Иесіз жүрген ит тұрғындарға қауіп келтіріп тұр

иесіз жүрген ит Жаңалықтар

Жуырда әлеуметтік желілерде бір баланың түрлі дене жарақатымен Атырау облыстық балалар ауруханасына түскені туралы хабарлама тарады. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша,  Еркінқала ауылдық округінде жеті жасар баланы иесіз иттер талап тастаған.

%d0%b8%d0%b5%d1%81%d1%96%d0%b7-%d0%b6%d2%af%d1%80%d0%b3%d0%b5%d0%bd-%d0%b8%d1%82

Көше кезген иесіз иттерді жою жұмыстары қалай жүргізілуде? Біз осы мәселе бойынша бірнеше маманмен тілдескен едік.

Сіз не дейсіз

Тұрғындар қауіпсіздігі –  басты назарда

Амантай АЙТБАЕВ,

Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

– Өткен жылы иесіз жүрген иттер мен мысықтар жарақат салған 1494 дерек тіркелді. Олардың басым бөлігі қаңғыбас иттерден болып отыр. Осыған орай облыс орталығы бойынша 9 382 бұралқы ит жойылды. Өкінішке орай, мұндай жағдай атыраулықтардың бағымдағы хайуандарына немқұрайлы қарауынан туындауда. Оның соңы оқыс оқиғаға ұрындырып жатады.

Сабақ алмау сан соқтырады

Асхат ҚАБЕСОВ,

«Атырау қалалық ветеринариялық станциясы» КМК директоры:

– Қаңтар айының басында  Еркінқалада – 150, Жұмыскер ауылдық округінде – 20, барлығы 170 қаңғыбас ит ауланып отыр. Бұл шараға бюджеттен 27 млн. теңге бөлінген. 2015 жылы бекітілген мал ұстау ережесі бойынша итті түнгі сағат 12-ден бастап таңғы 6-ға дейін көшеде, шарбақта байлаусыз жіберуге тыйым салынады. Бос кеткен жағдайда ол ескертусіз жойылады.

Қазіргі күні бұралқы иттерді аулау, жою жұмыстарына 5 аңшы тартылған, тағы да қосымша осындай бес маман іздестіріп жатырмыз. Қауіпсіздік үшін қала ішінде отсыз қару қолданылады. Аңшылардың «дротик» қаруы оқ-дәрімен толықтай қамтылған.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ит қабу деректері тым көбейіп кетті. Осындай оқиға кездескен кезде біз жағдайды он күн бойы бақылап, жұқпалы ауруларға қарсы екпелері жөнінде мағлұмат аламыз. Былтырдан бері сегіз мың бас егіліп, қаралған. Әр округ бойынша жасалған нақты жоспарлар бар. Мәселен, 3-4 күн бойы Еркінқала ауылдық округіндегі бұралқы иттер жойылса, енді аңшылар Геологтан Бесікті елді мекеніне дейінгі аумақты аралап жүр. Бұдан кейін шаралар Алғабас, Кеңөзек ауылдық округінде жалғасады.

«Сақтансаң, сақтармын…»

Асхат БИСЕНҒАЛИЕВ,

 Атырау облыстық ауруханасы зақым-жарақат бекетінің меңгерушісі:

–  Былтыр біздің бөлімшеге жануарлардан зардап шеккен 506 науқас түсті, соның 248-і қаңғыбас ит қабу фактісі болып отыр. 166 жағдай үй бағымындағы ит талаудан, 23-і қаңғыбас мысық тістеген болып шықты.

Науқас түскен бойда жарасын антисептикалық дәрімен тазалап, құтыру ауруына қарсы егу шарасын жүргіземіз. Қалған күндері де вакцина емханаларда салынады. Қаңтар айынан бастап бізге келгендердің дені тышқан тістеу көбейгенін айтып, шағымдануда. Қалай болған күнде де  тұрғындар сақ болғаны абзал.

Тағы бір атап айтар жайт, үй иесі күтіміндегі әрбір итті тіркеп, ветеринарлық емханада егу шараларын жүргізуі қажет. Талап орындалмаған жағдайда иесіне 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, былтыр 311 әкімшілік хаттама толтырылса, оның 282-іне ескерту берілген, 29-ы 374 мың теңге  айып төлеген.  Биылдың өзінде үш адамға айыппұл салынды.

Р. S. «Ит – жеті қазынаның бірі» дейтін қазақ ежелден оны жанына серік еткен. Алайда, бүгінде иесіз кеткен бұралқы ит тұрғындарды талап, айналасына қатер төндіруде. Қаңтардың 6-сы күні орын алған оқыс оқиға осы сөзімізге дәлел болса керек. Сала мамандарының айтуынша, қаңғыбас иттердің көзін жою жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бірақ, осындай жағдай оқиға болған кезде ғана жандана түсетіні өкінішті…

Айбөпе Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз