КАМЕРАЛАР ІСТЕН ШЫҚҚАН

бұл  қылмысты  анықтауға  кедергі  болып  отыр

Бюджеттен бөлінген қаржы бүгінгі күннің қордаланған мәселелерін  шешуге тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл жөнінде Атырау облыстық мәслихатының «Заңдылықты сақтау, құқық тәртібі және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның» кезекті отырысында айтылды.

 

Күн тәртібінде жасы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы шаралар және жергілікті бюджеттен ішкі істер департаментіне жалпы материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген қаржының игерілуі қаралды.

Бұл жөнінде мәлімдеген облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Демегеновтің айтуынша, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 210 жасөспірім жеткізілсе, оның ішінде 117-сінің құжаты олардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданды. Бұл профилактикалық шаралар нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 48 пайызға төмендеген.

Айта кетерлігі, аймақта жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері алаңдатады. Биыл 22 суицид орын алса, оның сегізі аяқталған. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіштің саны біреу болатын. Биыл он айдың ішінде мұндай сұмдықтың орын алуына не себеп? Бұл сұрақтың шешімін талқыға салған облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Талғат Мұқатанов баяндамада қылмыстың санына емес, себебіне үңілу қажеттігін баса айтты.

– Биыл 59 жасөспірім қылмыс жасаған болса, олар қандай категориядағы отбасынан шыққан, оларды қылмысқа итермелеген не нәрсе? Оның алдын алу үшін не істелуде? Біз осы бағыттағы нақты жұмысты көре алмай отырмыз, – деді М.Мұқатанов.

Ал, ішкі істер департаментіне жалпы материалдық-техникалық базасын жақсартуға биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. 43 млн. теңге қаржы бөлінген. Департаменттің тылдық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Демеген Бекімовтің айтуынша, бөлінген қаржы департамент қажеттіліктеріне қарай мақсатты игеріліп жатқаны белгілі болды. Алайда, бүгінгі күнгі қордаланған мәселенің бастысы – қылмысты ашуда шаһар орталығындағы бейнекамералардың істен шығуы. Ал, бұл ретте бюджеттен бөлінген қаржы есебінен камераларды жөндеу жұмыстары қаралмаған. Мәселені алға тартқан Талғат Базарбайұлы: «Әрбір камера жұмыс жасап тұрса, қылмыстар уақытылы ашылып, заң бұзушылық азаяр еді. Осы орайда жергілікті бюджетті жоспарлағанда, ең алдымен, басты мәселелерге ден қою керек. Бұл қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын талап етеді» деді жиынды қорытындылаған сөзінде.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз