«Іскер ана» іскерлікке жол аша ма?

oaoaarpaparpa Жаңалықтар

Atr.kz/8 қараша, 2019 жыл. – Ел билігінің қазіргі ұстанған бағыты елдегі мұқтаж аналарға барынша жағдай жасау болып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек бар, жыл басынан бастап отбасының табысына қарамай балаларға төленетін жәрдемақы тағайындалғалы отыр. Аз көмек емес. Түрлі мамандыққа машықтандыратын тегін оқытулар және бар.

– Жуырда мен де осындай қолдаумен өмірге келген «Іскер ана» жобасы арқылы тігіншілік курсын оқып шықтым. Қазір шағын болса да күнделікті ас-суымызға жететін пайда әкеліп отырған кәсібім бар, – деп бастады әңгімесін оюлы құрақ көрпе тігіп-сатып, ісін дөңгелентіп отырған Айна Қабиева.

Тігіншілік саласының шебері болған ол инемен жастайынан дос болған. Тігін өнерінің барлығын өз қызығушылығымен үйренген. «Күміс алқа» иегері жолдасымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр.

– Отбасы баланы еңбекке баулу керек. Ата-анасы баласы болашақта табыссыз, жұмыссыз жүрмес үшін кәсіпке үйретуі, ісмерлікке тәрбиелеуі тиіс. Алты қызым – болашақ аналар. Өз жыртықтарын жамап киетіндей еңбекке, кәсіпке үйреніп шықса, ұяда көргенін ұшқанда іледі», – дейді.

Білімге ұмтылған үлкен қызы колледжде тегін оқып жатыр. Шәкіртақы алады. Кішісі сегіз айлық. Мемлекеттен балаларына жәрдемақы және «Күміс алқа» иегері ретінде әлеуметтік төлемдер алады екен. «Балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Осы ұстанымға сай мемлекет тарапынан көп балалы аналарды қолдауға арналған ірі бағдарламалар ашылып жатыр.

Мәселен, жоғарыда айтылған «Іскер ана» жобасын айтуға болады. Жобаны әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырушы Атырау облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігі төрайымы Мартагүл Қанатованың айтуынша, бағдарлама облыстағы көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, әлеуметтік аз қамтылған аналарды оқытуға, өз ісін ашуға, кеңейтуге бағытталған.

Көп балалы аналарға ақшалай көмек берумен қатар, олардың жеке кәсіппен айналысуларына мүмкіндік жасаудың маңызы зор. Бір реттік әлеуметтік көмекке қарағанда, бір өмір азық болатын білім алғаны – оларға үлкен қолдау. Аталған жоба аясында еңбек нарығында сұранысқа ие аспаз, тігінші, сән салоны шеберлері – шаштараз, бет әрлеуші (визаж), маникюр, есепші, кадр ісі, ағылшын тілі, массаж маманы, компьютерлік сауаттылық сияқты мамандықтарды меңгеріп шығады.

Сонымен бірге, екі апталық мерзімді қамтитын курсты тәмамдаған жоба қатысушыларына арнайы маман-тренерлермен кәсіпкерлік дағдыларын үйрететін мастер кластары жүргізіледі. Яғни, аз уақыттың ішінде тек білім алып қана қоймай, табыс табуға, кәсіп ашудың қырсырын үйреніп шығады.

– Жобаға облыстың 7 ауданынан аталмыш категорияға жататын 252 адамнан өтініш келіп түскен болатын. Қосымша, instagram, Facebook, Telegram желілері көмегімен жарнамалар жасау арқылы бұл жобаға шалғай ауылдардағы аналардың қамтылуына жағдайлар жасалды. Оқу курстары аудан орталықтарына мамандарды апарып және жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы жүзеге асырылуда.

Сертификат алған аналардан курс-ты аяқтағаннан кейін 10 күн ішінде алған біліктілігі бойынша ізденуі, тәжірибеден өтуі туралы бейнематериалды Instagram әлеуметтік желісіндегі ж е к е п а р а қ ш а с ы н д а #iskeranaatyrau хештегімен салып, осы жобаның Isker.ana ресми парақшасын белгілеу (тегтеу) арқылы кемінде үш жарияланым (пост) жасауы қажет. Фото, бейнетүсірілім арқылы баяндау да грант конкурсының басты талаптары ретінде қойылды.

Яғни, жоба қатысушыларымен кері байланыс тығыз орнатылып отыр,-дейді Мартагүл Қанатова. Жақсы оқыған, үздік деп танылған аналарға арнайы кішігірім гранттар қарастырылған екен. Ондағы мақсат – жұмысына қажетті құралдар сатып алып беру. Индер ауданындағы Есбол ауылының тұрғыны, көп балалы ана Самал Әренованың негізгі мамандығы – есепші. Кәмелет жасына толмаған төрт перзенті бар. Тұрмыс құрғалы қызметін тастап, үйде бала күтімімен отырған ол «Іскер ана» жобасы жайлы әлеуметтік желіден біліп келген.

«Бала күтімімен отырып қарайып қалмайын деп түрлі торт пісіру, әлеуметтік желімен жұмыс (СММ), рухани практика сынды тренингтерге ақылы түрде қатысып жүрдім. Осы алған біліміммен бөлісу мақсатында жергілікті әкімдікке барып көп балалы аналардың тізімі мен телефон нөмірлерін алдым.

Сөйтіп, алғаш рет 3-4 анаға торт пісіруден шеберлік сабағын (мастер-класс) өткізіп, топ құрдым. Ватсап желісінде чат ашып, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырдым. Өзімдегі жауапкершілікті сезініп, іздене бастадым. Осылай «Іскер ана» жобасы туралы естіп, өзіммен қоса бес ана болып оқып шықтық. Бесеуміз де грант иегері атандық» – деген ол үйренген істерінің нәтижесін көріп отырғанын қуана жеткізді.

Ғаламтордың, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланып отырған Самал кәсібін ұршықша иіріп келеді. Тек тәтті тағамдарға тапсырыс қабылдап қана қоймай, жарнамалар жасап та пайда табуда. Айтуынша, сұраныс та, тапсырыс та бар. Жаңа идея, тың жоспары өте көп. Кондитерлік цех ашып, кәсібін ұлғайтқысы келеді. Әрине, ел ағалары жалға арзан бағада орын бөлсе… онымен қоса, аналар клубын құрып, үйде отырған нәзікжандармен өзі оқыпүйренген білімімен бөлісуді де қолға алу жоспарында бар.

Ал, Әйгерім Адайбекова тырнақ әрлеушілікті кәсіпкерлік көзі деп ойламапты. «Ол мен үшін жай ғана қосымша дүние еді. Ал, мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан тегін курстар мен кәсіпкерлік туралы тренингтерден өзіме пайдалы ақпараттар алдым», – дейді ол. Жоба аясында грантты да ұтып, маникюрге керекті құрал-жабдықтары түгенделді.

Онымен қоса, классикалық массаж түрін де оқыған ол біліктілігін арттырып, массаждың өзге түрлерін де үйренуді жос-парлап отыр. Өйткені, сұраныс көп. Үкімет көп балалы аналарға қарайласпай отыр деп ауызды қу шөппен сүрткеніміз дұрыс болмас. Өйткені, алтын құрсақты аналарды қолдауға бағытталған мемлекеттік масштабта атқарылып жатқан саясат бірте-бірте жемісін беріп келеді. Соның жарқын үлгісі, жоғарыдағы көп балалы аналар – Айна, Самал, Әйгерімдер.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз