ІС БАСЫНДА – БАСТАУЫШ ҰЙЫМ

«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов пен аталған филиал мүшесі, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Диас Сұлтанов «Қазтрансойл» акционерлік қоғамы Батыс филиалындағы партияның бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесті.

 

Қ.Әзмұханов келтірген деректер бойынша, өткен жылы тек қалалық филиалдың өзінде 106 қоғамдық қабылдау өтіп, оған 1622 адам қатысса, соның 70 пайызының қойған мәселесі оң шешімін тауып, 30 пайызына заң талаптарына сай түсінік берілген. Нәтижесінде рейтингілік бағалау қорытындысымен республикалық 225 аумақтық филиал арасында Атырау қалалық филиалы бірінші орынға табан тіреді.

Айта кету керек, партия 2014 жылы әртүрлі әлеуметтік топтардың мәселелерін шешетін 12 жоба ұсынды. Партия қатарын іріктеу барысында қалалық филиалдың 12 339 мүшесінен 3850-і тәртіп бұзғаны үшін ұйым қатарынан шығарылды. Мемлекеттік бағдарламалар құжаттары да партияның қатаң бақылауында. Соңғы екі жылда партияның сайлауалды тұғырнамасы негізінде мәжіліс фракциясы  112 заң жобасын қабылдап, 93-і күшіне енді. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытында көбіне жергілікті жердегі бастауыш партия ұйымдары белсенділік танытып келеді. Сондықтан, биылғы белес бастауыш партия ұйымдарының жылы болып жарияланып отыр. Осыны айтқан филиал жетекшісі «Қазтрансойл» ұжымын да белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ, кез келген партия мүшесі еліміздің Парламент Мәжілісі, Сенаты, мәслихат депутаттығына  және басқа да өкілді билік органдарына сайлана алатынын да қаперге берді.

Амандық АБДОЛ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз