Ипотекалық қаржыландыру: талап пен тиімділік

Аймақ басшысының қаулысымен қарыз алушылардың ипотекалық тұрғын үй және ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландырудан бас тартуларға қатысты шағымдарын қарау жөніндегі комиссия құрылған болатын.

Комиссия құрамына Ұлттық Банктің Атырау филиалының, Атырау қаласы әкімдігінің, облыстық ішкі істер, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің, прокуратураның,  «Атырау-Ақпарат» ЖШС, облыс әкімі аппаратының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, қаржы басқармаларының өкілдері кіреді.

Айта кетсек, бұған дейін облыс басшысы орынбасарының төрағалық етуімен комиссияның 12 отырысы өткізілді. Оған екінші деңгейлі банктердің өкілдері мен шағымданушылар шақырылды. Басты мақсат – банктердің ипотекалық тұрғын үй және ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландырудан бас тартуларын  талқыға салып, қолданыстағы заңдылықтар мен бағдарлама талаптарына сәйкестігін  тексеру. комиссияның бұл жолғы кезекті отырысын облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева жүргізді.

Облыстық қаржы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, құрылғаннан бастап ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі аралығында түскен 97 шағым түссе, оның ішінде комиссия оның 35-іне қатысты банк шешімімен келіспеген. Ал,  61 арызға сәйкес банктің шешімін дұрыс деп тапқан. Сонымен қатар, бір арыз бойынша қосымша мәліметтер сұратылуына байланысты шешім уақытша тоқтатылған.

Атап айтсақ, екінші деңгейлі банктердің ішінде ең көп шағым түскен  «Казкоммерцбанк» АҚ, «АТФ» Банк» АҚ,  «БанкЦентркредит» АҚ болып табылады.

Комиссия отырыстарында қаралған шағымдар және бағдарлама негізінде қарызды қайта қаржыландыру жөнінде берілген ұсыныстар бойынша көп жағдайда банктер тарапынан оң шешім алынып, бүгінгі күнге аталған қарыздар қайта қаржыландырылыпты.

 

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз