Кәсіпкерлер қолдауды сезінеді

73661943 Жаңалықтар

Осыдан төрт жыл бұрын күнтізбелік мереке қатарында Тұңғыш Президент күні тойлана бастады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылға түсуі жолындағы жұмыстардың басымы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Бүгінгі жетістігіміздің бәрі Ұлт Көшбасшысының еңбегімен ұштасқан дүниелер екені даусыз.

73661943

Жиырма бес жылда Елбасының жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Алдымен – экономика, сонан соң саясат қағидаты арқасында көпшілік қазақстандықтың тұрмыс жағдайы жақсарды. Қазақстанда индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды.

Тоқсаныншы жылдары кәсіп ашуға деген жұртшылықтың ықыласы зор болғанымен, оларға қолдау болмады. Әркім өзінше, тырысып, әліне қарай шаруасын дөңгелентіп бақты. Ал, қазіргі күні бәрі басқаша. Қолдау бар, мүмкіндік көп. Әсіресе, кіші және орта бизнесті ашуға ниетті тұлғаларға барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Бұрын мақсаты зор, қаржысы жоқ азаматтар көп еді. Қазір аталған қор арқылы несие алуға да мүмкіндік туды.

Елбасымыз жыл сайын әр өңірдің кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың пікір-ұсыныстарына құлақ асып тұрады әрі қолдап отыр. Мәселен, кеденнен өткен кездегі бұрынғы  толассыз тексерістер қазір шешімін тапты. Жаңа жұмыс орнын ашушыға құжаттарды да оңтайлы етіп берді. Міне, бүгінгі күні, өңірімізде ірілі-ұсақты кәсіп ашып, өзіне, әрі өзгеге қызмет етіп, мыңдаған азаматтарды жұмысқа алушылар қатары көбейгені Елбасы саясатының дұрыс жүргізілуі деп білемін. Бүгінгі күні жұмыссыздар саны азайды. Тағы жиырма бес жылда  еліміз бұдан  да үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне кәміл сенемін.

Әлия БЕКҚОЖИЕВА,     

«Облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз