ҚАНАТБАЕВТАР – «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ДИПЛОМАНТТАРЫ

«Келіні жақсының керегесі алтын» қағидасын ұстанған Қанатбаевтар отбасы республикалық «Мерейлі отбасы» сайысына қатысып, дипломант атанып қайтты. Оларды   әуежайда облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері қарсы алды.  Жеңіс Қанатбаевтың отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында  оза шауып, бас жүлдені иеленген болатын.

 

Атадан балаға мұнайшы мамандығын мирас қылған мұнайшы әулетінің төртінші буыны Мақат ауданының Доссор кентінде тұрады. Әулеттің мұнай саласындағы еңбек өтілі – 503 жыл. 

–  Отбасының берекелі болмағы, отағасы мен отананың ақыл-парасатына байланысты. Ұлттық «Мерейлі отбасы» шарасының үлгілі отбасыларды өскелең ұрпаққа үлгі етуде маңызы зор. Бас жүлдені маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы қанжығаларына байлады. Жоғары деңгейде өткен сайыс барысында еліміздің 14 облысынан келген берекелі отбасылармен танысып, достасып та алдық, – дейді Жеңіс Қанатбаев.  Ал, «білікті маман болу үшін де, ең алдымен, үйде үлгілі ата-ана болу керек» деп санайтын Маржан Дәулетова – алты бала тәрбиелеген «Күміс алқа» иегері.

Жеңіс пен Маржан Қанатбаевтар  – отбасында балаларға ақылшы, 13 немересі мен шөбересінің аяулы ата-әжесі. Оларды білімге, әдептілікке, адамгершілікке, адалдыққа, бірлікке баулып келеді.  Балалары заман талабына сай жоғары білім алып, бүгінгі күні әр салада қызмет етуде, өз ортасына сыйлы азаматтар.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз