Көпір неге құлады?

20161123 121519 Жаңалықтар

ЕХРО қалашығындағы көпірдің құлауына жобалау кезінде жіберілген кемшіліктер себеп болған. Бұл туралы бізге «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті хабарлады.

20161123_121519

«Компанияның Басқарма төрағасының орынбасары В.Лютовтың жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Құрамына «КазНИИСА» мен «КазМИР» компаниялары тарапынан тәуелсіз сарапшылар тартылды. Құрылыс жұмысына пайдаланылған материалдардың сараптамасы жасалды. Декоративті мәнге ие конструкцияның құрылысы мен жобалық жұмыстары зерттелді.  Нәтижесінде комиссия «конструкцияның құлауына жобалық кемшіліктер себеп болды» деген шешімге келді» делінген баспасөз хабарламасында.

Жобалау жұмыстарымен субмердігер компания «ЭМК» ЖШС айналысқан екен. Енді, құрылыс алаңындағы төтенше жағдайдан соң,  конструкцияның барлық шығынын бас мердігер «BI GROUP» пен жобалаушы компания көтереді.

ЕХРО қалашығында декоративті мәнге ие сегіз конструкция бар. «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының басшылығы, 16 қараша күнгі төтенше жағдайдан кейін, олардың барлығы мұқият тексерістен өткенін айтады. Тексеріс кезінде ақаулар анықталмаған. Десе де, олар «конструкцияларды күшейту бағытында қосымша жұмыстар жасалуда» деп сендіріп отыр.

Айта кетелік, 16 қараша күні ЕХРО қалашығындағы С1 және С2 павильондарының арасындағы декоративтік конструкция құлады. Іле-шала мәлімдеме жасаған «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының басшылығы «құрылым ешқандай функционалдық қызмет атқармайды. Қосылған павильондарға зиян келген жоқ» деп хабарлаған еді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз