Индер ауданында өнеркәсіп кешені іске қосылады

ANU 9267 Жаңалықтар

Орналасқан жері Менделеев кестесіндегі барлық элементтерге бай Индер ауданында шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірқатар индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында косметикалық өнім шығару мақсатында лаванда және ет өндірісі бағытында канадалық бизон өсіруді қолға алу да бар. Мың гектар жерге лаванда өсіріліп, бал аралары әкелінеді. Өсімдік Францияда парфюм өндірісімен айналысатын компанияларға сатылмақ. Ал, бизон етіне Еуропа елдерінің сұранысы жоғары екен.

ANU_9289(1)

Франциялық «Issmat investment&finance» компаниясы Атырау облысында жүзеге асырылатын жобаларға 300 миллион доллардай инвестиция құюға келісімін берген. Аталған мекемемен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға өткен жылдың қыркүйегінде «AtyrauInvest-2016» халықаралық форумында қол қойылған болатын.

Астана күні қарсаңында аймақта бұрын-соңды жүзеге асырылмаған жарқын жобалардың іргетасына капсула қалау рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен аудан әкімі Серік Арыстан қатысты.

ANU_9267

 

– Сөз жоқ, Индерде межеленіп отырған міндеттер толығымен орындалса, республикада баламасы жоқ байлыққа жол ашылайын деп тұр, – деді Әлібек Нәутиев  тұсаукесер рәсімінде. – Инвестиция үш жылда игеріледі деп күтілуде. Алдымен,  20 мың жаңа жұмыс орынын ашуға мүмкіндік туады. Екіншіден, салық түсімі молая түсері анық. Осыдан үш жыл бұрын Индердің табиғат байлығына тамсанған шетелдіктерді бұрынғы облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы қабылдап, қолдау білдірген болатын. Сол дәстүрді енді қазіргі аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы сәтті жалғастыруда.

Ал, алыс ауылдарға жаңа технологияларды енгізбей, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкін еместігін қадап айтқан аудан әкімі Серік Арыстан:

– Болашақтың іргесі бүгіннен қалануда. Еліміз жеткен жетістіктер Елбасының сарабдал саясатымен тікелей байланысты. Оған оның «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымы куә. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Президент елімізге шетелдік кәсіпкерлерді шақырып, көптеген келіссөздер жүргізді. Соның бір көрінісі – шетелдік инвесторлардың мемлекет қазынасына қаржы құюы, – деді.

ANU_9298

Сондай-ақ, осы қатарда аудан аумағында қолға алынатын жобалар қатарында гибридті күн сәулесінен қуат алатын электр стансасы, жылыжай, голштин тұқымдас 2000 сиырға лайықталған тауарлы сүт фермасы, қоқыс өңдеу зауытын салу, бекіре тұқымдас балық өсіру де бар. Жылыжайдың шатырына және 200 гектар жерге күн панельдері орнатылады. Күн электр стансасы 80 МВт тоқ береді. «BIO» халықаралық стандартымен жылына 20 мың тонна көкөніс өндірілмек. Оның 10 МВт-ы ғана жылыжайға пайдаланылып, қалғаны халық қажеттілігіне жұмсалатын болады. Оған қоса, жылына екі мың тонна арқан балық өндіру жолға қойылмақ. Бұл жұмыстар бүгінде басталып кетті.

Соңғысына келсек, құрылыс жұмыстары 1,5 мың тонна балық өсірілетін аквақұрылымды еуропалық технологиямен  жүргізіледі. Сондай-ақ, инвестор компания жергілікті зауыттармен балық тұқымдарын алу үшін серіктес болуға да мүдделі. Сайып келгенде, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін лизингтік орталық ашу да жоспарда бар. Жобалардың жалпы құны 234 миллион АҚШ доллорын құрайды. Инвестор ретінде бес елден он компания тартылып отыр. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері де бар.  Солардың бір өкілі Саид Мессади инвестициялық жобалар Қазақстан нарығы үшін қандай қажетті болса, инвесторлар үшін де сондай маңызды екендігін айтады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз