Ислам елдері айтарлықтай модернизациядан өтуі тиіс

6 Жаңалықтар

Atr.kz/30 қараша, 2019 жыл. Жаһандану дәуірінде қазір барлық ұлттардың алдында тарихи тамырдан ажырамай, бәсекеге қабілетті болу міндеті тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өміршеңдік сипатқа ие болуының құпиясы да осында. Ықылым заманнан өзін мұсылман санаған халқымыздың алдында қазір исламды тану міндеті тұр.

Бүгінде ислам елдерінің дені экономикалық жағынан әлсіз мемлекеттердің қатарын толықтырды. Бұл мәселені кезінде Ислам ынтымақтастық ұйымының форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көтерген болатын. Асылында, ислам діні әруақтарға құран бағыштау, жаназа шығару, ас беру сияқты тұрмыстық шеңбердегі ритуалдармен ғана шектелмейді … Исламның жер бетіне таралуындағы негізгі міндеті қандай еді?
Ұстаз, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлынан біз осы мәселелер төңірегінде пікір білдіруін сұрадық. Дін маманының пікірінше, мұсылман елдері айтарлықтай модернизациядан өтуі тиіс.
«Ислам мұсылман қауымының ғана емес, бүкіл адамзаттың соңғы иләһи діні. Ол ғалам атаулының дара иесі ретінде Алла Тағалаға бас иіп, соңғы Елшісіне (с.ғ.с) құлақ салдыру арқылы, Адам ата мен Хауа анадан таралған күллі адамзатты бауырластық құшағына тартады.
Жер бетінде бейбітшілік пен тыныштық орнату. Исламның мәні осында жатыр. Адамзат көшін дұрыс бағытқа бұруда, адамдық қасиеттерден ажырамай ғұмыр кешуде, өмірдің ақиқаты мен шындығын тануда ислам тағылымдарының берері мол. Сол себепті, исламға ритуалдар тұрғысынан қарасақ, діннің мұраты толық ашылмайды. Бұл жерде кең көзқарас керек. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуын діннің өзімен байланысты деп санайды. Бұл ақиқаттан мүлде алыс тұжырым» дейді спикер.

7
Алтынбек Ұтысханұлы


Оның айтуынша, Орта Азия жеріне келген Ислам діні – түркі халықтарының жаңаша рухани өрлеуіне жол ашты. Ортағасырлық мәдениетіміз бен әдебиетімізге ислам айшықты із қалдырды. «Мәселен, түркі ойшылдары шығармашылық ізденістерінде ұлттық негіздермен қатар, ислам құндылықтарына да иек артып отырды. Ортағасырлық қазақ жеріндегі Отырар, Кердер, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жент, Баласағұн, Сайрам (Исфиджаб), Тараз, Меркі сынды мәдениет пен ғылым ордалары бұқараға бағыт-бағдар сілтеді.
Осы жерде ортағасырларда шыққан Әл-Фараби мұраларын, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы), Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» (Ақыл кітабы), Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих и Рашиди», «Жаһан наме», Ахмед Иүгінекидің «Хибатул-хақаиқ» (Ақиқат сыйы), Сүлеймен Бақырғанидың «Бақырғани кітабы» еңбектерін мақтанышпен атап өту парыз.
Еске түсірейікші, екінші ұстаз ретінде әлем мойындаған «Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Философияның дінге қатысы» атты еңбегін қалай бастаған еді? «Мейірімді, мейірман Алла үшін…» деген сөздермен. Неге? Себебі, күллі жаратылыс иесі Алла. Құран сөздерін логикалық тұрғыда пайымдаған ғұлама дүниедегінің бәрі түсіндірілуі тиіс екендігін және дүниедегінің бәрін түсіндіруге болатынын көрсетеді.
Яғни, түйін бір. Ислам өркениеттің, құндылықтардың діні» дейді ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.
Ендігі міндет қандай болуы керек? Бір кездері Еуропаға өркениетті алып барған ислам ғұламалары салған жолдан үзілген жіпті қалай жалғауға болады? Ұстаз Алтынбек Ұтысханұлының пікірінше, мұсылмандар Алла Тағаланы білім, ғылым арқылы тануға тырысуы тиіс. Сонда барып иман еліктеумен шектелмей, шынайы тақхиқи иман дәрежесіне ұласады. Бүгінгі күні жасалуы керек маңызды істің бірі осы.
«Яғни, жастарға жаратылыс пәндерін оқытып, оған діндегі имандылық пен тәрбиелікті ұштастыра білу.
Діннен хабарсыз болу адамды сауатсыз дүмше етсе, дінде тым оғаштықтарға, әсіреліктерге барудың соңы – көзсіз фанатизм. Осы себепті дінді дұрыс пайымдаған жағдайда, ол адамға ғылымның да есігін ашады. Өйткені, ислам білімді кісінің дәрежесін әрдайым жоғары қояды.
Қасиетті Құран аяты білімділер мен білімсіздердің тең бола алмайтынын назарға ұсынады. Бүгін кейбір мұсылман ғалымдар миға ғылым, жүрекке руханият, имандылық керектігін айтып, осы бағытта қатар жұмыс істеу керектігін түсіндіруде. Алаш зиялылары да өз заманында мұсылман жұртына білімді болу үшін оқу, бай болу үшін кәсіп, ауызбіршілікте болу үшін ынтымақ керектігін дәріптеуден жалықпаған. Осы себепті діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы жоғалған байланысты ғылымға жаңаша көзқараспен қарау арқылы, сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру ісін жұмыла қолға алу арқылы қайта жалғауға болады» дейді ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз