«Қайдасың, немере қыздарым?!»

 Кенжеғали Өмірғалиев 1955 жылдың маусымында Индер ауданының Өрлік селосында дүниеге келді. Сол қолы саусақтарының туабітті қысқалығына қарамастан жастайынан домбырада ойнап үйренеді. Осындай өнері арқасында Елтай ауылдық автоклубының меңгерушісі болады. Еті тірі, пысық жігіт бар-жоғы он жеті жасында үйленіп алады. Бірақ, өмірлік тәжірибесі аз, отбасы қадірін жете түсініп білмеген ол қалай тез үйленсе, солай тез ажырасып кетеді. Ерлі-зайыптылар бөлектенгенде, арадағы екі ұлдың үлкені әкесімен қалады да, кішісі анасымен кетеді.

  Кішкене ұлын әжесінің тәрбиесіне тастаған Кенжеғали қалаға келеді, тағы да үйленеді. Түрлі себеппен қиын жағдайларға тап болады. Ақыры бас бостандығынан айырылып, бірнеше жылға сотталады. Жазасын өтеп келгеннен кейін оның жұмысқа орналасуы тіпті қиындай түседі. Ақыры күнелтіс үшін ол біреулердің малын бағуға жалданып, күнделікті нәпақасын табады. Бойында сан түрлі аурудың жиынтығы бар Кенжеғали неврологиялық дерттен зардап шегіп, мидағы қан айналу жағдайының бұзылуынан екі рет инсульт алады. Дәрігерлерге тұрақты қаралып, есепке тұрмағандықтан оның мүгедектігі де жоқ. Өмірінде кездескен түрлі қиындықтарға орай ол облыстағы бейімдеу орталығында да тұрады.

  Ал, жуырда алпыстан асқан Кенжеғали біздің редакциямызға келіп, өзінің бұйымтайымен бөлісті. Басқаша айтқанда, газеттен көмек сұрады. Оның үлкен бала-келінінен екі немере қыз қалған екен. Есімдері – Рыскүл мен Амангүл. Ата-аналары өмірден өткен соң олар нағашы әжелері Зәурештің бағымында болған. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, қазіргі күнде екі қыз да бойжетіп, бір-бір шаңыраққа келін болған. Кенжеғали қоштасарда: – Өзімді өзім тежей алмайтын ауру салдарынан талай қателікке бой алдырдым. Қызуқанды болдым. Енді қарасам, өмірімнің көбі өтіп, азы қалыпты. Қазіргі басты арманым – қос немере қызымды көріп, бауырыма басу. Сіздер осыған мүмкіндік жасап, мен туралы жазсаңыздар, бәлкім, қыздарым хабарласар… – деді көңілі босап. Өзінің өтініші бойынша біз оның ұялы телефонын жазып алып қалдық. Кенжеақаңның телефон нөмірін онымен байланысқысы келетін ағайын-туыстары мен немере қыздарының редакциядан алуларына әбден болады.

Тегімді білсем деп едім…

  Менің атам Құдайберген шамамен 1887 жылдары 12 жасар кезінде анасына еріп, Ақтөбенің Қобда ауданынан Қарақалпақстанның Шымбай қаласына көшеді. Ол жерден атамның әкесі Алламберген, аталары Бектұрған, Бектұрсын, Алтынбек өз отбасыларымен батысқа қарай ауады. Шымбайға келген соң атам діни оқу оқиды. Себебі, оның ата-бабалары да осы жолдағы адамдар болатын. Оқуын бітірген атам сонда мешіт тұрғызады, бала оқытады. Естуімше, жуырда сол мешіт жөндеуден өтіпті. Менің әкем Абдолла Құдайбергенов 1910 жылы дүниеге келген. Заң орындарында қызмет істегендіктен оны «ата-бабаң бай болған, молда болған» деп, үнемі қудалаумен жүрген. Сол себептен әкеміз бізге «Кердеріміз» дегеннен басқа ештеңе айтпаған. Енді, міне, жасым жетпіске келгенде, балаларым мен немерелеріме жеті атамызды жіктеп, айтып бере алатын емеспін. «Үмітсіз – шайтан» дегендей, бәлкім, бірі болмаса, бірі аталарымды танып қалар деген үмітпен өздеріңізге хат жазып отырмын, қадірлі атыраулықтар!

  Менің мекен-жайым: Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш селосы. Байланыс тел.: 8 727 70 44 109, ұялы: 8 702 13050 52, 8 771 345 39 46, e-mail: abdazi@mail.ru.

Әзірбай АБДОЛЛАЕВ, Алматы облысының тұрғыны.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз