мектеп директоры Бақтыгүл Бұйрашева ансамбльге шығармашылық табыстар тілеп, ақ тілегін білдірді.

Күләш Нұрғалиева, Доссор мектеп интернатының мұғалімі,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз