Кәсіпкерден – кәдесый

Screenshot 8 Жаңалықтар

Атыраулық кәсіпкерлер дайындаған сувенирлік бұйымдар мен ұлттық киімдер топтамасы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық кезеңіне жол тартты. Олардың бәрі де толықтай жергілікті материалдан дайындалған.

Screenshot_8

Солардың бірі – 2003 жылдан бері тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқан «Эталон» жарнама агенттігі. Бұл өңірдегі алғашқы отандық кәсіпорындар қатарынан саналады. Осы уақыт ішінде көрсетілетін қызмет аясы кеңейіп, құрал-жабдықтары  жаңғыртылып, өнім сапасы  артқан. Есесіне, халықтың зор сеніміне ие болды.

Біздің агенттік «Самұрық-Қазына» холдингінің тұрақты серіктесіне айналды. Мұнда өнімнің 300 түрі өндіріліп, жыл сайын қырық жаңа түрі шығарылады. Бастысы – бағасы қолжетімді, сапасы жоғары. Сондықтан, әлемдік нарықта еркін бәсекеге түсе алады, – дейді аталған кәсіпорын директоры Асқар Саппаев.

Байқаудың облыстық кезеңінен сүрінбей өткен кәсіпкердің енді республикалық байрақтан да үміті зор. Ол 2012 жылы заманауи «Xerox® iGen4™ 110» құралын сатып алған. Инновация игілігі жұмысты жеңілдетіп, сапалы сувенир дайындауға септігін тигізіпті. Шеберлер ағаш пен органикалық әйнектен немесе тапсырыс берілген материалдан бұйым жасай алады. Әрқайсысы талғамға сай жеке дизайн үлгісімен дайындалады.

Бұдан бөлек, байқауда Атыраудан тағы сегіз үміткер бақ сынамақ. Олардың қатарында ұлттық нақышта киім тігетін Айсұлу Оразбаева да бар. Ол халыққа авторлық киім үлгілерін ұсынады. Әсіресе, ерлер мен әйелдерге арналған кешкі, күнделікті және кеңсе көйлектеріне сұраныс жоғары.

– Осы конкурсқа қатысу үшін мен арнайы несие рәсімдеп, жапондық «Tajima» компаниясының тігін машинасын сатып алдым. Оған қоса, бағалы бағдарламасы тағы бар. Қазір аталған мекеме өкілдері тігіншілеріме жұмыс жасау тәсілін үйретуде. Жаңа құрылғы іске қосылғаннан кейін жеке логотиппен бұйым шығарғым келеді. Алдағы уақытта шеберлерімді Жапония мен Түркияға, сондай-ақ, Мәскеу, Душанбе қалаларына тәжірибе жинақтауға жіберуді ойластырып отырмын. Қалай  болғанда да, бизнестің кілті білімде екенін естен шығармаған жөн, – дейді ол.

Бұл кәсіпкер кәсібін сонау тоқсаныншы тоқырау жылдары бастаған. Алдымен, перде дайындағанын айтады. Сол кезде қаражат көзі де тапшы ғой. Қателікке жол беріліп, материал бүлінсе, бәрі бітті дей беріңіз. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақыл сөз тура осыған орай айтылғандай.

– Бизнесте бірқатар принциптерді ұстанамын. Қалың көпшілік үшін тауар шығару – басты мақсат. Қиын жұмыс қолмен жасалса да, бағасы қолжетімді. Өйткені, тұтынушылардың қалауы бәрінен жоғары. Ұлттық мәдениетті дәріптеуге зор маңыз беремін. Қазақ киімін жаһанға жария еткім келеді, – дейді Айсұлу.

Осыдан екі жыл бұрын ол «Айсұлу»  сауда маркасымен әйелдердің киім топтамасын дайындап шығарды. Кейін ассортимент басқа да сөмке, бас киім, кәдесыйлармен толықты.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз