«Иманғали» орталық мешітінде жас жамағаттар арасында «Құран жарыс» өтті

Сайыс2 Жаңалықтар

12-24 жас аралығындағы мешіт шәкірттері қатысқан сайыстың өтуіне Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы да мұрындық болды. V облыстық «Құран жарысының» биылғы шарасын ҚМДБ орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Мансұров ашып, жамағатты Рамазан айымен құттықтады.

Сайыс2

– Айлардың сұлтаны, мың айдан да қадірлі Рамазанда  Құран оқу қайырлы құлшылықтардың қатарынан саналады. «Сендердің жақсыларың – Құран үйреніп және оны өзгеге үйреткендерің» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сай амал етіп, Құранды оқумен қатар, жаттауға ықылас білдіріп жүрген өскелең ұрпақтың жыл санап көбейіп келе жатқаны бізді қуантады»  деді өкіл имам.

Ақпараттық-талдау орталығының дінтанушы мамандары Батырбек Убаев, Мейіржан Құлсымақов және мешіт ұстаздары, түркиялық Хусейн Кая, арабиялық Абдулазиз Зайд Абдулазиз Ахметтер қазылық еткен сайыс екі аталым бойынша өтті. Біріншісі – Құранның ең соңғы 30-парасын жатқа айту, екіншісі – қатысушының еркі бойынша жаттаған сүрені көркем оқу. Алғашқы аталым бойынша 24 үміткер бақ сынаса, екіншісіне  12 шәкірт қатысты.

Сайыс

Сайыс қорытындысы бойынша доданың бас жүлдесі құрман-ғазылық Нұржан Оразбековке беріліп, ол Кіші қажылық (Умра) жолдамасына ие болды. Ал, Мақат ауданы атынан қа-тысқан Серік Орынбасаров жүлделі І орынды (100 мың теңге) иеленді. Құрманғазылық Айдарбек Қабдоллаев ІІ орынды (50 мың теңге) иеленсе, Нұрайбек Жәнібековке ІІІ орын (30 мың теңге) бұйырды.

Құранды көркем оқу сайысының қорытындысы бойынша Саламат Иманғалиев жеңіске жетсе, Әлижан Берден мен Дияр Нұрсұлтанов кейінгі орындарды бөлісті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз