Индерде жағажайда жалаң аяқ волейбол ойнауға болады

DSC 0022 1 Жаңалықтар

Индер ауданында халықаралық жастар және спорт күндеріне орай ауданда алғаш рет жағажай волейболы ұйымдыстырылды. Осындай игілікті шараны өткізуге аудандық жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанаты мен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі және «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мұрындық болды. Бұл жағажай волейболы турниріне индерборлық жастармен бірге көршілес Аққала ауылының жастарыда қатысты.

DSC_0022 (1)

Алты команда сайысқан додада «Индер құрамасы», «Аққала жастары», «Екі мыңдар» командалары ақтық сынға шығып, жеңіс үшін бәсекеге түсті. Жалаңаяғымен толарсақтан құм кешкен спортшылар ойын көрігін біразға дейін қыздырды. Алайда аққалалық волейболшы жігіттер жарыс соңына дейін жанқиярлықпен сайысқа түскенімен, индерліктер айласын асырып кетті. Нәтижесінде «Индер құрамасы» жеңімпаз атанса, «Аққала жастары» екінші, «Екі мыңдар» командасы үшінші орындарды иеленді.

– Әрине осы шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насиxаттау болып табылады. Сондай-ақ жағалауға демалуға келген әрбір демалушыға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Демалушылар бұрын тек жаға басында суға шомылатын болса, енді оларға арнайы ауданның бір топ белсенді жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары дайындаған жағажай волейбол алаңында доп лақтырып, уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бар. Әрине бұл алаңның құрылысына қолдау білдіріп, демеушілік танытқан аудан әкімі мен Индербор кенті әкімшілігіне, жергілікті кәсіпкер ағаларымызға, сонымен қатар арнаулы мекемелерге үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді жарысты ұйымдастырушылардың бірі, «Жасыл ел» еңбек жасағының аудан бойынша жауапты маманы Рафхат Жұмабай.

Айта кетейік, жағажай волейболы суға шомылу маусымы аяқталғанша жұмыс жасайды.

Диас АЙБАРОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз